Тікелей эфир

Қаллеки театры Алматы мен Астанада қандай қойылымдар қояды? Мамыр репертуары

Фото: Қаллеки театрының баспасөз қызметі
Фото: Қаллеки театрының баспасөз қызметі
8 мамырға дейін гастрольдік сапар аясында Қаллеки театрының қойылымдарын Алматыда, Әуезов театрында тамашалауға болады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шет елге кеңінен танымал. Осы орайда Информбюро порталы театрдың отыз екінші театр маусымындағы мамыр айының репертуарын ұсынады.

Алматы қаласындағы гастрольдік сапар

2-8 мамыр аралығында Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының гастрольдік сапары өтеді. 

Гастрольдік сапар аясында Қаллеки театрының репертуарындағы үздік қойылымдар сахналанады:

  • Таласбек Әсемқұловтың "Құнанбай" драмасы (режиссері – Б.Ұзақов);
  • Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясы (Режиссері – О.Жақыпбек, Ш.Мұстафина);
  • Оралхан Бөкейдің "Ұйқым келмейді" драмасы (режиссері – Б.Сұлтанғазы);
  • Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың "Алтайдан ауған ел" қойылымы (режиссері – Ф.Молдағали);
  • А.Менчеллдің "Сен маған керексің" трагикомедиясы (режиссері – Ұ.Қарыпбаев);
  • Н.Гәнжәуидің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасы (Б.Абдураззаков);
  • Ғабит Мүсіреповтің "Баян Сұлу – Қозы Көрпеш" музыкалық драмасы (режиссері – Г.Балпейісова);
  • Серік Тұрғынбекұлының "Шәмші" элегиясы (режиссері – Б.Ұзақов);
  • Роза Мұқанованың "Бопай ханым" тарихи трагедиясы (режиссері – Ж.Жұманбай).

Қойылымдар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанады. Қаллеки тетарының Алматыдағы гастрольдік қойылымдар кестесі:

Фото: Қаллеки театрының баспасөз қызметі

Билет бағасы 1000 теңгеден басталады және онлайн ticketon.kz сайтынан немесе кассадан алуға болады. Касса: 378 53 85.

Алматыдағы гастрольдік сапардан кейін Қаллеки театры өз сахнасында бірнеше жылдан бері қойылып келе жатқан спектакльдер мен "Жошы хан", "Қыз жиырмаға толғанда" және "Кешкі 7" премьераларын ұсынады. 

Қаллеки театрында шығармалар тарихи драмадан бастап, музыкалық комедияға дейін әртүрлі жанрда сахналанады. Театр репертуарында әлі күнге дейін Әзірбайжан Мәмбетов қойған "Ғасырдан да ұзақ күн" драмасы бар. Режиссерлер Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбаковтің "Кабаре жұлдызы", ""Шәмші", "Қорғансыздың күні", "Бір кем дүние", "Күн сәулесі түспеген", "Кеш" секілді қойылымдары репертуардан түспейді. Қазіргі жас буыннан әрі актер, әрі композитор Олжас Жақыпбек режиссерлігімен де көзге түсіп жүр. Ол "Айман-Шолпанды" заманауи негізде қойды. Сондай-ақ Фархад Молдағали, Дәурен Серғазин, Гүлназ Балпейісова сынды шақырылған жас режиссерлер де спектакльдер қойып жүр. 

Фото: Қаллеки театрының баспасөз қызметі

Театрдың қысқаша тарихы

Қаллеки театрының шымылдығы 1991 жылғы 15 қарашада Ғабит Мүсі­репов­тің "Ақан сері – Ақтоқты" трагедиясымен түрілді. 1999 жылы белгілі режиссер, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов театр тізгінін қолға алып, Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", М.Әуезовтің "Қарагөз", Ф.Эрвенің "Түлкі бикеш", В.Дельмардың "Баянсыз бақ", Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай", Ш.Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн", "Ана – Жер Ана", І.Жансүгіров, С.Назарбекұлы, А.Чеховтің "Ваня ағай", Ә.Нұрпейісовтің "Қан мен тер" спектальдерін сахналады.


Оқи отырыңыз: Әуезов театры Алматы мен Астанада қандай қойылымдар қояды? Мамыр репертуары


Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге ұжымға Қазақстанның Халық артистері Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, еңбек сіңірген артистер Лейло Бекназар-Ханинга, Ақыш Омар секілді бүгінде Қаллеки театрының аға буыны қызметке келді. Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Ержан Нұрымбет, Сая Тоқманғалиевалар ұжы деңгейінің төмендемеуіне бар күшін салды. Олардың ізін Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек, Жасұлан Ерболатов, Алтынгүл Серкебаева, Нұрсұлтан Есен, Ақмарал Танабаева, Айнұр Жетпісбаева сынды жас актерлер жалғастырды.

2020 жылы жастарға суреткерлік еркіндік беріліп, театр қабырғасынан тұңғыш рет "QALLEKI театр-лабораториясы" құрылды. Оралхан Бөкейдің "Ұйқым келмейді" шығармасына қойылған спектакль жастардың көңілінен шығып, үнемі аншлаг болып жатады. Лаборатория мамырда көрерменше "Кешкі 7" спектакль-концертін ұсынады.

Театрдың көркемдік жетекшісі – Қуандық Қыстықбай. Театр директоры – Айболат Жаудыр.


Оқи отырыңыз: Театр сыншысы: Ұлттық классика – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес


Театр әдебі

Театрға адам жағымды жандармен, топпен, соның ішінде балалармен барады. Кешкі спектакльдерді балалар 12 жастан бастап көре алады.

Театрға сәнді киіммен келген абзал (спорттық үлгідегі киімдермен кіруге рұқсат жоқ). Сырт киіміңізді, сондай-ақ артық заттарды гардеробта, кіреберістегі киім ілгіште тастап кеткен жөн.

Көрермен залына арнайы қоңырау соғылған соң кіру қажет. Үшінші қоңырау соғылғаннан соң көрермен залына кіруге тыйым салынады.

Театрда фото және видеотүсірілім мүлдем тыйым салынған. Егер қолыңызда фото немесе видеокамера болса, театр қызметкері сізді залға өткізбейтініне даяр болыңыз.

Театр әкімшілігі жарияланған спектакльді басқа қойылыммен ауыстыруға құқылы. Осындай жағдайда билеттерді спектакль басталғанша кассаға кері қайтаруға болады. Актердің ауысуы билетті кері өткізуге себеп бола алмайды.

Театрдың әлеуметтік желілердегі парақшасы: Instagram және Facebook.

Серіктестер жаңалықтары