Атамекенді аралағанда
2020 жылдың күзі. Жазда жасыл кілемдей жайнап тұратын туған жер енді әжеміздің қоңыр қомшасынан аумай қалыпты.
Туған жер Аягөзден Зайсанға қарай 100 шақырым жүргенде басталады. Екі қаланың аты патша заманындағы құжаттарда тұрғанын алда айтамыз. Оған дейін жағырапиядан хабардар етелік.
Аягөз жақпен барғанда біз туғандағы Ақсуат, қазіргі Тарбағатай ауданының шекарасы Жіңішке аталатын жерден басталады. Семей мен Өскемен жақтан келсе, онда Жалпақ аталатын сазды аймақ бар. Қадыр Мырза Әли:
Кірер жері жалпақ та, шығар жері жіңішке,
Ақсуаттың қонағы мас болады түк ішпей, –
дегенде қимастық пен қонақжайлықты аңғартып қоймай, ауданның екі шетіндегі жағырапиялық нүктені белгілеп кеткен.
Жіңішке – жастар бригадасында екі жыл қой баққандағы алғашқы күзеуіміз. Ар жағындағы Майлышат аталатын жерді қыстадық. Қабанбай атамекенді қалмақтан азат еткен соң ас берген деседі. Сонда жылқының шарбысы бұлақ болып ағып Майлышат аталыпты. Негізі онсыз да түгін тартса, май шығатын өңір.
Майлышат – Қызылтас тауының қойнауы. Бұл жақта Қызылтас екеу. Мынау үлкені. Екіншісі Жәкуланың Қызылтасы аталады. Жіңішке солардың дәл ортасы. Тауда аты қалған Жәкула – екі империя тұсында еңсесі түспеген тарихи тұлға. Сол жерде қорасы болыпты.
Кеңес өкіметі орнап, әкімшілік бөлініс жүйеленгенде бұл аймақтағы ауданның аты Қызылтас екен. Майлышаттан отыз шақырымдағы Қызылкесік орталығы болған. Қызыл үкіметтің салық жинайтын орнына орай аталып кетсе керек. Әйтпесе, патша заманындағы құжаттарда аймақтағы шағын бұлақ, ұсақ шоқыға дейін аталады да, мынау кездеспейді.
Майлышат пен Қызылкесіктің арасында Алақ тауы тұр. Алақта большевиктік биліктің елді малдан айырып, байларды жер аудару саясатына қарсы көтеріліс шыққан. Отызыншы жылдары тәркілеуге қарсы қазақ даласындағы 300 көтерілістің елеулісінің бірі. Біз мектепте оқығанда тарих оқулығында жазылмайтын. Бірақ, ел ішінде еміс-еміс әңгімесі естілетін.
Оқи отырыңыз: Ақ шекпендінің қара шекпенділері
Тәуірше деген апамыздың бірде ақтар, бірде қызылдар зомбылық көрсеткен әйелдердің кегін қалай қайтарғаны аңызға айналған. Жәкула Күшіков, Мұқыш Қуанов деген ел басқарған кісілердің жер аударылатынына наразы халық Алақта атқа қонған. Бірінші қызыл отрядқа беріспеген. Атыса отырып Қытай асқан. Екінші ОГПУ отряды артта қалған бейбіт жұртты қырып, "бандыны тегіс талқандадық" деп есеп берген. Содан Қызылтас атын картадан ғана емес, көңілден өшіру үшін аудан орталығын көшіріп, атын Ақсуат атаған.
Қызылтастың келесі қойнауы Аққойынның табиғаты өте ғажап. Жазда аудандағылар облыс басшысын дем алдырады дейтін. Қыста бұл жер – қасқырдың мекені.
Әрі қарай Молдажар қыстауы бар. Атынан көрініп тұрғандай аймақты бай, болыстармен қатар діндар кісілер мекендеген. Алақ көтерілісінің бұрқ ете қалуы ОГПУ-дың Тырайыс қажыны атуынан басталыпты. Шыңғыстауда Шәкерім, Қызылтаста Тырайыс бір уақытта құрбан болған.
