Сыр бойының рухани шекаралық шегiнде жатқан Батыс Қазақстан дәстүрiне жақын эпикалық аудандар – Шалқар, Арал, Қазалы топырағында дамыған жыршылық дәстүрді соны белеске көтеріп, осынау аймақтағы эпикалық жыршылық мектептiң заманауи үлгiсiн қалыптастырған көрнектi шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы 1889-шы сиыр жылының күзiнде Мырзас елдi мекенде дүниеге келген. Оның "Мен туыппын Мырзаста, / Сиыр жылдың күзiнде" деген өлеңінің өзегіндегі бүкпе сырдан бұған дейiн ғалымдар арасында талас тудырып, "1887 жылы туған" деп жаңсақ жазылып келген екіұдай дерекке қатысты нақты мәліметті анықтай аламыз.
Нұртуғанның эпикалық мұрасы – уақиғалы (сюжеттi) жырлары мен шағын жанрдағы терме, толғау, насихат, уағыз, арнау, хат өлеңдерi халық мұрасын жинаушы Әбсаттар Оспановтың құрастыруымен жарық көрдi [Кенжеғұлұлы Н. Кәнекей, тiлiм, сөйлешi. Алматы, 1992; Кенжеғұлұлы Н. Шығармалары. Астана: Фолиант, 2009]. Алайда кейбiр шығармаларының күнi бүгiнге дейiн толық жарияланбай келе жатқанын ғылыми ақиқат үшiн айтуымыз керек.
Оқи отырыңыз: Қорқытта күй жоқ па әлде бізде оған деген құрмет-сый жоқ па?
Көрсетілген басылымдарға енген сондай шығарманың бiрi – "Орақ – Мамай" қаһармандық жыры 2006 жылы "Бабалар сөзi" сериясымен кiтап болып шыққан едi [Бабалар сөзi: Жүз томдық. Батырлар жыры. 40-т., 43–313-б. Кенжеғұлұлы Н. "Орақ – Мамай". Астана: Фолиант, 2006]. Басылымға "Орақ – Мамай" қаһармандық жырының 140 жолдай қара сөзiн есепке алмағанда, 9261000 жол өлең енген. Эпикалық туындының мазмұн, сюжетiнiң толықтығына қарамастан, шығарманың шорт кесіліп, оқыс күрмелуi аяқталмай қалған тәрізді әсер қалдырады. Ал Нұртуған шығармашылығынан елеулi орын алатын көлемдi қаһармандық эпостың бірі "Қобыландыны" әзiрге "жоғалған" жыр қатарына жатқызуға мәжбүрмiз. Өйткенi, тағдыры бұлыңғыр туындының шайыр шығармаларының бірі болғаны дау тудырмайды десек те, күні бүгінге дейін мемлекеттiк мұрағат пен жеке жинаушылар қорынан табылмай келе жатыр.
Ендігі сөз осыған дейін екi рет үзiндiсi жарияланған шытырман тағдырлы шығарманың бірі "Тағаймұрат" дастанына қатысты деректер төңiрегiнде өрбiмек. "Тағаймұрат" тарихи дастаны қолжазбасына қатысты ой қозғағанда, әуелде оның қай жыршының қолына тиiп, кейiн кімге өтіп, тағы басқа кiмдер сақтағаны, сөйтiп бүгiнгi күнге жетуiнiң қысқа тарихнамасына байланысты шайырдың "Дәрiғұлға" атты хат өлеңінің мазмұн, мағынасы ден қойғызады. Әрине, бұл арнау өлеңнiң қай жылы, қай айда жазылғаны белгiсiз. Пайымымыз бойынша, ол дүниеден өткен 1939 жылды аталмыш өлеңнiң де жазылу мерзiмi деп топшылауға болатын сияқты. Өйткенi, дәл осы кезде әлi тұғырынан таймағанмен, әбден науқас меңдеткен шайырдың денсаулығы бұрынғыдан бетер нашарлай түскен едi.
Содан соң хат өлеңнiң ұзын-ырға мазмұнынан "Шайырдың бiр тойда отырып Дәрiғұлдай жыршы iнiсiне уәде бергенi және берген уәдесiн орындап, қолындағы "Тағаймұрат" дастанының жалғыз қолжазбасын берiп жiбергенi; әйтсе де, "кері қайтарамын" деген хабарының ұзап кеткенiнен көңілі қобалжулы екені, оңаша жайда отырған науқас ағасының өлеңнен басқа алаңы жоқтығы; оған қоса, Қырдағы көлiмбеттер мен Сырдағы қожамберлiлердiң де қолжазбаға қолқа салып жүргенi, өзi барып қайтуға жердiң жырақтығы қолбайлау болып тұрғаны; оның үстiне, кейінгі кезде аяқтан қалғаны, көзiнiң де кiреуке тарта бастағаны, кешқұрым, соқыр шамның жарығына жиналып алып, жаңа шығарманы оқығысы келетiн ағайынның ренiшiн айтып, жырдың керi қайтарылуын, ендi кiдiртпеуiн сұраған" жағдаяттық жайттардан Нұртуған мен Дәріғұлға қатысты кейбiр жеке, ішкі мәселелердiң өкпе-назға айнала бастағанын аңғаруға болады. Жалпы, Нұртуған шығармашылығы аясындағы ұлық ұстаз бейнесi мен ол қалыптастырған эпикалық жыршылық мектеп түлектерiнiң арасындағы дүнияуи мәселелер болашақта арнайы сөз етіп, жеке зерттеу жүргізуді талап ететiн күрделi тақырып.
Оқи отырыңыз: Шырғалаң болған шығармашылық өмірбаян
Рас, әуелде сөз қорын жаңартып, алқалаған әлеуметтің алдында орындау мақсатында сұрап алған ұстаздың су жаңа шығармасы – Самарқанның билеушiсi, Темір әулеті империясын негіздеуші, исламдағы софылық ілімді жақтаушы Әмір Темiрдiң әкесi барлас Мұхаммед Тарағай бектің (дастанда Тағаймұрат. – авт.) басынан өткен шытырман уақиғалар желiсi мен Ақсақ Темірдің тарихын сөз ететін дастан қолжазбасының керi қайтарылуы жөнiнде Нұртуғанның сонша таусылғанына қарағанда, әуелде Дәрiғұлға бергенi көшiрме емес, қолжазбаның түпнұсқасы шығар деп топшыладық. Ал жыршы болса, күнкөрiс қамымен ел аралап, жыр айтып жүрiп, аманатқа алған мүлікті ұстазына кері қайтаруға мән бермеген сияқты, мүмкін екі асығыс пен бір үсігістің арасында ұмытып кетуі де ғажап емес. Нұртуған шынымен де бiр сұмдықтың шетін сезiп қобалжығандай-ақ екен. Ол 1939 жылы 41 жасында дүние салғанда, сөз болып отырған дастанның жалғыз түпнұсқасы өнер жалғар шәкiртi, әрi туған бөлесi Дәрiғұл Өмірқұлұлының қолында қалды.
Сөйтіп, арада бiрнеше жыл өткенде, Кеңес Одағы мен фашистiк Германия арасында тұтанып, 4 жылға ұласқан қанды қасап – Ұлы Отан соғысы басталды. Ел қатарлы отан қорғау міндетін өтеу үшін аттанған Нұртуған шайырдың жалғыз ұлы Зәйтүн майдан даласында мерт болды. Жалғыздан қалған көзiнiң ағы мен қарасы, қос немере – Дөңес пен Кеңес ел ішін жайлай бастаған көп iндеттiң бірінің қармағына iлiніпті. Сөйтiп, ұлы шайырдың соңында өзінің белінен тараған ұрпақ қалмады.
Шайырдан тәлім түйген бес шәкiрт – Еңсепбай, Бақытжан, Жәмет, Көпжасар, Дәрiқұлдардың тағдыры да бiрiнен соң бiрi алай-түлей күйге ұшырады. Ең алғыр деген ізбасары, әрi туысқан iнiсi Бақытжан Жұбаназарұлы тым жастай қаза тапты, жиенi Жәмет Сайымұлы жыр айтқаны үшiн ғана 25 жыл бас бостандығынан айрылды. Жәметтің тағдырын қайталаудан қорқып, ақыр аяғында жыр айтуды мүлдем қойып кеткендiктен, Көпжасар мен Еңсепбайдың кейінгі өмiрі жайында дерек мүлдем аз. Сөйтiп, Нұртуған қалыптастырған жаңа үлгідегі көне эпикалық жыршылық мектеп шатқаяқтап кетті.
Сол күндердiң ащы шындығындай болып менiң ойыма мына бiр уақиға орала бердi. Қазақ даласын "бәрi майдан үшiн" деген ұранмен бiрiктiрген 1941-1942 жылдың сұрапыл мезгілі болса керек. Дәрiғұл жыршыға да шақырту қағазы келiптi. Ұлық ұстаздан қалған жыр мұраны толық игерген соңғы жыршы, асыл тұяқ Дәрiғұлдың тек қара басын аман сақтап қалу үшiн елдің қариялары оған соғыстан қашу жөнінде кеңес беріпті. Бұл әрекетінің ақыры заң алдында қандай жауапкершілік жүктейтінің біле тұра, аманатқа адал шәкiрт халық мұрасын аман сақтап қалу үшiн ел ағаларының тiлегiн амалсыз қабыл алыпты. Сөйтiп, Абылай есімді замандасы екеуі бiрнеше жыл Көкаралдың шыңдарын паналап, өкіметтен бой тасалап жүрiптi.
