Қыста қар астында қалған жем-шөпті азық қылған малдың күйі қашып, арықтай бастайды. Сондықтан қазақ халқы жаз бен күзде қоң жинаған малды қыста азық-түлік болсын деп ерте сойып алады. Мұнымен қатар, әл-ауқаты жақсы отбасылар ағайын-туыс, жарлы-жақыбайға соғым таратады. Abeke aul vibe YouTube арнасында ауылдың тыныс-тіршілігі туралы видеоларды жариялайтын Абдулхәкім Ауданбаев 15 минутта қой тушасын қалай мүшелеуге болатынын көрсетті.
Соғым сою тәртібі қандай?
Соғым малын бауыздап, жаны толық шыққан соң алқымын жуады. Аққан қанды сумен жуып, мойнының астына салған жаңғырықты алып, аяғын шешеді. Кейін арнайы төселген орынға әкеліп, терісін сылып, етті мүшелеуге кіріседі.
Оқи отырыңыз: Ет бағасы екі аптада 200 теңгеге қымбаттады
Соғым етін қалай мүшелейді?
Етті жілік-жілігімен бөлшектеуді "мүшелеу" деп атайды. Соғымды балтамен де, пышақпен де мүшелеуше болады. Мысалы, қойдың тушасын 13 мүшеге бөледі: 2 жамбас, 2 ортан жілік, 2 асықты жілік, 2 сүбе қабырға, 2 қабырға, 2 жауырын, 2 тоқпан жілік, 2 кәрі жілік, омыртқа, бел омыртқа, төс, бұғана, мойын. Басқа малдарды да осылай жіліктейді.
"Қойды мүшелеуді қол етінен бастаймыз және онда без болатындықтан, аса мұқият болу қажет. Екінші қолды қабырғаға жеткізіп кесіп аламыз, бірақ мойын еті кетіп қалмауы керек. Бұдан бөлек, қолтық без бар, ол қолға білініп тұрады. Екі қолды жіліктеген соң, етін сүйегіне жеткізіп бөлек аламыз. Қалған қол сүйегін үшке жіліктейміз. Кейін төс етін бөліп, бетіндегі етті бөлек аламыз", – деді Абдулхәкім Ауданбаев.
Ары қарай сан ет пен қабырғаны жалғап тұрған етті кесіп аламыз. Бұдан кейін басы омыртқада қалып қоймауын қадағалай отырып екі жақтың қабырғасын бөліп аламыз.
Оқи отырыңыз: Еттің қымбаттауынан зообақтар азық үшін ұсақ мал асырап жатыр
"Қабырғалардан кейін мойын мен омыртқаны бөліп аламыз. Омыртқа сүйегін екі немесе үшке бөлуге болады. Келесі белдің етін бөліп алған соң міндетті түрде екі жанын тілеміз. Сонда тұздауға барынша ыңғайлы болады. Соңында көтен ішекті алып тастап, құймышақты бөліп аламыз. Жамбас пен екі санды ажыратып, кейінгісіндегі тамыр безін алып тастаймыз", – деді Абдулхәкім Ауданбаев.
Мүшеленген етті табаққа салудың да өз тәртібі бар. Табаққа ет қонақтың жасы мен туыстық, жақындық байланысына қарай салынады. Төменде қай табақ дайындау тәртібі жазылған:
- Сый табақ – бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе;
- Құда табақ – бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, бауыр;
- Құдағи табақ – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік, сүбе;
- Жеңге табақ – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар;
- Беташар табақ – сүбе, төс еті, қарын, ащы iшек, құйымшақ, мойын омыртқа;
- Күйеу табақ – төс, асықты жілік, қабырға, омыртқа еті, қазы-қарта;
- Қыз табақ – тоқпан жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға;
- Құрдас табақ – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық;
- Бала табақ – бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік.