Тікелей эфир

Қазақстанда азық-түлік бағасы әлі өсіп жатыр. Картоп, сәбіз, күнбағыс майының экспортына шектеу қойылды

Сондай-ақ, ірі және ұсақ малды 6 ай мерзімге экспортқа шығаруға тыйым салынды.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тағамдар тағы қымбаттап жатыр. 5-11 қаңтар аралығында кей азық-түлік бағасы 0,2% өсті. 

Орамжапырақ – 4,3%, картоп – 0,8%, қарақұмық – 0,4%, сәбіз – 0,2%, күріш – 0,1%, қант – 0,1%, тұз – 0,1% қымбаттады. Ал нан, өсімдік май, сары май, айран, сүзбе, сүт, тауық пен сиыр еті сол күйі қалса, ұн, пияз, жұмыртқа керісінше 0,1% арзандады. 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгін Үкімет отырысында өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында министрлік тауар экспортын реттеп жатқанын мәлімдеді. 

"2022 жылдың 1 шілдесіне дейін күнбағыс пен күнбағыс майын экспортқа сандық шектеулер қою, картоп пен сәбіз экспортына, ірі мал мен ұсақ малды 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салынады. Осы кезеңде импорттық жеміс, көкөніс өнімдерін жеткізу, ұйымдастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Сонымен бірге нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап әлеуметтік нан өндіру үшін өңірлерге Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өткізетін астық құнын субсидиялау енгізілді. Бұл тетік асты ішкі нарыққа өткізу кезеңінде азық-түлік корпорациясы шығыстарын нарықтан төмендетуді көздейді. Қазіргі таңда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арзандатылған астықты өңірлерге жеткізуге дайын. Ішкі нарықта азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезекте көктемде егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу қажет", – деді Ербол Қарашөкеев.


Оқи отырыңыз: Қазақстан құрылысшылар одағы: Биыл тұрғын үй бағасы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін


Сондай-ақ, ол 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 миллион гектар алаңға ауыстыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл 2022 жылғы деңгейден 13,5 гектарға артық. 

"Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ, қосалқы бөлшектер, жанармай, минералды тыңайтқыштар мен пеcтицидтер бағасының күрт өсуі алдағы көктемге егіс жұмыстарын уақытылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызу мүмкін", – деп қосты министр. 

Еске салсақ, Ақтөбе облысының супермаркеттерінде арзан бағамен шіріген картоп сатылып жатқаны туралы хабарлаған едік. Дүкен басшылығы көкөніс тұрақтандыру қорынан әкелінгенін айтса, қор бұл мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Серіктестер жаңалықтары