Туризм және спорт министрлігі Қазақстаннан апта сайын 581 тікелей халықаралық рейс орындалатынын және әуе компаниялары 31 елге 117 бағыт бойынша тікелей рейстер қатынайтынын мәлімдеді. Алайда кейбір компаниялар екі ел арасындағы рейстерді тоқтатып жатады немесе маусымға байланысты уақытша ұшпайды.
Осы орайда Информбюро порталы дәл қазір Қазақстаннан қай елге тікелей ұшақпен жетуге болатынын анықтап білді. Отандық Air Astana, FlyArystan, Scat, Qazaq Air-мен қоса шетелдік әуе компаниялардың сайттарын қарадық. Біздің тізімімізде тікелей ұшақпен жетуге болатын 27 ел бар. Қазақстандықтар үшін Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд, Өзбекстан және Ресей ең танымал бағыттар болып отыр.
Өзбекстан
Алматы – Ташкент:
- FlyArystan – аптасына 4-5 рет;
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Uzbekistan Airways – аптасына 7 рет.
Астана – Ташкент:
- FlyArystan – аптасына 3 рет;
- Air Astana – аптасына 3 рет;
- Uzbekistan Airways – аптасына 5 рет.
Алматы – Самарқанд:
- FlyArystan – аптасына 2 рет.
Өзбекстанда 30 күн визасыз жүруге болады. Алайда бес күннен кейін жергілікті құзырлы органға барып тіркелу қажет.
Қырғызстан
Алматы – Бішкек бағытында Air Astana аптасына 7 рет ұшады. Қырғызстанда 30 күн визасыз жүруге болады.
Тәжікстан
Алматы – Душанбе:
- Air Astana – аптасына 3 рет;
- Somon Air – аптасына 2 рет.
Қазақстандықтар Тәжікстанда да 30 күн визасыз жүре алады.
Ресей
Ресей мен Қазақстан арасында әуе рейстері өте көп. Ресейлік "Россия", "Аэрофлот", Red Wings, "Азимут" компаниялары тікелей рейстер орындайды. Қазақстандық Scat және Qazaq Air де ұшады.
Астана – Мәскеу:
- Scat – аптасына 5 рет.
Астана – Санкт-Петербург:
- Scat – аптасына 3 рет.
Астана – Екатеринбург:
- Qazaq Air – аптасына 3 рет.
Астана – Омбы:
- Qazaq Air – аптасына 5-6 рет.
Алматы – Мәскеу:
- Scat – аптасына 7 рет.
Алматы – Новосибирск:
- Scat – аптасына 2 рет.
Шымкент – Мәскеу:
- Scat – аптасына 2 рет.
Қазақстандықтар Ресейде 90 күн визасыз жүре алады.
Беларусь елі
Алматы – Минск бағытында "Белавиа" аптасына 4 рет ұшады. Қазақстан азаматтары Беларусь елінде 30 күн бойы визасыз жүре алады.
Моңғолия
Алматы – Ұлан-Батор бағытында Hunnu Air аптасына 2 рет ұшады. Моңғолияда қазақстандықтар визасыз 90 күн бола алады.
Қытай
Астана – Бейжің:
- Air Astana – аптасына 2 рет.
Алматы – Бейжің:
- Air Astana – аптасына 7 рет.
Алматы – Үрімші:
- FlyArystan – аптасына 3 рет;
- China Southern Airlines аптасына 2 рет.
Астана – Үрімші:
- FlyArystan – аптасына 2 рет.
2023 жылғы 10 қарашадан бастап қазақстандықтар Қытайға 30 күн визасыз бара алады. Қытайлық әуе компаниялар Қазақстан қалаларына тікелей әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр.
Оңтүстік Корея
Алматы – Сеул:
- Air Astana – аптасына 6-7 рет;
- Asiana Airlines – аптасына 3 рет.
Қазақстандықтар Кореяға да 30 күн визасыз бара алады. Алайда визасыз кіруге рұқсат беретін K-ETA деген құжатты толтыруы қажет.
Үндістан
Алматы – Дели:
- FlyArystan – аптасына 3 рет;
- Air Astana – аптасына 7 рет.
Алматы – Мумбай:
- FlyArystan – аптасына 2 рет.
Қазақстан мен Үндістан арасында рейстер көбейіп жатыр. 2024 жылы IndiGo компаниясы ұша бастайды деп жоспарланып отыр. Үндістанға бару үшін виза алу қажет. Елшілікке құжаттарды тапсырып немесе ешқайда бармай онлайн тапсырып, электрон виза алуға да болады.
Пәкістан
Алматы – Лахор бағытында Scat аптасына 1 рет ұшады. Қазақстандықтар Пәкістанға бару үшін виза алуы қажет. Оны онлайн алуға болады.
Әзербайжан
Астана – Баку бағытында әзербайжандық AZAL компаниясы аптасына 2 рет ұшады.
Алматы – Баку:
- Air Astana – аптасына 2 рет;
- AZAL – аптасына 2 рет.
Ақтау – Баку:
- FlyArystan – аптасына 3 рет (наурызда);
- AZAL – аптасына 7 рет.
Қазақстандықтар Әзербайжанда 30 күн визасыз жүре алады.
Грузия
Алматы – Тбилиси:
- Air Astana – аптасына 4 рет.
Алматы – Кутаиси:
- FlyArystan – аптасына 4 рет.
