Тікелей эфир

Экономикасы Қазақстанға ұқсас Чили инфляцияны қалай ауыздықтады?

Макроталдаушы Аякөз Ханетова кез келген жоғары инфляцияны төмендету қиын әрі оған ұзақ уақыт керек деп есептейді.

Бірталай экономистер Чили мен Қазақстан экономикасын жиі ұқсастырып жатады. Ең басты ұқсастығымыз – экономикамыздың негізгі табысы шикізат экспортына тәуелді болғандығында.

Біздікі – мұнай, Чилидікі – мыс, металдар.

Чили 1973 жылдардың басында ірі экономикалық дағдарысты басынан кешірді. Шамасы 15-20 жылдан кейін ғана аяққа нық тұрды. Ал тарихта "Чили ғажайыбы" деген атпен осы экономикалық өсуді сипаттайтын, жақтайтын, даттайтын біраз еңбектер жазылды.

1973 жылы атышулы генерал Пиночет Аугусто әскери төңкеріс жасап Чили билігін өз қолына алады. Себебі, жетпісінші жылдардың басынан бастап елдің жағдайы мәз болмады, азық-түлік тек карточкамен ғана сатылды.

1971 жылы Чили бюджетінің шамамен 70%-ын қамтамасыз еткен мыстың әлемдік бағасы екі есе арзандап бюджет тапшылығы артты. Мемлекет қарамағына өткен мыс өндіруші кәсіпорын жұмысшылары мен жүк көлігі жүргізушілері жер-жерде ереуілге шықты. Инфляция айына 25%-ға өсіп отырды.

1973 жылы қыркүйекте Пиночет билікке келгеннен кейін экономиканы либералдандыруға көшті. Бірақ Пиночеттің өзінің жоспары болмағандықтан, бұл жауапкершілікті бір топ экономисттерге жүктеген екен. Елде жеке меншік институты қалыптасып, шетелдік инвесторларға жол ашылады. Нарықтық экономикаға көшуін қолдаған АҚШ пен Париж клубы Чилидің миллиардтаған қарызын кешіреді, ал Дүниежүзілік банк несие береді.

Алғашында экономикада аздаған өзгерістер болғанымен, 1973 жылы жылдық инфляция – 500%, ал 1974 жылы 370% болды. 1975 жылы бірнеше девальвация орын алған соң жергілікті валюта эскудодан – Песоға ауыстырылды.


Оқи отырыңыз: Ұлттық қорды неге экономикаға құя салмаймыз? Ол қашан таусылады?


1978 жылы мыстың әлемдік бағасы көтеріледі, бұл Чили бюджетінің кірісін арттырады. Инфляция төмендеп, ал жалпы ішкі өнім артып жатыр. Валюталық түсімдері молая бастаған соң, дағдарыстан әбден титықтаған ел экономикасы ес жия бастайды. Енді мыс экспорттық кірістің 70%-ын емес, тек 50%-ын ғана құрады, ал Чили экспортқа жеміс-жидек пен шарап шығара бастады. 1978 жылы жылдық инфляция 25%-ға дейін төмендеді. Бес жылдың ішінде инфляцияның 500%-дан 25%-ға түсуі шынында ғажайып секілді.

1973-1975 жылдары экономикалық реформалар шынында экономиканың қарқынды өсуіне алғышарт жасады. Алайда 1982 жылы сыртқы қарыз дағдарысы салдарынан экономика тағы бір соққыға ұшырады. Жаңа реформалар толқыны басталды. 1990 жылға қарай қайтадан экономикасы қарқынды түрде өсе бастады.

Чили инфляциясын төмендету үшін 20 жылдай уақыт ішінде кем дегенде үш рет реформа жасады. Әрбір реформа ауыр өтті. Алдымен жұмыссыздық артып, ЖІӨ көрсеткіштері түсіп барып инфляция төмендеді. Инфляция ауыздықталғаннан кейін экономикасы қарқынды дами бастады.

Экономист Қуат Акижанов Чили ғажайыбын неолиберализмнің ашық мысалы ретінде келтірді. Себебі Пиночет өзі әскери-авторитарлық режим құрғанымен, экономикасының тізгінін "Чикаголық жігіттерге" берген еді. Ал олар біз білетін классикалық либерализмге емес, неолиберализмге бет бұрды.

"Чикаголық жігіттер" – 30 шақты жас экономистер (арасында әйел де болды негізі). Олар әйгілі Милтон Фридман ізбасарлары еді және еркін нарық теориясын құруға тырысты. Реформаның негізі "шок терапиясы" деп аталатын тұжырым болды. Аты қорқынышты реформаның, заты да қорқынышты. Оның негізгі қағидалары бойынша мемлекеттік шығыстарды қысқарту арқылы "Экономиканы қалпына келтіру" бағдарламасын жүзеге асырып, инфляцияны төмендету еді. Ол мақсаттарына жетті.


Оқи отырыңыз: АҚШ-тың қарызы 31 трлн доллардан асты. Оның Қазақстанға әсері қандай?


Бұл шаралар жұмыссыздықтың бір жыл ішінде 9,1%-дан 18,7%-ға дейін өсуіне әкелді, ал өндіріс 12,9%-ға төмендеді. Чили халқы үшін ең ауыр дағдарыстың бірі болды. (Филлипс қисығына сай қысқа мерзім ішінде инфляция төмендеуі үшін жұмыссыздық артуы керек, яғни теория орындалды десек болады)

Алайда Чили әлемдік нарыққа интеграцияланған соң, оның экономикасы әлемдік нарықтың бағыт-бағдарына тәуелді болды. 1982 жылы басталған әлемдік дағдарыс Чилиді де шарпыды. Өнеркәсіп пен қаржы саласы толығымен күйреді, осы уақытта мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, халықаралық ұйымдардан қарыз алды. Сөйтіп экономикасы 1983 жылы қайта тірілді.

Сонымен, 2020 жылдардың басына қарай Чили Латын Америкасындағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша көш бастаған, инфляциясы төмен ел болды. Алайда сарапшылардың айтуынша ел көрсеткіші өскенімен, халқының басым бөлігі әлі де қиын жағдайда өмір сүріп жатыр және реформалардың барлығы түптеп келгенде олигополиялар мен жұмысшы халық арасындағы теңсіздікті арттырды деген тұжырым бар.

Қорыта айтқанда, кез келген жоғары инфляцияны төмендету "ауыр" болады. Кез келген түбегейлі реформаны жасауға ұзақ уақыт кетеді және қоғамның бүкіл институттары бірге жұмыла әрекет етіп, әділдік пен тиімділігін қамтамасыз еткенде ғана оң нәтиже көре аламыз. Әрине, ол да жағымды процесс емес. Алайда қоғам болып реформа талап етсек, оның ауыр зардаптарын да қабылдауға дайын болуымыз керек. Оның басқа оңай жолы жоқ.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары