Тікелей эфир

Ет бағасы екі аптада 200 теңгеге қымбаттады

Базарда қой мен сиыр етінің бағасы – 2 500 теңге, ал жылқы етінің бір келісі 3 мың теңгеден асқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Алайда жаңа жыл басталғалы бірнеше өңірде жеміс пен көкөніс өнімдері қымбаттаған. Ал солтүстікте ет тапшылығының туындауы бағаның өсуіне әкеп соқты. 31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасының тілшілері базарларға барып, бағаны барлап келді.

Солтүстікте еттің бағасы тағы қымбаттаған. Небәрі жыл басталған 19 күн ішінде қой мен сиыр етінің бағасы 100 теңгеге өскен. Жылқы еті 200 теңгеге көтерілген. Қазір қаладағы базарлардың өзінде қой мен сиыр етінің бағасы 2 500 теңгеге дейін барады. Ал жылқы етінің бір келісі 3 мың теңгеден асқан. Сатушылардың сөзінше, елде ет тапшылығы бағаға кері әсер еткен.

"Өйткені, ауылда ет жоқ. Оларға беретін азық жоқ. Шөп жоқ. Менің сіңлім ауылда тұрады. Шөбі жоқ, жем жоқ. Бүкілін сойып тапсырып жатыр. Бір сиыр ғана ұстайды", – дейді сатушы Баян Абыкова.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда азық-түлік бағасы әлі өсіп жатыр. Картоп, сәбіз, күнбағыс майының экспортына шектеу қойылды


Сатушылардың сөзінше, ет қымбат болған соң жылдан жылға сауда да азайып барады. Өйткені, еттің бағасы қалта көтермейтіндіктен көпшілік тауық етіне көшкен. Ал Шымкентте есесіне еттің бағасы біршама арзандаған. Бірақ сатып алушы жоқ. Саудагерлер базар сөрелерінде жылқы, сиыр, қой еттері 100 теңгеге төмен түсті дейді. Өйткені, өнімге сұраныс болмағандықтан, бағаны арзандатуға тура келіпті. Қазір сауда сөрелерінде қой еті 2 400 теңгеден сатылып жатыр. Сиыр еті 2 500 теңге болса, жылқы өнімі 2 700 теңгеге тұрақтаған. Ал сиырдың сүйексіз еті 3 000 теңгеден саудаланса, жылқының сүйексіз еті 3 200 теңгеден сатылып жатыр. Ал қазы 3 500 теңге төңірегінде.

"Баға 100 теңгеге төмендеді. Алымсақ жоқ. Сауда жай болып жатыр. Жаңа жылдан кейін жылда сол, сауда жай болып жатыр", – дейді сатушы Ғазиза Айдарбекова.

Расымен базарларда сауда жасап жүрген елдің қарасы аз. Сатушылар қазір күніне шамамен 100 келі ғана ет сатады екен. Ал былтыр жыл соңындағы мерекелердің қарсаңында күнделікті 500 келі мал өнімін саудалапты.

Атырауда көкөніс, жеміс-жидек бағасы күннен күнге қымбаттап жатыр. Облыс халқы қала орталығындағы үлкен базарда жүрген тұрғындар бағаның сан құбылатынына наразы. Қазір мұнда картоп бағасы – 240 теңге, сәбіз – 200-300 теңге, пияз 120-130 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұл жаңа жыл алдындағы бағамен салыстырғанда 15-20 теңгеге қымбат. Мұндай қымбатшылықтан қиналған тұрғындар тамақты түйірлеп алып жүрміз деп налиды.

Айта кету керек, сарапшылардың мәліметінше еліміздің бірқатар өңірінде 5 және 11 қаңтар аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің өзінің, яғни қарақұмық, күріш, шекер, тіпті тұздың бағасына дейін өскен.

Серіктестер жаңалықтары