Атырау – Кутаиси:
- FlyArystan – аптасына 2 рет.
Ақтау – Тбилиси:
- Scat – аптасына 2-3 рет.
Қазақстандықтар Грузияда бір жыл визасыз жүре алады.
Армения
Ақтау – Ереван бағытында Scat аптасына екі рет ұшады. Қазақстандықтар Арменияда 180 күн визасыз жүре алады.
Түркия
Астана – Ыстамбұл:
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Turkish Airlines – аптасына 15 рейс;
- Pegasus – аптасына 4 рет.
Алматы – Ыстамбұл
- Scat – аптасына 5 рет;
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Turkish Airlines – аптасына 18 рейс;
- Pegasus – аптасына 4 рет.
Түркістан – Ыстамбұл:
- FlyArystan – аптасына 3 рет (наурызда);
- Turkish Airlines – аптасына 1 рет.
Ақтау – Ыстамбұл:
- FlyArystan – аптасына 2 рет (наурызда);
- Turkish Airlines – аптасына 1 рет.
Шымкент – Ыстамбұл:
- Scat – аптасына 2 рет;
- Pegasus – аптасына 2 рет.
Астана – Анталья:
- Air Astana – аптасына 2 рет.
Алматы – Анталья:
- Air Astana – аптасына 2 рет;
- Pegasus – аптасына 1 рет.
Шымкент – Анталья:
- Pegasus – аптасына 1 рет.
Қазақстандықтар Түркияда жарты жылда 90 күн визасыз жүре алады.
Таиланд
Алматы – Бангкок:
- Air Astana – аптасына 7 рет.
Алматы – Пхукет:
- Air Astana – аптасына 7 рет.
Қазақстандықтар 2024 жылғы 1 наурызға дейін Тайландта 30 күн визасыз жүре алады. Одан кейін Тайландқа сапарлаймын деушілер виза жасатуы қажет.
Вьетнам
Алматы – Нячанг бағытында вьетнамдық VietJet Air аптасына 3 рет ұшады. Қазақстандықтар Вьетнамға бару үшін виза алуы қажет. Оны онлайн немесе Вьетнамға әуежайға барғанда алуға болады.
Мальдив аралдары
Алматы – Мале бағытында Air Astana аптасына 3-5 рет ұшады. Мальдив Республикасында 30 күн визасыз жүруге болады.
Біріккен Араб Әмірліктері
Астана – Дубай:
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Fly Dubai – аптасына 10 рейс.
Алматы – Дубай:
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Fly Dubai – күніне 2 рет.
Алматы – Дубай:
- Fly Dubai – аптасына 2 рет.
Алматы – Абу-Даби:
- Wizz Air – аптасына 2 рет.
Астана – Абу-Даби:
- Wizz Air – аптасына 2 рет.
Алматы – Шарджа:
- Air Arabia аптасына – 7 рет.
16 қаңтарда Wizz Air Түркістаннан Абу-Дабиге аптасына үш рет ұша бастайды. Қазақстандықтар Біріккен араб әмірлігінде 30 күн визасыз жүре алады.
Сауд Арабиясы
Алматы – Джидда:
- Air Astana аптасына 3 рет;
- Scat – айына 2-3 рет.
Алматы – Медина:
- Scat – айына 1 рет.
Шымкент – Джидда:
- Scat – аптасына 1 рет.
Шымкент – Медина:
- Scat – аптасына 2 рет.
Сауд Арабиясына бару үшін қазақстандықтарға виза қажет. Оны онлайн алуға болады.
Кувейт
Алматы – Кувейт бағытында Jazeera Airways аптасына 4 рет ұшады. Қазақстандықтарға Кувейтке бару үшін виза қажет.
Катар
Алматы – Доха бағытында Qatar Airways күніне 2 рет, аптасына 7 күн ұшады. Катарға визасыз 30 күнге баруға болады.
Израиль
Алматы – Тель-Авив бағытында Air Astana аптасына 4 рет ұшады. Қазақстандықтар Израильге бару үшін виза алуы қажет.
Германия
Астана – Франкфурт:
- Air Astana – аптасына 7 рет;
- Lufthansa – аптасына 5-6 рет (наурыздан бастап жеті рет).
Алматы – Франкфурт:
- Lufthansa – аптасына 2 рет (мамырдан бастап алты рет).
Германияға бару үшін шенген визасын алу қажет.
Польша
Астана – Варшава бағытында LOT Polish Airlines аптасына 2 рет ұшады. Польшаға бару үшін шенген визасын алу қажет.
Италия
Алматы – Милан бағытында Neos Air аптасына 2 рет ұшады. Италияға бару үшін шенген визасын алу қажет.
Нидерланды
Атырау – Амстердам бағытында Air Astana аптасына 4 рет ұшады. Нидерландыға бару үшін шенген визасын алу қажет.
Ұлыбритания
Ақтау – Лондон бағытында Air Astana аптасына 4 рет ұшады. Ұлыбританияға да виза қажет.
Туризм және спорт министрлігі 2023 жылы тамызда жариялған елдер тізімінде бар Египет, Иран, Черногория, Грекия, Оман және Бахрейн елдеріне ұшатын тікелей рейстерді таба алмадық. Әуе компаниялар бұл бағыттарға рейстерді тоқтатуы немесе туристер сұранысына қарай жазғы маусымда ғана ұшуы мүмкін.