Бұл тақырыпқа қатысты арнайы мақала жазбаса, болмайтын түрі бар. Тарихи түсінігі шала "тарихшылар" көбейген заманға тап болып тұрмыз. Әңгімені борбайлатпай, шынын айтқанда, "ит жоқта шошқа үредінің" керін келтіріп болды. Елдегі екі ортаңқол шежірешінің бірі тарихшы болғысы келіп, жұртты шатастыра бастағанын көріп, тіпті кейбірінің жазған шатпырақтарын оқып, жаға ұстадым. Ең сорақысы, әлгілер иә оқыған көркем шығармаға, болмаса белгілі бір құжатқа сілтеме жасауды білмейді. Мәлімет атаулыны жерден жеті қоян тапқандай, бірінен екіншісі көшіріп, өңін өзгертіп, өз аттарынан соға беретін болыпты.
Бұл шеменнің бұрын да жетісіп тұрғаны шамалы еді, кейінгі жылдары тіпті ушығып кеткен. Шежірешіні айтасыз, қазір кейбір журналист пен ат-ауазы белгілі әдебиетшілер де бірыңғай осы тәсілге көшіп алған сияқты. Беті шімірікпестен айтқаныңды сол қалпында, бірақ өз атынан жариялай салатындар көбейген. Әр аталық ойына келгенін жасап, аталарын ұлықтағанда да адам сенбейтін дәрежеге көтеріп жіберген. Жақсы, соның бәрі болмаса да ең құрығанда шет-шепірі шындықпен жанасса ғой, шіркін. Шындығыңыз не, ол ауылға тіпті төркіндемейді, шылғи өтірік. Осының бәрі "Әй дейтін Ажаның (әженің емес), қой дейтін Қожаның" жоқтығынан. Ал жергілікті жердегі жекелеген мамандар айта-айта шаршаған тәрізді, олар да тек мүлгіп отыра беруге көшіпті.
Оқи отырыңыз: Дәстүрлі өнерді ру мен жер тарихынан бөлек зерттеуге болмайды
Мен бұл жайтты халық батыры Сартай Байжанұлына қатысты айтып отырмын. Иә, бүгінде жұрттың бәрі "Мың бала қозғалысының жетекшісі" деп жасанды тарихқа айналдырып алып бара жатқан қисынсыздық түптің түбінде жарға жығары анық. Өстіп жүріп заманында Кіші Орданың белгілі биі болған, 10 мың шаңырақ Шектінің атынан сөйлеген көреген Сартайдың тарихи бейнесін жалған тарих пен дүдәмал пікірлердің дүмпуіне түсіріп жібермесек болғаны ғой.
"Мың бала қозғалысы" қолдан жасалған миф екенін ашып айтуымыз керек. Әрине, мұны естігенде кейбіреулер табанына шоқ басқандай шоршып түсуі мүмкін. Олай болса, осыған қатысты сыңар ауыз сөз кездесетін бір тарихи құжат көрсетіңіз, мен сөзімді толайым қайтып алар едім. Ол болмаған жерде барлық әңгіменің түбі шикі, өзегі солқылдақ, діңгегі бос. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам һәм еш уақытта өрге баспайтынының бір мысалы осы. Кезінде оның кімдерге не үшін керек болғанын және қай қасқаның қолымен от көселгенін де білеміз. Асықпасақ ол жайында, Сартай туралы шайыр Нұрмағамбет Қосжанов жазған жыр жөнінде, оның нұсқа аралық өзара айырмашылығы, жырға жол-жөнекей қосылған һәм әдейі жасалған фальсификация жайында талдап, таразылап, бастан жақ айырғандай арнайы тоқталып айтатын боламыз. Батыр жайындағы даңқты көркем фильмнің де сыбағасы сол жерде сақтаулы. Әзірге айтайын дегенім бір ғана жайт, Асан Жақайымдарға һәм тарихи Асанқайғыға қатысты түйткіл.
Оқи отырыңыз: "Тағаймұрат" жырының тағдыры
"Бір өтірігің шығып қалса, шындығыңа жұрт сене ме?" депті бұрынғылар. Расында, тарихтың алдында өтірікші атану үшін мың шындықтың арасындағы жалғыз ауыз жалған дерек жетіп жатыр. Тарихта аты қалған Асанқайғы Сәбитұлын Жақайым Шыңғысұлының баласы Ақбураның Асанымен шатастыру, шатастыру емес, сол есімге әдейі телу – тарих алдында масқара болудың ең соңғы нүктесі, басқа ештеңе де емес. Асан деген ерен есім тек Жақайымда ғана емес, Кіші жүз бірлестігіндегі Байұлы, Жетіру, Қаракесектің біразында және Орта жүз руларында да жиі кездеседі. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, сол қаптаған Асандардың бәрін Ұлық Мұхамедтің кеңесшісі, Қазақ хандығының түп тұқиянында тұрған Асанқайғыға телісек һәм "осылай екен" деп қарапайым халықты имандай ұйытатын болсақ, тарихта не қасиет қалады?
Жақсы, менің бұл сөзіме бәрібір күмәнданып отырған шығарсыз, олай болса саусағыңызды санамалаңыз да есептей қойыңыз. Сартай батыр дүние дидарына 1711 жылы келіпті, өзі Абылай ханмен түйедей құрдас екен. Ауызша тарихқа негізделген ғылыми қисын әр аталықтың арасын есептеуге 30 жыл қояды. Жақайымнан бастап Сартайдың әкесі Байжанға дейін 4 ата (Жақайым – Ақбура – Асан – Қосқұлақ – Байжан). Көрдіңіз бе, әрі кеткенде бір жарым ғасырдың аясы. Бұл жерде "Асаннан тағы да Асан туыпты" дейтін сакральды шежіре мәліметін кірістірмей-ақ қоялық, ол бөлек әңгіме. Сонда қалай болды, әрі кеткенде ХVII ғасырдың басында, ұзағанда ХVI ғасырдың аяғында дүниеге келген Асан Ақбураұлы қалайша ХIV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында өмір сүрген ноғайлының Асанқайғысына айналып шыға келген?
Тарих – собығын қалаған жерге тығып кетіп, бір айналып келіп ойлаған өніміңді ала қоятын жүгері шаруашылығы емес. Сәл де болса ойланып, айналаға қарап, мамандардың пікіріне ден қойып, ғалымдардың болжамын божыратпай байыпты байламдарға жол беріп, дарақылықты доғарайық, ағайын!
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.