Тікелей эфир

Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?

Іnformburo.kz иллюстрациясы
Іnformburo.kz иллюстрациясы
Қытайдағы жағдай қалай дамып барады? АҚШ пен арадағы қатынас. Әлемдік геосаясаттың беталысы мен ондағы Қазақ елінің салмағы қандай?

Қытайдағы "бақытты өмір кешіп жатқан" жандар азая ма?

2019 жылдың алғашқы аптасында Қытай билігі бір топ шетелдік журналист пен дипломатты Шынжаңдағы саяси үйрену лагерлеріне апарды. Оған Ресейдің, Индонезияның, Үндістанның, Таиландтың, Қазақстанның дипломаттары қатысқан.

Бұл туралы Reuters тілшісі "Қытай Шынжаңдағы "білім" орталықтарының жұмысын бәсеңдетеді, бірақ лагерлерді жоймайды" деген мақаласында жазды.

Олар ән айтып, би билеген және сабақ оқып жатқан "тәрбиеленушілерді" аралағаннан кейін мұндағы компартияның өкілі Шүй Хайроңмен (Xu Hairong) бірге қонақасыда болған.

Шүй: "Шетелде тарап жатқан Шыңжаң туралы ақпараттың барлығы жалған. Біз, коммунистік партияның Шынжаңдағы бас хатшысы Чын Чангомен бірлікте жақсы өмір үшін жұмыс істеп жатырмыз" – депті.


2019 жыл, 4 қаңтар. Қашқар. "Қайта тәрбиелеу" орталығында қытай тілін үйрену

2019 жыл, 4 қаңтар. Қашқар. "Қайта тәрбиелеу" орталығында қытай тілін үйрену / Reuters/Ben Blanchard


Былтыр батыстың 15 елшісі "Қытайдағы азшылықтарға жасалып жатқан қысым" бойынша Шынжаң компартиясының бас хатшысы Чын Чуангомен кездесуді талап еткен-ді.

7 қаңтарда Қытай билігі БҰҰ өкілдерін қабылдайтынын хабарлады. Ал Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы өткен жылғы есебінде Қытайдағы "қайта тәрбиелеу орталықтарындағы" адам төзгісіз жағдай туралы мәлімдеме жасаған.


2019 жыл 4 қаңтар. Қашқардағы көшеде келе жатқан адамдар және көшеге орнатылған кмералар

2019 жыл, 4 қаңтар. Қашқар. Көшедегі "ақылды" бақылау камералары / Reuters/Ben Blanchard


Қаңтардың 5 күні Бейжіңде өткен Ислам қауымдастығының 8 - жиналысында Қытай билігі "Исламды қытайландыру" туралы 5 жылға арналған бағдарламаны қабылдады.

Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен


"Қытайда мәжбүрлі еңбекке тартылғандар" туралы ақпарат көбейді

The New York Times агенттігінің Шиаңгаңдағы (Ганконг) тілшісі Austin Ramzy осы мазмұнды өз зерттеуін жариялады.

Онда: "Шынжаңдағы лагерьде отырған жүз мыңдаған мұсылмандарды діни сенімнен бас тартқызды. Оларды тәубеге келудің және жақсы жұмыс істеп ақша табудың үлгісі ретінде теледидардан көрсетті.

Үйлеріне қайтармай лагерде ашылған немесе оған жақын жердегі зауыт-фабрикаларда жұмыс істеуге мәжбүрлеген" – деп жазады.

Бұл уәжді Қазақстандағы Атажұрт еріктілерінің белсендісі Серікжан Біләшұлы да растады:

– Қазір Қытайда қандастарымыз да мәжбүрлі еңбекке тартылып жатыр. Лагерьден босағандарды арзан еңбеккүш ретінде пайдаланып, оларды осылай бақылауда ұстап отыр. Әсіресе артында сұраушысы жоқтарды. Мәселен, Қытай түрмесінде отырған Қазақстан азаматшасы Мұхтарқан Анаргүл өзін ішкі Қытайдағы зауытқа жұмысқа кетуі мүмкін екенін, құтқаруын өтініп сәлем айтып отыр. Бұдан басқа да дәлелдеріміз көп – дейді.

Мәжбүрлі еңбек өнімдері әлемнің қарсылығын тудыруда

Austin Ramzy-дың жазуынша лагерде болған София Толыбайқызының кілем фабрикасында, Әбіл Амантай (37 жаста) тоқыма фабрикасында айына $95-ға жұмыс істеген, ал 25 жастағы Нұрал Разиланың лагерде бір жыл болғаннан кейін киім зауытына жіберілген.

Қытай тоқыма және тігін өндірісі кеңесінің президенті Сун Рүйжы (Sun Ruizhe) мырзаның бұрынғы жазбаларында Шынжаңда жүз мыңдаған адамды жұмысқа тарту туралы ақпардың барлығын алға тартқан. Онда тұрмысы төмен азаматтарды, тұтқындар мен олардың туыстарын жұмысқа тарту көзделген екен.

Тіптен, Қытай телеарналары лагерлерді насихаттағанда көрсеткен Қотан Тида фабрикасы өндірген киімдерді Солтүстік Каролинадағы Badger Sportswear компаниясының сатып алғаны белгілі болды.


Мәжбүрлі еңбек істеген тұтұынның хаты киімнен шыққан

Мәжбүрлі еңбек істеген тұтқынның хаты киімнен шыққан / Сурет cmcn.org сайтынан алынды


Көмек сұрау хатындағы сөз: "Бұл киім Шуй Жоу Түрмесіндегі зауыттан шығады, жұмыс уақыты – айына 300 сағат, айлығымыз – неше он юан. Электр ток жолдарын да шығарамыз.11 түрмеде адамдарды қинап өлтіру және мүгедек қылу фактісі бар. Осы хатымды Халықаралық ұйымдарға жіберулеріңізді өтініп сұраймын. Қытайдың тауарларында мәжүрлі еңбекке салынғандарына қатаң тексеру болуын сұраймын. Түрмемен істесетін кәсіп орындары: Хуа уей, Жоң шиң, Шияу Ми, Лиян Шиаң қатарлы. Менің атым – Жаң у, қылмыскерлік нөмірім: 0539-7538875. Басымды өлімге тігіп сіздерге осы ақпаратты жіберіп отырмын, халықаралық ұйымдардың араласуын сұраймын. SOS! SOS! SOS!"

Cан-Францискодағы Dui Hua қорының негізін қалаушы Жон Кемм (John Kamm) бұндай мәжбүрлі еңбек пайдаланылған зауаттардың тауарын шектеуді және тексеруді сұраған. Бұл мәселе батыс елдерінің наразылығын тудырып отыр.

"Қауіпсіздіктің сары белдеуі"

Қытай тарапы Канаданың екі азаматын ұстаған.

Бұл Huawei компаниясының директорларының бірі Мың Уанжоу (孟晚舟 – Meng Wanzhou) АҚШ-тың өтінішімен Канада да ұсталғаннан кейін шықты. Қытай Мыңды заңсыз ұстап отыр деп санайды. Осыған орай АҚШ бастаған бір бөлім батыс елдері қытайды "туристер баруға қауіпті" деп санап, сары жолақты қауіпсіздік белгісін енгізген.


Қытай Мың-ды АҚШ-қа экстрадициялауға қарсы

Қытай Мыңды АҚШ-қа экстрадициялауға қарсы / Фото independent.co.uk сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Қытайдағы қазақ мәселесі: Қытайға барған делегация не дейді? Мәселенің мәні неде?

5 млн компания неге жабылды?

Былтыр жыл соңында Қытайдың ақпарат құралдары АҚШ пен арадағы сауда соғысынан осынша компанияның күйреп, он млн-даған жұмыссыздың пайда болғанын жариялады.

Ержан Мұқан, қытайтанушы:

– 2016-2017 жылдары Қытайда 30 млн-нан астам компания жұмыс істеп тұрған. Соңғы мәліметтерге қарағанда биыл тағы да 5-10 млн компанияның құрдымға кетуі мүмкін. Басты себеп – шетел базарын қамтуға бағытталған өндіріс, яғни АҚШ-тың санкциясынан кейін әлемдік базарға шығатын мүмкіндік азайып, компаниялар құлады. Тіптен, үй-құрылыс нарығы да тоқырады. Қытайдың салық кірісінің 60%-і, жұмыспен қамтудың 70%-і жекелік кәсіпорындардың мойнында екенін ескеруі керек.

Енді бір жағынан, АҚШ-пен арадағы текетірес көптеген компаниялардың Қытайдан кетуіне себеп болды. Тіптен, қытайдың өздері де кетіп жатыр, – дейді.

