Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов ІІМ брифингінде полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігін талап етіп, оның жоғына қатысты айыппұл төлеуге міндеттесе, не істеу керек екенін айтты.
"Мұндай жағдайда 102 нөміріне немесе өзіндік қауіпсіздік бөліміне хабарласа аласыздар. Бірақ, әрбір полицияға жаңа заңның тәртіптері түсіндірілді. Бұл бойынша мәселе туындамайды", – деді ол.
2019 жылдан бастап құжатты ұмытып кетуіне қатысты алдын ала шаралар жүзеге асырылып келеді. 2019 жылы 162,6 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 148 мыңына ескерту жасалып, айыппұл салынбаған.
Серік Түсіповтың айтуынша, әзірге құжаттың цифрлық үлгісін көрсетуге болмайды. Сондықтан адам жеке куәлікті өзімен бірге алып жүруі тиіс.
"Қазіргі кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі цифрлық құжаттар қызметін дамытып жатыр. Алайда жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамаға сәйкес, әзірше бұл құжаттарға материалдық нысандар ғана жатады. Ал жеке куәліктің фотосын көрсете салуға болмайды. Себебі, мәселе фотода емес, полиция жүргізушінің жеке басын анықтауы тиіс", – деді Серік Түсіпов.
Оның ойынша, цифрлық технологиялар дамыған сайын цифрлық құжаттардың құқықтық мәртебесі де өзгереді. Сондықтан болашақта көлік жүргізушілер цифрлық құжаттарды қолдануы әбден мүмкін.
Оқи отырыңыз: Көлікті кімдер және қалай тегін тіркей алады?
Серік Түсіповтің айтуынша, көлік жүргізушісі полицияға жеке куәлігін көрсетпесе, ескерту жасалады. Ал осы тәртіп бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады.
"Негізі, адам өз құжатын алғаш рет үйде қалдырып кетсе, ондай жағдайлардың 95 пайызы ескерту берумен аяқталады. Ал он күннің ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынады", – деді ол.
Кейбір жағдайларда адамда өзінің құжаты болмайды. Сондықтан да көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмай жатады. Ондайда көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады.
Оқи отырыңыз: Төлқұжат пен жеке куәлікті бір күнде рәсімдеуге болады
Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап көлік иелеріне жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді. Ал интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда радиобайланыс арналары арқылы тексеріледі.
Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына қатысты. Шетелдік нөмір таққан көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.