Тікелей эфир

Оба жайлаған жыл

Бір ауылды және ара-тұра әлемді қынадай қырған аурудың қысқаша хикаясы

Ойбай, мынау оба!

1947 жыл еді. Өмірзақ Әлімбаев онда жетіден асып сегізге аяқ басқан. Балқаш көлінің оңтүстік жағында, Іле өзенінің жағасына жақын Көкжидеде тұратын. Бұл атақты Ақкөлден әрі қарай жиырма шақырымға жетпейтін ауыл.

Ақкөлдің атақты болатыны – мұнда Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру науқаны жанына батқан халық отызыншы жылдар басында көтеріліске шыққан. Онда Ақкөл аудан орталығы болып тұрған. Көтерілісшілер қызыл биліктің аудандық кеңсесін басып алып, большевик өкіметі құлады деп мәлімдеген. Халықтық басқару тәртібін орнатуға кіріскен. Алматының түбінен жазалаушы отряд келгенше.

Жазалаушы әскер келген соң нағыз қырғын басталған. Көтеріліс басшылары мен қатысушылары оққа ұшты. Ұсталғандары абақтыға қамалды. Шұғыл түрде аудан орталығы Ақкөлден Бақанасқа ауыстырылды. Санадан бұл оқиғаны осылай өшірмек болды.

Қазір Ақкөлден шыға берісте көтеріліс құрбандарының құрметіне мемориал орнатылған. Ал Көкжиденің оқиғасы басқа. Мұнда да халық қырылды. Бірақ, оқтан емес, обадан. Оған ескерткіш қойылмақ еді, әзірге дөңбек тас қана жатыр. Осы жерде ескерткіш қойылады деген ниетті білдіретін. Бірталай жыл бұрын Кеңесбай Көпбосынов деген ақсақалдың бастауымен ауылдықтар қаржы жинапты.

Обадан аман қалған Өмірзақ Әлімбаев. Автордың фотосы

– Кеңесбай – карантин кезінде бір мүшелге толған бала. Менен бес жастай үлкендігі бар, – деген Өмірзақ ақсақал. – Кейін мал дәрігері маманы болып, шаруашылық басқарған.

Бұлар мектепке кеткенде Кеңесбайдың інісі мен Өмірзақтың қарындасы қол ұстасып жүріп, ағаларын тосады екен. Онда олардың жасы оқуға толмаған. Сол бауырмалдықты өмір бойы сақтапты.  

– Осы 2020 жылдың басында інімді ертіп жазуы бар тастың қасында суретке  түскенмін, – дейді Өмірзақ Әлімбаев ақсақал. – Міне 2020 жылдың соңына қарай інім Өмірбай өмірден өтті. Одан бұрын қарындасым қайтыс болған. Бұлардың халық жаппай қырылған обадан аман қалып, бергі жетпіс жылдай өмір сүргеніне шүкір деймін.

Ақсақалдың еске алуынша, сол жылы Көкжидеде Қордабай деген малшы қайтыс болған. Елдің ойында ештеңе жоқ. Ауыл-аймақ жерлеуге жиналған. Жерлеуге үлгермегені үйіне бата жасауға барған. Арада бірнеше күн өткен соң ауылдықтар бірінен кейін бірі қайтыс бола бастайды. Ел аңтарылып қалады. Әр үйден кісі ауырып, лезде өле береді.

Абдыраған аудан облысқа, облыс республика, республика ондағы орталық Москваға шұғыл хабар жібереді. Оба шықты!


Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы


Жердің бетін жайпаған

Қазіргі коронавирусқа дейін оба адамзат тарихындағы ең қатерлі жұқпалы дерт саналатын. Аймақтық ошақтарын есептемегенде Жер шарын толық үш рет шарпып өткен.

Алғашқысы ҮІ ғасыр ортасында қазіргі Мысыр аумағында басталды. Оба бүргесі бар түйелер керуенмен жетіп, тышқандар жүктің арасында кемелерге кіріп кетіп, солар арқылы дәуірлеп тұрған Рим империясының барлық қалаға тарады. Рим папасы Пелагиядан бастап, 100 миллион адам қаза тапты. Империяға қарамайтын қазіргі Германия, Франция, Испания аумағына дейін шарпып, қалалар қаңырады. Бұл оба "юстиниан" аталды.

