2021 жылғы 20 желтоқсанда Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, "салық төлеушінің тпаспорты" деген жаңа ұғым енгізілді. Ол не және оны қайдан алуға болады? Informburo.kz түсіндіреді.
№1. Салық төлеуші паспортын кімдер алуы қажет?
Заң бойынша, қоғамдық тамақтандыру және сауда саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге салық төлеушінің паспортын алу міндет.
№2. Паспортта қандай ақпарат болуы шарт?
Паспорт QR коды түрінде жасалады. Онда салық құпиясына жатпайтын деректер болады, атап айтқанда:
- ЖСН/БСН;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
- салық төлеушінің мәртебесі – әрекет ететін, әрекет етпейтін, салықтық есептілікті ұсынуды тоқтатқан
- тiркеу есебiне қойылған күн, тiркеу есебiнен шығарылған күн;
- бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі, бақылау-касса машинасын пайдалану орны;
- алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның болуы немесе болмауы (өндіру аумағында оны сақтау және бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда).
№.3 QR кодын қайда қою керек?
Салық төлеушінің паспортын қоғамдық тамақтандыру және сауда салаларында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер тікелей бақылау-касса машиналары тұрған және халыққа хабар беру үшін жалпыға бірдей қолжетімді орындарда орналастырады.
№4. QR кодын қанша уақытта жаңарту керек?
Салық органы салық төлеуші паспортындағы мәліметтерді айына бір рет есепті айдан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрілмейтін мерзімде қалыптастырады. Ол уәкілетті органның сайтында жарияланады.
№5. Паспортты қалай алуға болады?
Кодты алу үшін:
- Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы "Ақпараттық қорлар" бөліміне өтіп, "QR-кодын қалыптастыру" батырмасын басыңыз;
- басқаннан кейін кодтарды генерациялау сайты ашылады. Мұнда сізге қызмет көрсету тілін таңдап, "QR код алу" түймесін басу керек;
- осыдан кейін телефон нөмірін енгізіп, "Кодты жіберу түймесін басасыз;
- "Растау" терезесі ашылғанда телефон нөміріңізге келген кодты енгізіп, "растау" түймесін басу қажет.
Оқи отырыңыз:
- 31 наурызға дейін кімдер салық декларациясын тапсыруға міндетті?
- Қандай жағдайда онлайн аударымдарға салық салынады?
- Мобильді ақша аударымына салық салына ма? Жиі қойылатын сұрақтарға жауап