Шымкент пен Шардараның арасы – 3 сағаттық жол
Шымкенттегі "Дархан" автобекетінде Шардараға баратын спринтер көліктері тұрады. Бағасы – 1500 теңге. Жол ұзақтығы – 250 шақырым. Пойызбен алыстан келетіндер Арыс стансасынан түсіп, Шардараға дейін 180 шақырым жүріп, таксимен тез жетеді.
Шардараның автобекетінен түскенде, мұнда "Жағалау!" деп шулап тұратын таксиді көрмейсіз. Келетіндер өз көлігімен барады. Арнайы такси шақырттық. 19 шақырым қашықтағы "Алтын жағалауға" 1500 теңге сұрады. Бір-екі адамға көлден қайтқан кісілермен қалаға жету оңайырақ. Болмаса, такси шақырасыз.
Мұрат есімді таксист жігіт алдымен қаладан 4-5 шақырымдағы жарқабақтың түбіндегі жағажайға апарды.
Қонуға келсеңіз жағажайға жақын қонақ үй таба аласыз.
Ашылғанына екі жыл болған қонақ үйдегі екі адамдық бөлмелер 8, 15, 20 мың теңге көлемінде.
Қонақ үйді қалтаңыз көтермесе, ауласына қонуға болады. Тапшанға.
Мынадай тапшанды таңнан кешке дейін бес мың теңгеге жалға алуға болады. Отбасыңызбен келсеңіз, ең тиімдісі.
Демалушыларға ас-ауқатын қоса әкелуге рұқсат.
Ал, тапсырыс берсеңіз, төрт кісілік тамақтың порциясы 3 мың теңге. Сорпалы тамақтың орта кесесі 1 мың теңгеден.
"Алтын жағажай" атына заты сай болмай тұр
"Алтын жағажай" деп аталатын жағалауда қарапайым тұрғындарға арналған екі-үш жағажай бар. Сосын қалталыларға арналған бірнеше демалыс аймақтары орналасқан. Алдымен көпшілік түсетін орынға беттедік. Жағажайға кірерде әр көлікке 500 теңге алады.
Көлге дейінгі құм төселген аралықта күнге қыздырынатын жері кең болғанмен, тазалық жоқ. Бір шетте үйілген баклашкалар.
"Қазақ" десең өзіңе тиеді
Құмның ыстығынан терлеп отырған демалушы кеше кешкісін жағажайда сиырдың қаптап жүргенін айтты.
– Біреулері көлік жуып жатты. Катермен катер соғысып қалды. Осындағы сатушылар жақын тұрған әжетханаға баруға еріне ме, санитарлық тазалықты сақтамайтынын көріп, жиіркендік. Демалушыларға қызмет көрсету мәдениеті төмен.
– "Қазақ" десе, өзіңе тиеді, намысың келеді. Осы кемшіліктерін айтсақ, қарсы шығады.
– Өзіміз қашып жатқанда сырттағы туристер қайдан келсін? Техника қауіпсіздігі сақталмаған. Адам шомылып жатқан жерде моторлы техникамен жүреді. Қаншама балалар шомылып жүр. Бұлар да осы демалушылар есебінен күн көретіндіктен, ақшасына сай жағдай жасау керек қой. Шардара – Қапшағай сынды Қазақстанның демалатын ең жақсы көлінің бірі. Түркияны көп мақтайды. Кез келген түріктен білімім, ақылым артық. Бірақ маған осылай қызмет көрсетсе бұл менің кемшілігім емес шығар, – дейді ашынған төлебилік аға.
– Тапшанның ақысы жағдайы төмендер үшін қымбат. Арзаны – екінші ауладағы ескірген кілемдер мен көрпелері бар тапшандар, 4 мыңнан. Не шәйнек, не ыдыстары жоқ, ыстық тамақ істейтін газ балоны болу керек. Оны да таппайсыз. Душтың жоғын айтпай-ақ қояйын, – деп ашуланды отбасымен келген әйел.
Демалыс деген аты болмаса, қалтаны қағады
Баға жайлы көп жазды демессіздер, келушілерге құлаққағыс жасағанымыз. Өйткені, көпшілік отбасымен келеді. Ал балаға бәрі таңсық. Су бетінде қалқып жатуға арналған матрацтардың үлкені сағатына 1000-1500, балаларға 800-500 теңге.
Ал, көлді бір айналып келетін қайық қызметі 3 мың теңге. Көлдің ортасына дейін баратын "тапшан" да бар. Жарты сағатқа 8 адамға 4 мың теңге.
Балаларға белге кигізетін балондарды қаладан өзіңіз алып шықпасыңыз, мұнда бағалары жоғары.
Жағажайда әжетхана мәселесі өзекті...
Жағалауда екі тәртіп сақшысы жүрді. Олар қалайша мына салақтыққа бей-жай қарайды екен дейсің. Ал халыққа қауіпсіздікті сақтау ережесін айтатын мамандарды байқамадық.
Жағдайы жасалмаған демесеңіз, көлдің суы жылы, шыққың келмейді. Сосын ыстық құмға қыздырына отырып, терлегенге не жетсін?!
Арзан жерден түңілсеңіз, қымбатын табуға болады. Қалтаңыз көтерсе
Орташа тұрмысы бар халыққа әзірге таңдау жоқ. Ал, мұндағылардың аузынан түспейтіні – демалыс аймағында екі ересек пен екі балаға шақталған екі бөлмелі шағын үйлер. Жалға алу құны дүйсенбі-бейсенбіде тәулігіне 20, жұма-жексенбі күндері 25 мың.
Таңғы асы тегін. Бірақ, демалушыларға өзімен сусын және тамақ әкелуге тиым салынған. Осы жерден түстікті 5 мың теңгеге ішуге болады. Кешкісі де солай.
Тәулігіне 100 мың теңгелік люкс, 50 мыңдық жартылай люкс бөлмелер бар. Аптаның алғашқы төрт күнінде алғашқысы 80, кейінгісі 40 мың теңге болады. Көлді тамашалағыңыз келсе, 5-6 адам бірігіп бір катерді сағатына бес мың теңгеге жалдай аласыз. Скутермен серуендеу де осы шама. Егер қонбай, тек бассейн мен жағажайына келсеңіз, әр адамға 5 мың теңге төлейсіз.
Сапалы қызметтің бағасы да қымбат
Өзіңізбен тек жеміс-жидек әкелуге рұқсат бар. Тамақты осы жерден ішесіз.
Бұдан басқа екі, төрт адамдық бөлмелері 20 мыңнан басталады. Жартылай люкс 50, толық люкс бөлмесі 70 мың. Қонатындар үшін таңғы асы тегін. Бір түстігіңізге екі-үш мың кетеді.
Екі демалыс аймағында да ән айтып, кешкісін би билейтін шағын алаңдары бар.
Демалушылар саны көбейсе ғана ұшақ қатынауы мүмкін
Кезінде қалада кіші авиация қызметі жұмыс істеген. Сол әуежай орыны сақталып, аудандық коммуналдық меншікке өткен. 2015 жылы Шымкент – Шардара бағытына жарты сағатта ұшақпен жетуге болатын әуежай ашылмай, аяқсыз қалды.
Егер Шардара қаласына келушілердің саны науқан кезінде 150 мың адамға жетсе, аудан басшылары әуежайды ашатындарын айтады. Жағажайдың қазіргі санитарлық жағдайын ескерсек, бұның жуық арада іске асатынына күмән мол.