Таудың келесі қойнауы Дара аталды. Оның көркі, тіпті, керемет. Мектепте оқығанымызда Дарадан ағаш шапқызатын. Әр класта бөшке сияқты мешкей қара пеш тұрады. Оған көмір жағу үшін алдымен тамыздық керек. Жиырма пешті есептегенде, Дараға балта алып аттанбасқа амал жоқ.
Әрі қарай Зергер, Итбай қойнаулары бар. "Зергер бұлағы" атауын патша заманындағы құжаттан көрдік. Ал Итбай шамасы, "Алаш Орда" үкіметі мүшесіне кандидат Итбаев Ережептің атасының қыстауы болған. Ережеп қиырдағы Қызылтастан аттанып, Омбы, одан Томскіде оқыған.
Осылай, бұл өңірдің азаматтары Алаш қозғалысы мен одан кейінгі көтерлістерге қатысқан. Беріде Қызылкесіктегі мектепте тәуелсіз Қазақстанның нар тұлғасы Серікболсын Әбділдин оқыды. ХХІ ғасырда Жәкуланың немересі Асқар мектептің терезелеріне дейін ауыстырып, толық жөндеді.
Бәріне куә болған Қызылтастың қойнауы түгел ежелгі қыстау-қора. Қызыл тастан қаланған, қара тастан салынған. Енді ескерусіз, елеусіз қаңырап жатыр. Қаланған тастың асты суырға ін болған. Күлтөкпесі жазда жылқы үйездейтін жерге айналыпты.
Оқи отырыңыз: Атау, атау, атаулар
Құжаттарды қопарғанда
Бұл жердің атаулары Дулат Бабатайұлы арқылы ауыз әдебиетіне енді. Белгілі толғауындағы Сандықтас пен Ақжайлау осында. Біздің туу туралы куәлігімізде "туған жері: Ақжайлау ауылдық кеңесі" деп көрсетілген. Орысқа бағынудың қатерін Дулаттан артық айтқан кім бар еді:
Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты.
Атқамінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан-дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.
Дәл осыны кейін "Құлагер" дастанында Ілияс Жансүгіров тап басқан ғой:
Қырдағы қара сойыл бақандаған,
Қалада қара жүрек қаһарланған...
Ауыз әдебиетінен кейін туған жердің ресми жазба дерегін 1844 жылғы 6 сәуірден таптық. Сол күні І Николай патшаның жарлығымен 12 болыстан тұратын Көкпекті сыртқы округі құрылды. Оған жаңа 8 болыспен бірге бұрын Аягөз округіне қараған Мұрын-Назар, Мұрын-Құттымбет, Мұрын-Қыдыр және Мұрын-Кенже болыстары берілген. Мұрын-Қыдырдан Жәкулан тарайды.
Қырғыз даласы сыртқы округтер басқармасы сол жылы патшаға есеп жолдады. Онда "Орта жүзді құрайтын Сібір қазақтары жеті округтік приказбен басқарылады. Олар – Аманқарағай, Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы, Аягөз және жаңадан ашылған Көкпекті" деп көрсетілді.
Есепте жергілікті халық орыстармен араласқанға көндігіп жатқаны айтылған. Біразы жатаққа айналып, егін салуға кіріскен. "Осы жылы Аягөз бен Көкпекті округтерінде Тарбағатай тауы маңында көшіп жүретін қазақтар астықты мол жинады, артығын орысқа сатып, құрал-жабдыққа айырбастады. Мыңғыртып мал бағады, аздап аң аулайды. Кедейлері орыстың алтын кәсіпшілігіне қара жұмысқа келіп жатыр, алған жалақылары күнкөріске жетеді" деп жазылған.
Ішкі Ресейден қоныс аударған казактар балық аулап, тұз өндіріп, егін салып күнелткен. "Олар әрі мал өсіре бастады, даланың кеңдігі мен шөптің молдығы ешқандай шығын шығартпай, пайда түсіріп жатыр" деп жазылған әлгі есепте.
Оқи отырыңыз: Долананың дәмі
Сол жылы алғашқы санақ өткен.
- Мұрын-Назар болысында 3 229 ер, 2 873 әйел бар. Жылқысы – 17 153, сиыры – 3 978, қойы – 108 917.
- Мұрын-Құттымбетте ерлер – 1 741, әйел – 1 606, қолындағы малы: жылқы – 7 146, сиыр – 2 526, қой – 39 872.