Екіншісі "қара тажал" атымен әйгілі. Бұл жолы Қытайдан басталды. Байқалған уақыты 1334 жыл деп есептеледі. Керуен жолдары арқылы Үндістанға, одан Араб түбегіне жетеді. Әрі қарай Африканың солтүстігіне өтеді. Құрылықтың ішін дендеп, ортасындағы Килиманджароға жетеді.

Ол уақытта Солтүстік Африка мен Еуропаның батысы бір билеушінің уысында тұратындықтан кешікпей қазіргі Португалия мен Испания аумағынан шығады. Одан Франция, Германия арқылы қазіргі Ресейдің солтүстік-батыс өңірін ойрандады. Барлық шығын 50 миллион адам деп есептелген. Құрбандар "юстинианнан" аз, бірақ, "қара тажалдың" обып өткені даусыз.

"Атақтылардың" қатарындағы үшіншісі 1894 жылы дүрбелең әкелді. Бұл да Қытай аумағында басталды. Теңіз жақтағы қалаларында жүздеген мың адам қайтыс болды. Порттан шыққан кемелер арқылы оба дерті әлем қалаларына өтті. Мұндай қалалардың саны 87 болған. Арасында Ресейдің Одессасы бар. Ол уақытта қазақтың қажыға аттанғандары осы қаладан кемеге мінетін. Демек оларды қатерлі қақпан тосып тұрды. Бұл жолы ең көп құрбан Үндістан түбегінен екен, мұнда 12 миллион адам обадан өлді.

Орта ғасырлардағы Еуропада обаға шалдыққандар. Белгісіз суретшінің картинасы. Көшірме Википедиядан алынды

Оқи отырыңыз: Бейрутты емдеген бауыр


Сия ішкен сияқты

Обаның Жер шарын шарлаған тарихымен қысқаша танысып алсақ, енді Өмірзақ Әлімбаевтың әңгімесіне оралайық. Оба анықталысымен дереу қатаң карантин жарияланған. Көкжидеге ешкімнің кіруіне және шығуына болмайды. Сырттан кәдімгі әскер күзеткен. Манағы Ақкөл оқиғасынан кейін бұл жаққа әскердің әкелінуі – екінші рет.

– Ауыл ортасындағы мектеп госпитальге айналды. Тірі жүргеннің бәрін осында жинады, – дейді Өмірзақ ақсақал. – Алты ай бойы тырп етпей бақылауда жаттық.  Емдегенде қара-көк сия сияқты дәрі болды, соны ішкізетін. Үлкен қасықпен береді. Аузымыз көкпеңбек болып жүреміз.

Оба шыққан кезде, медициналық көмек келгенше  қайтыс болғандардан бөлек, карантин уақытында госпитальдегілер шетінен өліп жатты. Техника әкеліп үлкен ор қазған. Ол кезде қазіргі коронавирустан  қайтыс болғандардың денесін орайтын целлофан шыға қоймаған. Сондықтан мүрдеге креолин құйып, орға тастай берген.

Креолинді қазақ ежелден "кәрелен" атаған. Бала кезінде қорқынышты дерт шалған ауылды әңгімелеген Өмірзақ ағамыз да ауызекі тілмен "кәрелен" деген. Бұл қошқыл қою дәрі кеңес заманында қой баққан ауылдың бәрінде болды. Қой-ешкінің қотырын емдеуге керек. Малдың жүнін қырыққан соң креолин езілген тоғытпаға түсіреді. Мұнда хауіпсіздік талаптары бойынша жұмысшылар су өткізбейтін киіммен, қолғаппен және көзәйнек, тұмылдырықпен жүруі керек. Қайда? Отар-отар қойды тоғытпаға түсіргенде оқушыларды көмекке апаратын.

– Сол кәреленді Көкжидеде обадан өлген адамдардың денесі тасталған орға әлсін-әлсін төгіп жатты. Ол жерде енді тышқан тұрмақ шыбын жоламайтын, – дейді Өмірзақ ақсақал.

Бұл жағы 2020 жылғы жаздың басында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібіне ұқсайды. Өйткені, онда да, мұнда да ауруды таратпау басты шарт болған.

Кісілермен қатар ауылға қарасты барлық түйе карантин бақылауында болды. Өйткені Қордабай малшы түйе сойған. Бүкіл індет содан басталған.   


