АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 31 трлн доллардан асты. Ол жалпы ішкі өнімнің 136 пайызын құрайды.
Мемлекеттік қарыз – АҚШ федерал үкіметінің қарызы. Үкімет қарызға алған ақшаны бюджет тапшылығын жабу және түрлі шығындарды, мысалы денсаулық сақтау, инфрақұрылым, қорғаныс және тағы басқа сала шығындарын өтеу үшін жұмсайды. Яғни, мемлекеттік қарыз бюджет тапшылығы (шығыстардың кірістерден асып кетуі) салдарынан болады.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы екі бөліктен тұрады:
- үкіметаралық ішкі қарыз (6,9 трлн доллар);
- сыртқы қарыз (24,5 трлн доллар).
АҚШ үкіметіне ішкі қарызы бойынша ең ірі несие беруші – Зейнетақы қорлары және Федерал резерв жүйесі, ал сыртқы несие берушілерінің арасындағы ең ірілері:
- Жапония;
- Қытай;
- Ұлыбритания.
АҚШ мемлекеттік қарызының белгілі шегі бар. Қазіргі қарыз сомасы сол шекке жеткен. Осыған байланысты АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен АҚШ үкіметі қарыз шегін ұлғайтпаса, дефолт қаупі төніп тұрғанын айтты. Қарыз шегін ұлғайту үшін Конгресстің мақұлдауы қажет.
1960 жылдан бері Конгресс қарыз шегін өзгерту бойынша 78 рет заңға өзгеріс енгізген екен.
АҚШ-тың әлемдік имиджі өте жақсы болғандықтан, инвесторлар Америка үкіметінің қазына облигацияларын, вексельдерін, банкноттарын сатып алуға, яғни оларға қарыз беруге дайын. Нақты айтар болсақ, АҚШ ешқашан дефолтқа жол бермеген.
Оқи отырыңыз: Ұлттық қорды неге экономикаға құя салмаймыз? Ол қашан таусылады?
Мемлекеттік қарыздың жақсы жағы: қарызға алынған қаражат дұрыс пайдаланылса, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартады. Жаңа жолдар салынады, білім саласы жақсарады, жалпы елдегі сұраныс күшін арттырып, экономиканың өсуіне ықпал етеді.
Дүниежүзілік банк мемлекеттік қарыздың көлемі "мемқарыз/ЖІӨ қатынасы 77 пайыздан асса, қауіпті деп санайды.
Мемлекеттік қарыздың қауіпті жағы: қарыз көрсетілген шектен тым асып кетсе, елдің облигацияларының рейтингі түседі. Бұл жағдайда инвесторлар әдетте пайыздық мөлшерлемені көтеруді талап етеді. Өйткені, елдің дефолтқа ұшырау қаупі артады. Пайыздық мөлшерлеме көтерілген сайын елдің қарызын өтеуі қиындайды, себебі оны қайта қаржыландыру қымбаттайды.
Бірақ, кей экономистердің айтуынша, дамыған ел үшін бұл аса қауіпті емес, себебі экономикасы тұрақты Жапонияның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 257 пайыз құрайды. Дегенмен, экономикасы толық дамымаған елдер үшін бұл қауіпті, ал Венесуэла, Грекия, Замбия үшін өте қауіпті жағдай.
Гипотетикалық тұрғыда АҚШ мемлекеттік қарызы бойынша борышын өтей алмаса және дефолт жарияласа оның әлемдік экономика мен Қазақстанға қандай әсері боларын талдап көрейік.
- Біріншіден, қор биржасында астаң-кестең жағдай басталады. Әлем бойынша көптеген елдер өз жинақтарын осы АҚШ үкіметінің құралдарына салып қойған. Демек, бірталай елдің жинақтап отырған қаражаты жоқ болып кетуі мүмкін.
- Екіншіден, АҚШ үкіметі миллиондаған халқына дер кезінде әлеуметтік төлем мен медициналық сақтандыруын төлей алмай қалады. Бұл ел экономикасын рецессияға ұшыратады.
- Үшіншіден, доллардың құны түсіп кетеді. Ал доллар халықаралық резерв валютасы болғандықтан және әлем бойынша сауда-саттықтың басым бөлігі доллармен жасалғандықтан, барлық дерлік елдің бюджетіне және ұлттық валютасына әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Экономист: Ұлттық қорға қол салып, қарызға бату дұрыс емес
Қазақстан бюджетінің 70 пайызынан астамы мұнай, газ, бидай тағы басқа шикізат экспорттаудан түсетін қаражатпен толықтырылады. Ал олардың құны доллармен анықталады және долларға сатылады. Демек, доллар құлдыраса, бұл өнімдерден түсетін сома да азаяды, яғни бюджетке жоспарлағаннан аз ақша түсуі мүмкін. Бюджет тапшылығы одан сайын арта түседі. Бюджет тапшылығын жабу үшін не салықты арттыру, не шығынды азайту, не қарыз алу керек.
АҚШ-тағы дефолт салдарынан әлемдегі барлық елдің экономикасында рецессия орын алуы және ұлттық валюталары құнсыздануы мүмкін. Бұл жаһандық дағдарысқа алып келеді. Ал кез-келген экономикалық және қаржы дағдарысы инфляцияның өсуіне қолайлы жағдай тудырады.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.