Трамптың пікірінше, Қытай ғылыми патенттерді, зияткерлік меншікті ұрлау арқылы АҚШ-қа 220-600 млрд доллар аралығында шығын келтіріп отыр. Сол үшін 2018 жылы қытайлық Huawei, ZTE өнімдірін АҚШ-қа кіргізуге тиым салды әрі оларды микрочиптермен қамтуды тоқтатты. Қытай компанияларының АҚШ-тағы сауда-саттығын да шектеді.


Азиядағы бір бөлім елдердің соңғы үш жылдағы жалпы ішкі өнімнің өзгерісі

Азиядағы бір топ елдердің соңғы үш жылдағы жалпы ішкі өнімнің өзгерісі / Азия даму банкінің мұрағаты


Былтыр сәуірде АҚШ құны 50 млрд доллар Қытайдан келетін 1300 тауар түріне кеден салығын 25%-ға көтерді. Кейін бұл шектеу көлемі 200 млрд долларлық тауарға жетті. Тіптен," 500 млрд долларды" көздеп отырғанын Трамп бірнеше рет ескерткені белгілі.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл ісі неге шешілмей жатыр? Тиісті органдар не дейді?

Қытай еңбеккүшті ішкі нарыққа бағыттап жатыр

Қытай тарапы жауап ретінде құны 60 млрд доллар көлеміндегі АҚШ тауарына қосымша кеден салығын енгізді. Сонымен бірге кейбір шектеу шараларын да қолға алды.

Ержан Мұхан:

– Қытай билігі жекелік орта және шағын бизнесті құтқаруға асықпаса да, мемлекеттік иеліктегі компанияларға көмек қолын созды. Жабылғандарынан шығып қалғандарды жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын енгізе бастады. Яғни "еңбеккүшті ауылға бұру" бағдарламасын жасап, ішкі нарыққа беттеген өндірісті дамытуды қолға алды, – дейді.


АҚШ пен Қытай басшылары
АҚШ пен Қытай басшылары / Сурет cn.rfi.fr сайтынан


Сауда соғысының жаңа кезеңі басталуы мүмкін

"АҚШ-ты Еуропа мен Шығыс Азия елдері қолдайды. Бұл Қытай экономикасын құрсаулауға мүмкіндік береді" дейтіндер бар. Бразилияда өткен үлкен жиырма лидерлерінің самитінде кездескен екі ел басшылары 90 күндік тыныштық жариялады. Осы мерзім ішінде келісе алмаса наурыздан бастап АҚШ салық көлемі мен салық салатын тауарлар түрін тағы көбейтпек.

Кездесуде Д.Трамп жалпы құны 200 миллиард АҚШ долларына дейінгі өнімге қойылатын тарифті 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 проценттен 25-ке дейін арттырмауға келісті.

АҚШ президенті Твиттер арқылы жасаған мәлімдемесінде Бейжіңнің америка автомобильдеріне салық шараларын өзгертетінін білдірді.

АҚШ қорғаныс саласы мен сыртқы саясатын Қытайға бағыттап отыр

2019 жылы 2 қаңтарда Ақүйде өткен жабық жиналыста Қорғаныс минстрінің міндетін атқарушы Патрик Шанахан (Patrick Shanahan) Қытайдың басты назарда болатынын ескертіп: "Біз ағымдағы операцияларға назар аударған кезде Қытайды, Қытайды және Қытайды еске аламыз" – деді.

4 қаңтарда АҚШ Қорғаныс министрі болып Жим Уебб (Jim Webb) тағайындалғаны белгілі болды. Ол туралы Трамп Твиттер парақшасында хабарлады.


Жим Уебб-тің Қорғаныс министрі болғаны туралы Трамптың жазбасы

Жим Уебб-тің Қорғаныс министрі болғаны туралы Трамптың жазбасы


Тайван мәселесі ушығып барады


Сөз сөйлеп тұрған Сай Иіңвін

Сөз сөйлеп тұрған Сай Иіңвін / Сурет epochtimes.com сайтынан


Ши Жинпиң қаңтардың 2 күні Тайвандағы отандастарға арналған Үндеудің 40 жылдығына орай сөйлеген сөзінде: "Тайвань – біздің бөлінбес бөлшегіміз. Біз "бір елде екі түзім" аясында бейбіт бірлікке келуіміз керек. Сонда мәңгілік бейбітшілікке кепілдік етеміз" – деген болатын. Ши төраға Тайванға қару қолдану мәселесін де жоққа шығармайтынын мәлімдеген.

Тайван президенті Сай Иіңвін (蔡英文 – Cai Yingwen): "Біз демократияны, адамдық құқықты қолдайтын барлық елдерден көмектесуді, Қытайдан қорғауды сұраймыз. Қытай Тайванға шабуыл жасаса тайвандықтар өз еркіндіктері үшін күреседі. Қытай Тайваннан кейін тағы қайсы елге басып кіретінін ойлап көріңіздер" – деп жариялаған болатын.

2019 жылы 7 қаңтарда АҚШ әскери кемелері Қытай өз территориясы санайтын оңтүстік қытай теңізіндегі Парасел (Шиша) топ аралына кірген.

АҚШ өкілінің айтуынша Халықаралық теңіз айдынындағы құқықты сақтап, кедергісіз қатынасты қорғау үшін осындай қадамға барған. Ал Қытай тарапы АҚШ-ты өз иелігіндегі теңіз аумағына 12 милге дейін кірді деп айыптады.


2018 жылы 4 мамыр. АҚШ Теңіз флоты Тынық мұхит айдынында

2018 жыл, 4 мамыр. АҚШ Теңіз флоты Тынық мұхит айдынында / Сурет Garrett Zopfi-дікі


Былтыр қыркүйекте АҚШ Тайванға құны 330 млн доллар болатын қару-жарақ берген. Сонымен бірге Тайвань бұғазына әскери кемелерін үш мәрте кіргізген болатын.

"Қытайдың Тайванды басып алуы мүмкін бе? Тайваннан кейін кімге көз тігуде?" деген сауалды саясаткер Дос Көшім ағамызға да қойған едік:

– Тайвань мен басқа елдерді салыстыруға болмайды деп ойлаймын. Тайвань – тарихи қытай жері. Қытай да талай нәубет көріп, өз елінің бостандығы үшін күресіп, сан жылдар азамат соғысын бастарынан өткізген, жерлері де саясаттың құрбаны болып, сан рет тілімделген, бөлшектенген, бөлінген елдердің бірі екенін ұмытпалық. Сондықтан "басып алу" мен "көз тігу" деген сөз тіркестері бұл екі елге ("бір ел – екі мемлекеттік жүйе") келіңкіремейді.

Сай Иіңвін 6 қаңтарда Тайбиде: "Егер Қытай билігі демократияға беттесе, адамдық құқықты қорғаса және Тайванға қару қолданудан бас тартса кездесуге дайын" – деген. Алайда Қытай тарапынан әлі жауап болмаған.

АҚШ Сирия мен Ауғанстаннан шығарған армиясын Қытай теңізіне кіргізе ме?

Өмірхан Алтын, германиялық құқық қорғаушы, саясаткер:

– Сирия мен Ауғанстаннан да маңызды мәселе – әрине, Қытай қаупі. АҚШ Тайваьн, Филиппин, Малайзия сияқты шығыс оңтүстік азия елдерінің өтініші мен өзінің осы аймақтағы ықпалын сақтау үшін жанталасып жатыр. Тынық мұхитта жасанды арал салып, әскери база орната бастаған Қытайға қарсы саясат керек екені белгілі.

Оның үстіне жылына 5 триллион тонна тауар тасымалданатын теңіз жолын бақылау өте маңызды. Қазір бұл теңыз айлағын бақылауға Британия және Франция әскери кемелері де қатысып келеді. АҚШ әскери шығынды үнемдеп, теңіз жолдарындағы кедергілерді реттеуді көздеп отырған сыңайлы.

АҚШ бастаған батыс елдері Қытайды тоқтата ала ма? Орыс пен қытай неге одақтасуға асықпай отыр?

Дос Көшім:

– АҚШ – Қытайдың ең басты және бірден-бір бәсекелесі. Алайда, бәсекелестік, құдайға шүкір, әлі жаулыққа ұласқан жоқ. Өздерінің ұлттық (мемлекеттік) мүддесі үшін екі ел де өзара қарым-қатынастарын тоқтатқан емес. Кейде қатты, кейде жұмсақ кикілжіңдер болып тұрады. Әрине, бір ғана АҚШ Қытайды "тоқтата" алмайды, бірақ әлемдік деңгейдегі талаппен Қытайдың санасуына тура келеді.

Орыс пен қытайды жақындастырып отырған мәселе – екеуінің де АҚШ-қа қарсылығы дер едім. Басқа жағынан бұлар екі бөлек саясат ұстанып отыр.

АҚШ Вице-Президенті Майк Пенс (Mike Pence) 2018 жылы 4 қазанда жасаған баяндамасында "Қытай – ең қауіпті ел" деп жариялады. Қытайдың уәделерді орындамаумен қоймай дін мен ұлттарға қарата адамдық құқықты таптап отырғанын аяусыз сынға алған болатын.

Қытай компартиясының жауы – дін бе, пантүркішілдік пе?

Бұл – Қазақстанға да күмәнмен қарайтындығының маңызды себебі.


Өмірхан Алтын

Өмірхан Алтын / Сурет Өмірханның жеке мұрағатынан


Өмірхан Алтын:

– Қытай алдымен Ішкі Моңғол автономиялы өлкесі мәселесін еш үн шығартпай қатаң түрде жүзеге асырды. Екінші кезекте Тибетті тұмшалады. 2013 жылдан бастан Шынжаң өлкесіне аталмыш саясатты жүзеге асыруға осы өлкелерді тыныштандыруда еңбек сіңірген Чын Чуанго бастаған басшылар тартылды.

Біріншіден, діни бүлінушілікті сылтау ету арқылы мұсылман халықтарды сенімінен айырып, қытайландыруды мықтап қолға алды. Бұл – коммунистік саясаттың бұлжымас бағыты.

Екіншіден, Шынжаңдағы түркі текті халықтардың Орта Азияға барыс-келісінен алаңдайды. Оның үстіне Ауғанстан секілді мазасыз аймақ тағы бар.


2019ж 7 қаңтар. Бішкек. Қырғызстан белсенділері Үкіметтен Қытайдағы қырғыздарды құтқаруды талап етті

2019 жыл, 7 қаңтар. Бішкек. Қырғызстан белсенділері Үкіметтен Қытайдағы қырғыздарды құтқаруды талап етті / Сурет Азат Еркіннің ФБ парағынан


Оқи отырыңыз: Сайрагүл ісі: Қытай мен Қазақстанның арасын аша ма?

Қытай қазақтарға қысымды жеңілдетті ме?

Өткен аптада Шынжаң өлкесінің басшысы Шөкірәт Зәкір:

– "Шынжаң өлкесі БҰҰ сарапшыларының келуін қарсы алады. Сонымен бірге "қайта тәрбиелеу лагерлеріне" барып көрулеріне болады. Ол үшін нақты әрі әділетті түрде баға берулері керек" – деп жариялады.

Соңғы кезде Қытай саяси үйрену лагерлерінен шыққан қандастарымыз туралы ақпарат көбейді.


Шокірат Зәкір

Шөкірәт Зәкір / thenews.com.pk


Бұл – Қазақстандағы наразылықты бәсеңдету үшін жасалған шара емес пе?

Дос Көшім:

– Әрине, ол да бар. Бірақ, меніңше, "қазақтардың наразылығы" емес, қытайды өздерінің ғасыр жоспары – "Жібек жолы" экономикалық белдеуі" мәселесі ойландырып отыр деп ойлаймын.

Соңғы уақытта бұл жобаның жүзеге асуы бәсеңдей бастады. Кейбір елдер Қытайдың бұл жобасына қосылмайтындарын да мәлімдеді. Сол уақытта Еуропаға негізгі жол болып табылатын Қазақстанмен тұрақтылық орната алмаса, экономикалық жобаның жүзеге асуына кедергі болары анық.

Дос ағамыздың пікірінше Қытайдағы қандастарымыздың паспорттарын алып қою, еліне қайтармау – аз ұлттарды қорқынышта ұстаудың қарапайым тәсілі.

"Қытай Кеңес Одағы кезіндегі ұлт саясатын жүргізіп отыр"


Дос Көшім

Дос Көшім / Дос Көшімнің Фб парағынан


"Қытайдағы діни мәселені жоюдың бірден бір жолы – ұлтты құрту немесе сіңіру. Қазіргі халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің Қытайға қысымы – уақытша мәселе. Ең маңыздысы ұлттарды құрту арқылы Қытайдың мәңгілік болашағын кепілдендіру керек" дегенге қалай қарайсыз?

Дос Көшім:

– Үш пікір...

Біріншіден, дін – ұлтты біріктіруші факторлардың бірі, мүмкін, бірегейі. Қытай мұсылман дінінің радикалды болуынан қорқады. Сепаратизмнің де бір құралы – дін. Сондықтан, Қытайда діни мәселеге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Екіншіден, әрине, халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің қысымы бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. "Уақытша" деп айту артық болар, бірақ олардың іс-шаралары саяси мүддеге байланысты өзгеріп отыратынын да жоққа шығармайық. Әр ұлт өзінің мәселесін өзі шешеді. Бұл – аксиома.