- Үшінші болыс Мұрын-Кенжеде ер адам – 1 411, әйел – 1 430 көрінеді. Малынан: жылқысы – 5 773, сиыры – 2 074, қойы – 36 295.
- Мұрын-Қыдыр болысында ерлер – 1 211, әйелдер – 1 185. Жылқысы – 6 856, сиыры – 2 267, қойы – 36 191 бас.
Түйені неге санамаған? Кейін қазақтар кеңестен ығысып, Қытай асқанда сенімді көлік сол боларын ол заманның орысы білмесе керек.
Құжаттан байқайтынымыз: бастапқыда болыс аттары ру бойынша қойылған. Ал округтер Ақмола, Көкшетау, Баянауыл, Көкпекті, Аягөз деп жер атауымен аталған.
Санақта болыстардың қай өңірді мекендейтіні жазылған. Мұрын-Кенженің жайлауы мен қыстауынан бала кезден белгілі жер атауларын оқыдық: Боғас, Базар, Талдыбазар өзені, Желдіқара, Қауғабас, Долаңқара, Қарақойтас тауы, Зергер бұлағы дегендей. Мұрын-Қыдыр болысының көшіп жүретін аймағында Боғас, Жіңішке, Батпақбұлақ, Сандықтас, Тарбағатай, Талды, Базар, Өкпеті, Қауғабас, Қарашоқы, Қаражал атаулары кездеседі. Бәрі – біздің атамекен.
Арада жарты ғасыр өткенде болыстардың бұрынғы рулық атауы өзгертілген. Маңырақ, Өкпеті, Хабарасу, Нарын сияқты жер аттарымен жазылған. 1891 жылғы Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережеге сәйкес Көкпектіден басқа Зайсан уезі көрсетілген. Атамекендегі Боғас пен Базар болыстары енді Зайсан уезіне қараған.
1896 жылғы 11 қыркүйектегі мәлімет бойынша:
- Боғаста 5 ауыл, онда 1 171 шаңырақ;
- Базарда 5 ауыл, 1 000 түтін;
- Өкпетіде 11 ауыл, 2 055 түтін;
- Нарында 9 ауыл, 1 862 түтін болыпты.
Осының бір ауылы Жәкуланыкі екені талассыз. Өзі – ең ірі Өкпетінің болысы.
Мына Қызылтас қойнауында иен қалған көне қоныстар сол ауылдардың жұрты шығар. Санаққа қарағанда, Базар мен Боғастың әр ауылында – 40, Нарын мен Өкпетіде 20 үйден болған.
Оқи отырыңыз: Жалғасқан жағалар
Бедерлерді байыптағанда
Қойнаудағы қыстау мен архивтегі құжаттан басқа тағы бір бедер сол тарихты баяндайды. Аягөз – Боғас тас жолы Жәкуланың Қызылтасынан өтер жерде қызыл мәрмар ескерткіш тұр. Оны беріде Жәкула болыстың немересі Асқар орнатты.
ХХ ғасыр соңында "Хабар" агенттігінде қызмет істеп жүргенімізде Қытайдағы Асқармен сырттай танысып, электронды поштамен хат жазыстық. Атасының атында тау қалғанын, сол таудың бөктерінде қой баққанымызды айтқанбыз.
Атасы Жәкула Күшікұлы қиырдағы қыстаудан шығып, Омбыда оқыды. Дәрігер мамандығын алған соң Қарақол жақта, қырғыз ортасында қызмет етті. Әскери гарнизонның дәрігері болған.
Атамекенге қайтқанда халық қуанып, болыс сайлаған. "Халық сайлаған" дегенмен болыс болу үшін жергілікті ауылбасылардың дауысынан соң ояз бен губернатордың тағайындауын күтеді.
Жәкула басқарған Өкпеті, оған қатарлас Боғас, Базар болыстары аз күнгі "Алаш Орда" үкіметін, ақ пен қызыл соғысын, одан кейін Жаңа экономикалық саясат дәуірін өткізген. Онда атамекеннен қозғалмаған. Ал күштеп ұжымдастыру мен дәулетті адамдарды жер аудару саясаты басталғанда не тентіреп кету, не қарсылық білдіру – екі жолдың біріне түсуі керек. Бұлар большевиктік билікке қарсылық жолын таңдады. Алақ көтерілісі жеңілген соң амалсыз Қытай асты. Дулаттың ізбасары деуге болатын Кәрібай Таңатарұлы сол заманды, сор заманды дәл сипаттаған:
Мен келдім Тарбағатай тағы асқалы,
Жоныңда демімді алдым таң асқалы.
