Тікелей эфир

Неге жүзім мен шиені қосып жеуге болмайды? Біз күнделікті жейтін, бірақ пайдасы аз жемістер тізімі

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Мөлдір Аймугамбетова бірнеше жемісті араластырып жеу денсаулыққа зиян екенін айтады.

Нутрициолог маман, дұрыс тамақтануды зерттеуші Мөлдір Аймугамбетова пайдалысынан бастап зиянына дейін 10 жемісті атады. Маманның айтуынша, адамның ағзасы үздіксіз жеміс-жидекті қорытуға дағдыланбаған. Осы орайда ол күнделікті 100-150 грамм ғана жеміс жеуге, мүмкіндігінше оларды бір-бірімен араластырмауға кеңес берді. 

Авокадо мен зәйтүн – адамды жасартатын жемістер  

Авокадо мен зәйтүн – құрамында пайдалы майы көп әрі теріні әжімнен сақтайтын жемістер. Сондай-ақ оларда гормоналды тепе-теңдікті реттеуге көмектесетін Е, В6 дәрумендері мен фолий қышқылы бар. Зәйтүн, стерин қышқылдары ішектің микрофлорасын қалпына келтіреді және пайдалы бактерияларды көбейтеді. 

Лимон, лайм және грейпфрут 

Бұл жемістердің құрамында К, С дәрумендері мен калий өте көп. Лимон асқазан суының қышқылын көтеріп, қыжыл мен кекіруді кетіреді. Ең бастысы ішектегі сілтілік балансты сақтап отырады. Лимон қосылған суды тәуліктің кез келген уақытында ішуге кеңес беремін. 

Анар

Анар құрамында фосфор, кальций және магний бар екенімен пайдалы. Ол тамырдың қабырғаларын қатайтып, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ анар сүйектерінің пайдасы мол, тамыр үшін пайдалы. Алайда анардан fresh жасап ішу зиян. Кейде анарды ағзаны темірмен байыту үшін жеп жатады, алайда темір оның қабығында ғана бар. Оның үстіне өсімдік тектілерден келетін темірді ағза 5-10% ғана сіңіреді. 

Ананас 

Ананастың арықтауға пайдасы мол екені туралы көп айтылады. Ананас тәтті, фруктозасы аз және құрамында ас қорытатын ферменттері бар. Оны негізгі тағамнан 15 минут бұрын жейтін болсақ, асты ыдыратады. Ал қуырылған түрі тамырды бұзады. 

Апельсин мен киви 

Бұл екеуінің құрамында С дәрумені басым және калий мен жасұнық бар. Фруктоза мен глюкоза да бар болғандықтан, күніне біреу ғана жеген абзал. Әртүрлі жарнамада жемістерден жасалған, әсіресе апельсиннен жасалған шырынның пайдалы екенін көрсетуге тырысады. Алайда ұйқы безі, инсулинге төзімділігі мен микрофлорасы бұзылған адамдарға fresh ішу зиян. 

Өрік пен шабдалы 

Олардың құрамында фруктоза аз және аса қатты тәтті емес. Өрік пен шабдалы нектаринге қарағанда әлдеқайда пайдалы. Құрамындағы микроэлементтер мен дәрумендер бойынша тең болып келеді. 

Құрма

Қызғылт түсті жемістердің құрамында каротиноид, яғни А дәрумені мол болады. Құрма құрамындағы лютеин, зеаксантин, ликопин көзіміз үшін өте пайдалы. Алайда бұл каротиноидтарды әркімнің ағзасы әртүрлі сіңіреді. Мысалы, балық майы түріндегі А дәруменін барлық адамның ағзасы 100% сіңіруі мүмкін. Ал өсімдік тектілерде бар каротиноидтарды барлығы бірдей сіңіре алмайды. Құрма немесе асқабақ жеген соң еріннің айналасы, алақан, табанның сарғылт түске боялғанын көрсеңіз, бұл каротиноидтар сіңірілмеді деген сөз. Дегенмен күніне бір құрма жеуге болады. 

Алма мен алмұрт 

Құрамында жасұнық, флавоноидтар және пектин, С дәрумені және калий мол. Алайда, құрамында глюкозаға қарағанда фруктоза көп болғандықтан, асқазан мен ішек жолдарында жүретін биохимиялық процесс қиындай түседі. Алманың өзімізде көп өсуінің де пайдасы мол, өңдейтін заттар аз қосылады. Ал шетелден келетін алма-алмұрттардың зияны басымдау. 

Банан 

Бананның құрамында калий көп болғандықтан, дәрігерлер оны емдеу протоколына қосады. Дегенмен, крахмал мен қанты да көп. Егер саңырауқұлақ, бактерия, безеу, кандидоз болса, бананнан түбегейлі бас тарту қажет.  

Жүзім 

Жүзімнің 100 грамында фруктоза мен глюкоза көп болғандықтан, оны ең пайдасыз жемістер қатарына жатқызуға болады. Осының себебінен адамдар көп жүзім жеген кезде өзін жайсыз сезінеді. Біздің ағзамыз фруктозаны үздіксіз қорыта алмайды. Ал қарбыз, шие секілді жемістерді жүзіммен мүлдем қатар жеуге болмайды. Құрамында дәрумендердің көп екенін қарамастан, зияны басымырақ. Әсіресе бүйрек ауырып жүрген болса мүлдем жеуге болмайды. 


Оқи отырыңыз:


 

Серіктестер жаңалықтары