Үшіншіден, меніңше, Қытай билігі "ұлттарды құрту арқылы қытайдың мәңгілік болашағын кепілдендіруді" көздеп отырған жоқ, оларды өздеріне сіңіріп, бір тілді, бір мұрат-мақсатты халыққа айналдыруды көздеп отыр. Бұндай саясатты, кезінде, Кеңес Одағы да ("совет халқы" деген ұлт жасаймыз деп), қазіргі Қазақстан да ("қазақстандық ұлт" жасаймыз деп) жасауға күш салды.

"Менің қорқатыным – "барлық бәле қытайдан!" деген ұран"

"Қытайдан еш қауіп жоқ, артық у-шу керек емес. Христан, лама, ислам дін азшылықтарын құрту ісі жүріп жатқан жоқ. Бәрі ақырындап қалпына келеді" деу дұрыс па?

Дос Көшім:

– Әрине, олай деп отыруға болмайды. Мемлекет тарапынан да, халықаралық деңгейде де, халықтық дипломатия жағынан да барлық мүмкіндікті іске қосуымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады.

Менің қорқатыным – "Барлық бәле қытайдан!" деген ұран. Сонда басқалардан қауіптеніп, сақтанбауымыз керек пе? Өз басым, барлық мемлекеттерден сақтанып, алды-артымызға қарайлап отыруымыз керек. Бұл – барлық мемлекеттердің сыртқы саясаттағы ұстанымы. "Қытайға қыздарымыз тұрмысқа шықпасын" деп айқай салғанда, орысқа, шүршітке, қара нәсілділерге шыға берсін дегеніміз бе? Әлде оларға "үйреніп" кеттік пе...

Қытайда не жүргізіліп жатқанын, қалай жүргізіліп жатқанын бәрі, оның ішінде, біздер – қазақтар жақсы біледі деп ойлаймын.

"Қытайға тағылған кінәнің бір бөлігін өзімізден іздегеніміз дұрыс"

"Қытай жемқорлықты пайдалану арқылы айналасына өз билігін жүргізіп отыр" деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

Дос Көшім:

– Өкінішке қарай, бұл пікірмен біршама келісуге тура келеді. Тек қытайлықтар емес, басқа да елдердің алаяқтары біздегі жемқорлықты жақсы пайдаланып келеді. Сондықтан, Қытайға тағылған кінәнің бір бөлігі біздің жемқорлық жайлаған биліктің мойнында. Бұл жерде біз ерекше бір жаңалық ашып отырған жоқпыз. Экономикалық экспансия жүріп жатыр.

– Қытайдың осы күнге дейінгі сыртқы саясатында мен білетін екі ұстаным бар. Біріншісі – көршілерімен жақсы болуға тырысу. Көрші мемлекеттер – басқа елдердің арасындағы жақсы қалқан (буферлік қызметі деп біліңдер) және тауарларын өткізу қажетті базар. Екіншісі – басқа елдердің ішкі ісіне араласпау. Меніңше, соңғы уақытта Қытай билігі осы тамаша саяси дәстүрден алыстап бара жатқан сияқты. Екінші мәселе – көрші елдерді "бағындыру" қажет пе деген сұрақ та туады. Бұл – қанды соғыс, бұл – оларды қарулы күшпен ұстап отыруға кететін шығын, бұл мазасыздық пен т.т. Оның орнына өзінің орбитасынан шықпайтындай етіп, экономикалық тәуелділікте ұстаған дұрыс болатын сияқты.

Қытайды зерттеу институты құрылды

Бұл туралы институтты құрушылардың бірі, қоғам қайраткері Қыдырәлі Ораз мәлімдеді:

– Қытайды зерттеу институтын құратын кез келді. Біздің Атажұрт еріктілерінің Серікжан Біләш бастаған азаматтары 8 тілде арыз қабылдап, Қытайдағы адамдық құқықтың тапталуына қатысты дәлелдерді күллі әлемге таратып жатыр. Ал, біз тәуелсіз әрі арнайы Қытайды зерттейтін институтты құрдық. Институт Қытайдағы барлық жағдайларды қадағалай отырып, обьективті зерттеу жүргізетін болады. Осы арқылы халықтың Қытай туралы танымын тереңдетіп, экономикалық және саяси-дипломатиялық жақтан түсінуіне себепкер боламыз. Қазір құрылымдау жұмысы жүрып жатыр, – деді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары