Қытайда коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мақта теруге мәжбүрлі жұмыс күші жегілетініне алаңдап, осы аймақтан мақта сатып алудан бас тартқан H&М швед киім дүкендерін жауып жатыр. Бұл туралы Forbes.kz жазды.
Үрімші, Инчуан, Чанчунь және Ляньюньган қалалық округтерінде орналасқан сауда орталықтарының операторларымен байланысқа шыққан Bloomberg ол жерлерде кем дегенде алты H&M дүкені жабылғанын хабарлады. Жергілікті БАҚ ғимарат сыртынан H&M белгілерін алып жатқан фотосуреттерді жариялап, бөлшек сауда дүкенінің жабылатынын мәлімдеген. Кейбір сауда орталықтарының операторлары Bloomberg-ке дүкендерді жабу туралы шешім H&M компаниясының Қытайды құрметтемеуі салдарынан қабылдаған деп түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?
Қытайда H&M-ге қарсы науқан наурыз айының соңында басталды. Оған былтыр компанияның мақта теру кезінде мұсылман-ұйғырларының құл еңбегі пайдаланатыны жайлы мәлімдемесі себеп болды. Сол кезде H&M Шыңжаңдағы жағдайға бей-жай қарамай сол аймақтағы өндірушілерден мақта сатып алудан бас тартты.
Компания бұл мәлімдемені 2020 жылдың қыркүйегінде жасаған, алайда Қытай оған енді жауап берді. Reuters мұны 22 наурызда АҚШ Қаржы министрлігі "Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы аз ұлттарға қатысты адам құқығын бұзушылыққа байланысты" Қытай шенеуніктеріне қарсы санкциялар жариялауымен байланысты болуы мүмкін дейді.
New York Times мәліметінше, осы аптада Қытай коммунистік жастар одағы H&M компаниясын жалған өсек таратты деп айыптаса, ал Қытай әскері H&M компаниясының мәлімдемесін "білімсіздік және менменшілдік" деп атаған.
"Біз Шыңжаңның таза және кіршіксіз мақтасын масқаралайтын және оны абыройсыз ететін кез келген күшпен келісе алмаймыз", – деді Қытай Сауда министрлігінің өкілі Гао Фэн. Ол қытайлық тұтынушылар "кейбір компаниялардың жалған ақпаратқа негізінде қабылдаған іскерлік шешімдеріне жауап ретінде әрекет етіп жатқанын" атап өтті. Мұндай компаниялар "нарықтық заңдарды құрметтеп, қате әдіс-тәсілдерді түзететініне және коммерциялық мәселелерді саясаттандырудан аулақ болатынына" үміттенетінін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Қытайға бару қауіпті ме? Саудамен барып қайтқан кәсіпкердің әңгімесі
Қытайлық ірі Tmall, Jingdong және Pinduoduo онлайн дүкендері бойкотқа қосылып, H&M киімдерін каталогтарынан алып тастады. Сонымен қатар, H&M киім дүкендері Қытайдағы Apple Maps және Baidu Maps карталарында іздеуде нәтижелерінен жоғалып кетті.
АҚШ Қытайды Шыңжаң мақтасын пайдаланудан бас тартқан компанияларға бойкот жариялады деп айыптады. Қытай H&M нарықтарының ең үлкен бестігіне кіреді. 2020 жылғы жалпы сатылымының 5,2%-ы осы елге тиесілі. 2020 жылдың 30 қарашасындағы жағдай бойынша Қытайда компанияның 505 дүкені болған.