Оқи отырыңыз: "Қыз Жібек" лиро-эпосындағы сән-салтанат көріністері
Бiрақ, ол дәуiр, дәурен де онша ұзаққа созылмаған. Әуелi Ақтөбе түрмесiнде отырған, кейін Ресейдің солтүстік-шығысындағы Магаданға айдалған жыршы, туған топырағы – Ескiұраға 1954 жылдың аяғында, Сталин дүние салғаннан кейiн оралды. Алтынның сынығы, көненiң көзi, Нұртуғандай ғазиздiң төл шәкiртi әбден науқасы меңдеп, асыл сүйегін түрме мүжіп, қажып, жадап-жүдеп, әлсiреп келiптi. Дәл осы жылы Ескiұрамен қатар отырған ауыл – Қызылжарда тұратын бердiңғұл Омар қайратымен аты шығып жүрген ұлы Берекеттiң шаңырақ құрған құрметiне той беріпті. Ескiнiң жолы мен жоралғысын бiр адамдай бiлетiн қария, тойға жыршы жырлатуды ұйғарып, сауын айтып, осы жиынның мерейін тасытуға Дәрiғұлды алдыртыпты. Кеңес үкiметiнiң қылышынан қан сорғалап тұрған заманда, оның үстiне, "соғыстан қашқан" деген жаман аты дүрілдеп тұрған адамды шақырып, қошемет, құрмет көрсету үшiн де сом жүрек, тәуекелшiл ер керек.
Қария ештеңеден де тайсалмапты. Дәрiғұл жыршы да 13 жыл дегенде аңсап жетіп, дидарын әрең көрген ағайынның дүбiрлi думанында түнді таңға ұластырып, бiрнеше күн жыр айтып, көкiрегiнде тасемен шерді армансыз шығарады. Той тарқайтын күнi заманында елдiң еркесi, алқаның серкесі болған қас жыршыға қалың нөпiрдiң алдында астына ат мiнгiзiп, иығына қасқыр iшiк жауыпты. Сол күннен былай қарай жас Берекет жырдың нәріне жөргегінде жарыған жыршы ағасы фәни дүниенің дидарынан жылыстағанға дейiн оның көкiрегiндегi қазынаны орайын тауып жадына көшiрiп, үйренген мақамын санасына сіңіре берген. Болмыс, бiтiмi бөлек, қағыс иiрiмi шытырман зарлы әуендерді бiрiнен соң бiрiн сондай ынтызарлықпен үйренеді. Тек Дәрiғұл ғана бiлетiн сирек айтылатын шығармаларды жаттапты. Жадына тұта алмағандарын қағазға түсiрiп, қолжазбалапты. Кейін, Әмірәлі қарт, тағы да басқа көзіқарақтылар сақтаған Нұртуған Кенжеғұлұлы қолжазбасының түпнұсқасын қолына түсірген. Бiз сөз етiп отырған "Тағаймұрат" дастаны да осындай шытырман тағдырлы бұралаң жолдан өтiп, ақыры 1988 жылы бiздiң қолымызға тиген едi.
Ол кезде мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының студентiмiн. Қысқы, жазғы демалыс мезгiлiнде елге шығып, халық арасындағы фольклорлық мұра үлгiлерi мен жыршы орындаушылар репертуарын хаттау қалыпты әдетіме айналып болған шақ. Бұл жолы Арал қаласына тоқтап, сол жерден марқұм Сәбит Омаровты ертiп алып, Қызылжарға – Сәкеңнің әкесi Берекет Омаровтың шаңырағына ат басын тiредiк. Жыршының зайыбы Зиба жеңгеймен амандасып, хал сұрасып, өткенге салауат айтып, дәм татып болған соң, отағасынан қалған ескi қолжазба толы сандықты көруге рұқсат алдық. Алайда ол келісімімізді жыршының інісі Дәулет бұзды. Ол ағасынан қалған кеу сандықты көрсете алмайтынын кесіп айтты. Ақыры, қосымды жегуге барған марқұм Сәбит менің көңілім үшін ағайынымен арпалысып жүріп, Алматыдан арнайы келіп отырғанымды, бұлай етуге болмайтынын айтып, ақыры көнетоз қызыл шабаданда сақталған қағаздарды қарауыма мүмкіндік алып берді. Амал қанша, Дәулеттің әлгі әрекетінің ақыры Нұртуғаннан қалған түпнұсқа қолжазбаға күні бүгінге дейін зерттеуші мамандардың қолы тимей, ғылыми айналымға түспеуіне көрініп тұр екен ғой.
