31 арна тілшілері Ақтөбе супермаркеттерінде тұрақтандыру қорынан әкелініп, арзан бағаға сатылып жатқан картопты көрсетті. Картоп шіріп, жарамсыз күйге түскен.
Ал 2 апта бұрын шенеуніктер биылғы жылға жергілікті кәсіпкерден іріктелген картоп сатып алынғанын айтып сүйіншілеген болатын. Тіпті олар көкөніс қоймасына жаңадан түскен картопты да көрсеткен еді. Алайда қазір қала дүкендерінде қордың бұған дейін "жарнамалаған" таза, ірі картобы емес, керісінше шіріген көкөнісі сатылып жатыр.
"Арасында алуға жарамды дым жоқ. Арзан болғанымен жеуге келмейді", – дейді Аөтөбе тұрғыны Задагүл Жанәділова.
Әлеуметтік тауарға бюджеттен 78 миллион теңге жұмсалған. Жауапты мамандар екі түрлі картоптың қайдан, қалай пайда болғанына жауап табар емес. Айтуларынша, қордағы көкөністер аптасына екі рет тексеріледі.
"Біріншіден, екі күннің ішінде картоптың шіріп кетуі мүмкін емес. Екіншіден, бұл картоптың бағасы салыстырмалы түрде өте арзан – 84 теңге. Ал басқаларының бір келісі 190-200 теңге тұрады. Мониторингтік топ барлығын бақылайды, біз картоптың сапасына қараймыз. Дүкендердегі тұрақтандыру қорынікі деп сатылып жатқан картоп біздікі болуы мүмкін емес", – "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әнуар Асылов.
Алайда супермаркет басшылығы шіріген картоптардың тұрақтандыру қорынан жеткізіліп жатқанын айтады. Ал дүкендегі шіріген көкөністі өз көзімен көруге келген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы бұзылған картопты бірден сөреден алып тастауды бұйырды. Екі түрлі картоптың қайдан шыққанын түсінбеген ол дереу тексеріс жұмыстарын басйтынын айтты.