Жаңа жыл жақындағанда пиротехникалық бұйымдардың саудасы қыза түседі. Оны халық арнайы сауда орындарынан да, лицензиясы жоқ адамдардан да алып жатады. Отшашуды сатып аларда неге мән беру керек? Оны қолданғанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет? Ендеше Informburo кеңесіне құлақ түріңіз.
Пиротехникалық бұйымдарды сатып аларда ескеріңіз:
- Мамандандырылған дүкендерде және қызметтің осы түріне тиісті лицензиялары бар стационарлық сауда павильондарында сатып алыңыз. Сатушылардан сертификатты талап етіңіз.
- Қазақ және орыс тілінде қолдану нұсқаулығы жазылуға міндетті. Нұсқаулықпен танысқан кезде жарамдылық және сақтау мерзіміне назар аударыңыз. Жарамдылық мерзімі өтіп кетсе қолдануға болмайды.
Отшашу кезінде қелесідей кауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:
- Отшашу орнын таңдаңыз. Ағаштар мен ғимараттар жоқ ашық болуы керек;
- Таңдалған орында 100 метр радиуста өрт тұтану қауіпі бар объектілер, автотұрақтар және басқа құрылыстар болмауы керек;
- Нұсқаулыққа сәйкес отшашуды жерге мықтап орнатыңыз;
- Адамдар алаңнан 35-50 метр қашықтықта, міндетті түрде жел жағында тұруға тиіс;
- Қатты жел болса, отшашуды тұтатпаңыз, қауіп 3-4 есе артады;
- Пиротехникалық бұйымдарды ағаштардың, электр желілерінің астында және тез тұтанатын заттардың жанында атпаңыз;
- Фитильді жағу кезінде пиротехникалық өнімге сүйенуге болмайды;
- Сертификатталмаған, бүлінген және жарамдылық мерзімі өткен бұйымдарды пайдаланбаңыз. Оларды жою үшін отқа тастамаңыз;
- Отшашу ататын адамның үстінде тез тұтанатын синтетикалық киім болмағаны дұрыс;
- Байқаусызда үстіңізге отшашудың жарықшақтары түссе, лезде сырт киімді шешіп, тексеріңіз;
- Пиротехникалық өнім жанбай қалса 10 минут көлемінде оған жақындамаңыз. Кенеттен жанып кетуі мүмкін;
- Жерге түскен ракета тәріздес пиротехника қалдықтарын жинамаңыз, олар қолыңызда жарылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Отшашу кезіндегі қауіпсіздік талаптары қандай?
"Пиротехникалық бұйымдарды мақсатсыз пайдалануға, адамдар көп жиналған сәтте ғимараттардың, үй-жайлардың ішінде, ашық аумақтарда қолдануға болмайды. Мұндай өнімдерді кез келген нысанға 50 метрден жақын қашықтықта пайдалануға тыйым салынады. Ұшқындары терезеге немесе балконға, шатырға тисе, соңы оқыс оқиғамен аяқталуы мүмкін", – дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошев.
Пиротехникалық бұйымдарды:
- бөлшектеуге, отқа жағуға;
- адамдар мен жануарларға бағыттауға;
- ересектердің бақылауынсыз балаларға қолдануға;
- мас күйде пайдалануға;
- дәл жанында темекі шегуге;
- қыздыру аспаптары мен ашық от көздерінің жанында сақтауға болмайды.
Пиротехника бұйымдарын құрғақ жерде, өзінің орамасында сақтаңыз. Тез тұтанатын заттардың, жылыту құралдарының жанында, температурасы жоғары, ылғал немесе өте құрғақ үй-жайда сақтауға тыйым салынады.
Еске сала кетсек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 196-бабына сәйкес пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға 25 АЕК (76 575 теңге) мөлшерінде айыппұл салынып, тауарлары тәркіленді.