Оқи отырыңыз: Сандал күй кешкен Сапалайдың "Самалтауы"
Сонымен, біз де қолымызға іліккенін қанағат тұттық. Шабаданды ашып жібергенде менің көзіме оттай басылғаны Дәріғұл Өмірқұлұлының төлқұжаты болатын. Іздеп келген мүлігім ол болмаған соң, назар аудармағандай қалып таныттым. Алайда құжат бетіндегі құнды мәліметтерді көзбен көшірмелеп, сана түкпіріне өшпестей етіп жазып алдым. Көп жылдан берi сабылып iздеген жандар таба алмай, талай зерттеушiнiң көңiлiн күмәндi еткен "Тағаймұрат" дастанының кириллицаға машықтанбаған адамның қолымен көшірілген (шамасы ескiше сауатты болса керек. – авт.) толық нұсқасының жазбасын мен сонда алғаш рет қолыма ұстап, жыр мазмұнымен де сол жолы таныстым. Бір анығы, "Тағаймұраттың" қолжазбасы тікелей Дәрiғұлдан жеткеніне, сол нұсқадан кириллицаға көшірілгеніне ешқандай күмән жоқ. Бiрақ оны кириллицаға кім көшірді, әлде Дәріғұлдың өзі домбырамен айтып отырып, сауатты бiреуге қағазға түсіртті ме, ол жағы белгiсiз.
Мен осы Қызылжар сапарынан "Тағаймұрат" дастанына қоса Нұртуғанның бұрын жарық көрмеген "Мерекең құтты болсын, қарындасым" (ұзатылатын қызға), "Сөйледім көріп көпті судай шалқып" (қатын, қыздарды мақтайтын сөз), "Өмірқұл, бір ағасың үлгі көрген" (еркектерге айтылатын ұлықтау), "Ой, Алла, үйден шықтым талап айдап" (Дәріғұл мен Нұртуғанның жауаптасуы), "Ылайқат түсті ерге жүйрік жорға" (күлік Қалмағамбетке), "Әй, жиенім, Әбілев" (дәулетияр Бегалыға), "Домалақта той болды..." деп басталатын бірсыпыра өлеңдерін, сондай-ақ Нұрмағамбет Қосжанов жырлаған "Сартай" дастанының бір нұсқасын қолқалап алып қайттым да, кейін Нұртуғанның жарияланбаған өлеңдері мен "Тағаймұрат" дастанын жеке жинақ етіп шығардым [Кенжеғұлұлы Н. Тағаймұрат. Дастан. Алматы: Arna-b, 2009. 112 бет].
Осы қолжазбамен қатар, әлгі шабаданның түбіндегі кiшкентай қойын кiтапшада Берекет өз қолымен жазған, аздаған өзгешелiгi бар, дастанның тағы бiр нұсқасы сақтаулы екен. Мұның "үлкен қолжазбаның" көшiрмесi екенi байқалды. Нұртуған жырларын жариялаушы Әбсаттар Оспановтың қолына іліккені осы нұсқа екенiне бiз кейін, уақыт те келе көз жеткiздiк.
Шайырдың уақиғалы шығармалары мен терме, толғауларын бiр адамдай жинастырған, өзi мектеп мұғалiмі болғандықтан ел арасындағы көзкөрген көнелерден арнайы сауалнама (анкета) арқылы ұзақ жыл iздестiрiп, жүйелеген Әлiмжан Суханберлин де қолына түспей жүрген шығармалар қатарында "Тағаймұрат" дастанын атап, Берекет Омаровқа сұрау салған хат та әлгi сандықтың түбiнен шықты. Әлекең "Тағаймұрат" қолжазбасының Берекетте бар екенін білген. Алайда жыршы мектеп мұғалімінің бұл өтінішін жауапсыз қалдырған сияқты.
