Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық отшашуды пайдалану жиілей түседі. Сондықтан оны қолдану кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарымен таныстырамыз.
17 желтоқсаннан 2020 жылдың 3 қаңтарына дейін "Пиротехника" шарасын жүргізіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті отшашу кезінде болатын төтенше жағдайлардан сақтану шараларын хабарлады.
"Сатушылардың рұқсат етілмеген орындарда және тиісті сертификаты жоқ пиротехниканы сатуына тыйым салынады. Сондықтан отшашу сатып алғанда, сертификатын қарап, қолдану жөніндегі нұсқаулығымен танысу қажет", – деді департамент бастығы Бауыржан Сыздықов.
Қауіпсіздік талаптары:
- Пиротехниканы дауылды, желді ауа райында қолдануға тыйым салынады;
- Кәмелетке толмаған азаматтар отшашуды тек ересектермен бірге тұтатып, тамашалауы қажет;
- Тамашалайтын адамдар қауіпті аймақтан алыста, шамамен 30-50 метр қашықтықта тұруы қажет;
- Пиротехниканы ұруға, оттың жалынына қол тосуға болмайды;
- Пиротехниканы шылым шегіп тұрып қолдануға тыйым салынады;
- Пиротехниканы алкогольді мас күйде тұтатуға болмайды;
- Егер отшашу бірден тұтанбаса, оған бірден жақындауға болмайды. Кемінде бір минут күту қажет (тұтанбай қалған отшашуды қайта жағуға болмайды);
- Отшашуларды салқын әрі құрғақ жерде сақтау керек (ылғалданып қалған жағдайда оны фен не басқа да жылыту құрылғыларымен құрғатуға тыйым салынады).
Отшашу жасауға тыйым салынатын жерлер:
- Ғимарат не тұрғын үй іші;
- Жарылыс және өрт қаупі бар нысандар аумағы;
- Темір жол, мұнай, газ құбыры және жоғары вольтты электр желілері маңы;
- Шатыр және балкон;
- Сахна, стадион және басқа да спорттық алаңқайлар;
- мәдени ескерткіш, зират, қорық, ұлттық парк.