Оқи отырыңыз: Қойнаудағы қыстау


Тізбекте тұрған түйе

ХІХ ғасыр соңында Гонконгтан шыққан оба кезінде ғылым дами бастаған. Ғалымдар Йерсен мен Китазато Оңтүстік-Шығыс Азиада дертке шалдыққандарды тексеріп, бұл аурудың қоздырғышын тапты. Оны "Bacteria pestis" деп атады. Оба бүргесі мен микробы кеміргіштер денесінде болатыны анықталды. Тышқанның барлық түрінде кездеседі екен.

Кешікпей бұл ауру қоздырғышы тышқандармен қатар Орталық Азия мен Сібірді мекендейтін суырдың денесіне жүретіні мәлім болды. Ол тіпті, тышқаннан бұрын суырдың ағзасында пайда болған деген тұжырым жасалды. Көптеген ғалымдар осы пікірді қолдады.

Ал түрлі тышқан жүретін құмды дала түйенің де мекені ғой. Кеміргіштер жорғалап өткен жердің шөбін түйе жейтіні даусыз.

Дидье Рауль бастаған ғалымдар тобы Жер шарына обаны кеме мен түйе бірдей таратты деген пікірге тоқтаған. Өйткені, V ғасырдан бастап түйе сауда керуендерінің басты көлігіне айналды. Олар Орталық Азия – Қытай, Орталық Азия – Солтүстік Африка арасында жүк таситын. Жібек жолы толықтай түйелердің табанының астында жатты.

Түйеге оба тышқан арқылы жұғатыны арнайы тәжірибелер арқылы толық дәлелденді. Оны 1960 жылы В. Федоров анықтап, еңбегі дереу ағылшын тіліне аударылды. Тұжырымды дүние жүзінің ғалымдары қуаттады. 1976 жылы Ливияда оба шыққанда, оның адамдардың ауру түйені сойып, етін жегенінен басталғаны анықталды.

Қазақтың жылбасы туралы ертегінде тышқан түйенің құлағының үстіне отырып, Жылды басқалардан бірінші көретін. Сөйтсек, жануардың үлкені мен жәндіктің кішісінің қарым-қатынасы мұнымен шектелмепті. Тышқанның бойында жүрген бүрге шөпте қалып, одан түйенің денесіне оңай өтеді екен. Ар жағында түйеден адамға жұғудың еш қиындығы жоқ.

Ливия оқиғасынан бұрын 1964 жылы Маңғыстау түбегінде шөп шауып жүрген бригаданың жұмысшылары обаға шалдығып, бірнешеуі қайтыс болды. Сонда ауру түйе етін жеген жігіттен басталғаны мәлім болды. Демек, қатерлі дерттің басында ін қазатын кеміргіштер тұрса, бел ортасы түйенікі екеніне талас жоқ.


Оқи отырыңыз: У шығарған шу


Зираты жоқ марқұмдар

Көкжиде ауылына кіре беріс. Автордың фотосы

Тағы Көкжидеге оралайық. Онда бала Өмірзақ ата-анасымен және атасымен киіз үйде тұратын. Бұл ауылдағы үйлердің бәрін өртеу туралы нұсқау келіпті.

– Біз қарап тұрамыз. Үйді айналдыра жанармай шашады да, от қояды, – дейді сол жалын әлі көзін шарпып тұрғандай әсермен әңгімелейтін Өмірзақ Әлімбаев.

Өздерін жоғарыда айтылғандай, карантинге жатқызып, ауылдан шығармаған. Карантин біткен жарты жылдан соң балалардан бөлек жатқызылған әкесі жолығып, анасының қайтыс болғанын естиді. Кім обаның кесірінен анасыз, әкесіз қалды, сондай жетімдерге арнап Бақанас ауылында Балалар үйі ашылды. Көкжиденің 89 баласы соған жіберілді.

– Онда үй суық екен. Үлкен балалар кішкене балаларды қасына алып жатып, жылытатын, – деп еске алады ауыр күндерді Өмірзақ ақсақал.

Қазір үлкен ер бала кішкене ер баланы қасына алып жатуы басқаша естілуі мен бағалануы мүмкін. Заманның бұлай құбылғанына кім кінәлі? Жаһандану ма? Осылай ойлап алдық та, әрі қарай естелікке құлақ түрдік.