Жасыратын несi бар, Арал өңірiнiң жыршылық өнерiне ерекше ықылас танытып, ден қойған, әсiресе, Дәрiғұлдың ешкімге ұқсамайтын мақам саздарын иiрiм, нақышына келтiрiп орындаған, халық мұрасын көп жинаған зерделілігіне қоса, билiк тұтқасын ерте ұстаған кiрпияз Берекет, қолына түсірген халық ақындарының жыр мұрасын реттi, ретсiз таратуға немесе зерттеушiлердiң кәдесiне жаратуға, расында да әжептәуiр сараңдық танытқан. Жыршының осы мiнезiнiң арқасында Аралдың эпикалық жыршылық үрдiсіне қатысты қыруар материалдар, әсiресе Нұртуған Кенжеғұлұлы, Нұрмағамбет Қосжанов, Әбiлда Жаңабаев, Дәрiғұл Өмiрқұлұлы сияқты шайырлардың шығармалары бiршама толық нұсқада сақталып, кейiнгi буынның қажетiне жарады. Мiне, тұтас дәуiрдiң жүгiн көтерiп, бiр өлкенiң эпикалық жыршылық мектебiнiң отын маздатқан Нұртуған сияқты ақиық шайырдың бiр ғана шығармасы "Тағаймұрат" дастанының жыршылардың жадында жүріп, бiздің қолымызға тиіп, жарық көруінің қысқаша тарихнамасы осындай.
Сөз түйіні көрінген тұста аталмыш дастан мәтiнiнiң көркемдiк кестесi – жыр шумақтарының ұйқас үйлесiмiне, екi нұсқа арасындағы азын-аулақ айырмашылықтарға тоқталып өтуді жөн көрдік. Бiз жариялаған "Дәрiғұл – Берекет" нұсқасының қара сөз араласпаған көлемі 1542, ал Әбсаттар Оспановтың құрастыруымен жарық көрген нұсқа 679 жол өлең. Сондай-ақ, шығармада бiрiн екiншiсi қайталамайтын жекелеген жыр жолдары, кейде тұтас топтама түйдектер (блоктар) шоғыры кездесетiнiне көз жеткiздiк. Мұндай айырым ерекшелiктердi таразылау үшiн белгiлi екi нұсқаға тиянақты мәтінтанымдық зерттеу жүргізу қажеттігін, ол мәселе орындаушылық түрлемелер кезінде болатын жазылмаған заңдылық екенін білгендіктен, бiз қос нұсқада кездесетiн ондай айырым ерекшелiктердi саналы түрде өзгерiссiз қалдырдық.
Дастан белгілі бір топтың алдында жырланып, сондай-ақ жазып алушы айтушыдан қолжазбалау барысында осындай ауыс-түйiстерге түскенiнде сөз жоқ. "Тыңдап отыр, азамат, / Мен осыдан хабар беремiн" немесе "Сыпыртып домбырамен айтқанменен, / Тыңдаушы, құлағыңа сөз қона ма?" деген сияқты қаратпа жолдар жыр түйдектерінің күрмелер тұсында жиi ұшырасып отыратын, аңдатпа маңынасындағы жеке тармақтардан шығарманың домбыра сүйемелiмен айту кезінде, тек жырлау үдерісінде ғана кездесiп, шығарманың мазмұнына қатысы жоқ сияқты көрiнетiн, эпикалық жыршылыққа тән түрлі сезімдік әсерлеуіштер тегершiгi iске қосылған сәттердің бірінде қағазға түсiрiлгенi аңғарылады. Олай болса, "Тағаймұраттың" алғашқы жырлаушысы һәм жырланған мәтінді қолжазбалатушы – Нұртуғанның төл шәкiртi, дастан қолжазбасының түпнұсқасын ұзақ жылдар бойы жадында сақтап, ұлы Отан соғысы зұлматынан, жат жердегi түрме тауқыметiнен аман алып шығып, бейбiт күнге аманат еткен Дәрiғұл Өмірқұлұлы екенiне күмән болмау керек.
Шайырдың өзге эпикалық туындыларындай емес, "Тағаймұрат" дастанының көркемдiк кестесiндегі әлсiз тұстарды түрме тауқыметiне қоса, тұрмыс қиындығын көп көріп титықтаған эпик жыршының әуелде жаттап алған қолжазбаны жоғалтып алып, кейiн мәтінді ұмытып, жырдағы жекелеген эпизодтар мен топтама, түйдектердің орнын шатастырып, жырдың ұйқасын да шұбарлап алуынан байқауға болады. Бұл жанды эпикалық жыршылық дәстүрде мiндеттi түрде ұшырасатын тыңдаушы ортаға, айтушының жасына, көңiл күйiне, денсаулығына, әлеуметтiк жағдайына, басынан өтіп жататын тұрмыс тауқыметiне, жыр мәтіні қолжазбаға түсірілетін сәтте орын алатын толып жатқан психологиялық жағдаятқа қатысты болатын, сырт қарағанда елеусіз, ішкі ерекшеліктердің жемісі.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.