Құрылды ауаға − тор, жерге − қақпан,
Құтылар ер жігіттің бағы асқаны.Мың тоғыз жүз отыз бір болды бір сын,
Күйзеліс болды қатты халыққа тым.
Ерлерге ел таныған қатер төніп,
Ықтайтын керек болды қоянға жым.
Оқи отырыңыз: Сақтағаның – сары май
Дәулетті, билікте болған және оқыған тұлғаларға Қытайға қашпай, елде қалғаннан пайда жоқ екен. Жәкуланың жаңа өкіметке мойынсұнған немере інісі Әбілмәжін Күшіковті 1937 жылы "халық жауы" деп атып тастады. Варшавада алған білімін халық кәдесіне жаратуды НКВД не қылсын!
Қытайда тағы солай болды. Жәкула Дүнген көтерілісі кезінде жаралыларды емдеген. Дүнгенді тықсырып, Қытайды қолдауға келген Кеңес армиясы Шәуешекте "көтерілісшілерге көмектесті" деген айыппен Жәкула Күшікұлын өлтірді.
Одан екі ұл қалған. Тегіне тартпай тұра ма, Әнуар Іле аймағына басшы, ол жақта уәли дейді, болды. Мағауия осындай қызметті Тарбағатай аймағында атқарды. Одан кейін ағайындылар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районында жауапты қызметтерде жүрді. Маоның "Мәдени төңкерісі" кезінде Әнуарды түрмеде өлтірген.
Атамекенге ХХІ ғасыр басында оралған Асқар – Әнуардың ұлы, Жәкуланың немересі. Мына белгі тасты орнатып, шерлі шежірені кітапқа жинақтап, киноға түсіртіп еді. Әттең, өзінің өмірі тым қысқа болды. Қатерлі дерт арамыздан ерте алып кетті. Атамекенге оралғанда ойында болған жоспардың оннан бірін орындауға ғана үлгерсе керек.
Бағамдап отырсақ, Асқар Жәкулин атасы осы аймақтан шығып Қытай, одан Түркия асқан Мұстафа Өзтүрікпен тағдырлас екен. Алдындағы Шәкерім мен Тырайыс қажының тағдырлас, тауқыметтес болғаны іспетті.
Бабалар мекенінің белгілерін іздеп, тауып, ескерткішпен әйгілеп кеткен Асқардан соң қойнаудағы ежелгі, ескерусіз қыстауларды әспеттеген ешкім жоқ. Басқалар көне қорымдарды рұқсатсыз қазып, мүрдемен бірге көмілген алтын заттарды іздеуден аспай жүр...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎄Новогодние скидки: билеты на поезда по выгодным ценам распродают в Казахстане
- 5481
- 1
- 3
-
2❓День потрачен впустую: кто виноват и что делать, если доставка задерживается
- 5269
- 3
- 17
-
3⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 ноября
- 2875
- 0
- 7
-
4🏃♀️Семейный забег пройдёт в Астане. Победители получат телевизоры, пылесосы и планшеты
- 2792
- 1
- 21
-
5‼️К смертной казни приговорили жительницу Таиланда за серийные убийства с помощью цианида
- 2467
- 1
- 28
-
6🔥Столичные пожарные потушили горящий автомобиль
- 2437
- 0
- 11
-
7⚡️Солдат впал в кому после удара сержанта: начался суд по резонансному инциденту в воинской части Отара
- 2508
- 6
- 27
-
8⚖️ Прокуратура вернула 12,5 млн тенге предпринимателям алматинского метрополитена
- 2449
- 0
- 15
-
9🔥 Полицейские эвакуировали 20 человек из горящей многоэтажки в Кокшетау
- 2389
- 0
- 20
-
10☄️Продажи и прибыль Temu и Pinduoduo упали: акции рухнули на 11%
- 2467
- 0
- 5