– Сол Бақанастағы Балалар үйінде бірінші класқа барып, қолыма "Әліппе" ұстадым, – дейді әңгімелесушіміз. – Оқушы аз болғандықтан бірінші класс пен үшінші класты бір бөлмеде оқытады. Келесі жылы әкемізге балаларын қолға алуға рұқсат етті. Қайтып келсек баяғы Көкжиде мүлде жоқ. Іленің жағасына жаңа ауыл салыпты. Бірақ, енді ол ауыл да жоқ. Оны су алып кетті. Қазіргі үшінші Көкжиде ғой.

Ауыл үш рет салынса да, обаның санадағы ізін өшіру мүмкін емес. Бұл дерт жайлаған ауылдан шығып, әлі тірі жүргендер саусақпен санарлықтай қалды.        

– Көкжидеде обадан қайтыс болған адамдардың зираты жоқ, – деп еске алады Өмірзақ ақсақал. – Ол орын тек картада көрсетілген. Қайтыс болғандардың арасында бізді емдеуге келген дәрігерлер бар еді. Көбі сонда өліп қалды. Солардың жанқиярлық әрекетін ұрпақтар ұмытпауы керек еді.

Дәрігерлер тобының ең елеулісі Жуков деген болыпты. Ол қара-көк дәрімен бірге ауруларға ақ таблетка бере бастаған. Екпе салғызған. Қандай дәрі ішкенін, әлбетте, Өмірзақ білмейді. Бірақ, сол дәрілердің арқасында сауығып шыққан.


Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза


Сынақты өзінен бастаған

Өмірзақ ағамыз фамилиясының бір бөлігін ғана есте сақтаған Жуковы – медицина ғылымдарының докторы Николай Николаевич Жуков-Вережников еді. Балқаш өңірінен оба шыққанда Москвадағы Экспериментальді биология  институтының зертханасынның меңгерушісі болатын. Оба ауруы бойынша Кеңес Одағындағы ең білікті маман ретінде танылған.

Медициналық институтты бітірген соң Саратов қаласындағы Оңтүстік-Шығыс микробиология мен жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтына жіберілген. Одан бес жыл Дондағы Ростовта Обаға қарсы институтта қызмет етті. Сол аймақтағы оба ошақтарымен жете таныс, ауруды емдеудің түрлі жолдарын зерттеген.

Жуков-Вережников 1944 жылы әлемде алғаш обаға қарсы екпені ойлап тапты. Оны және тұмауға қарсы өзі жасаған вакцинаны бірінші болып денесіне салдырған. Соның арқасында ауруға шалдыққандарды емдей жүріп, өзіне оба жұқтырмаған. Оның екпесін жаппай қолдану арқылы Кеңес Одағы халқын бұл жұқпалы аурудан сақтап келді.

Балқаш өңірінде оба шыққанын естіген соң жағдайды білуге және емдеуге өзі сұранған. Әйтпесе сол кездегі кеңестік билік "халқы аз, әрі шалғай аймақ екен,обаны одан әрі таратпас үшін ұшақпен үстінен өртеп жіберген жөн" деп шешім қабылдамақ болған. Ғалымның табандылығы бұл үстірт шешімді өзгерткен. Алты айда аймақтағы обаны жойған. 1950 жылы Бақанаста обаға қарсы күрес бөлімшесін ашқызып, оны тікелей Москвадан басқарылатын еткен.

Жалпы обаға қарсы күресетін бөлімшелер қазақ даласының құмды аймақтарының бәрінде бар еді. Бақанасқа дейін Батыс Қазақстан мен Сыр бойындағы аудандарда ашылған.

Оның бір мысалын әдебиеттен табуға болады. Жұмекен Нәжімеденовтің "Ақ шағыл" романында жергілікті қазақтар "шомный" келіпті деп шуласады. "Противочумный", яғни обаға қарсы күрес мамандарының тышқан аулап кететініне ауылдықтар күлсе де, олардың өмірін сақтаудағы маңызы зор еді.

Енді Көкжидедегі оба туралы тақырыпты түйіндесек, оқиғаның бас кейіпкері Николай Николаевич Жуков-Вережников еді. Ғалымның аудандық өлкетану музейіндегі жалғыз суреті естелік үшін аздық етеді. Оны Бақанастағы бөлімшені ұзақ жылдар басқарған Күлжаһан Әмірбекова тауып берген. Өмірзақ Әлімбеков үшін және обадан тірі қалып әлі жер басып жүргендер үшін есімі қымбат Николай Жуков-Вережниковке сол Көкжидеде не Бақанаста бір белгі қойса, артық па!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары