Парламент мобильді аударымдарды реттеу туралы заң қабылдағаннан кейін қоғам ішінде көптеген сұрақтар туындады. Осыған орай, мобильді аударымдарға қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап ұсынамыз.
№1. Ақша аударымы туралы ақпарат құпия сақтала ма?
Жеке тұлғаның мобильді ақша аударымы туралы деректер салық органына берілмейді. Яғни, банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес, ақша аударымы туралы деректер қауіпсіз болады. Адамдар бұрынғыша жеке мақсаты үшін ақша аудара алады және қабылдай алады. Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтерды тек 2025 жылдан бастап беру көзделіп отыр. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер не мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғаларға қатысты ешқандай өзгеріс болмайды.
Жеке кәсіпкер не компания басшысының мобильді ақша аударымы туралы деректер мемлекеттік кіріс органына беріле ме? Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерге не компания басшысына тиесілі шоттар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер 2024 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр.
№2. Ақша аударуда шектеу бола ма?
Мобильді аударымдарға ешқандай шектеулер немесе салықтар салынбайды. Өйткені жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Бұл банктік құпия. Сондықтан заң жобасында жаңа салықтар немесе нормалар болады деген норма жоқ.
Оқи отырыңыз: Несие шартына қол қоярда неге назар аудару керек?
№3. Кәсіпкерлер қалай ақша аударады?
Егер кәсіпкер клиенттерден мобильді ақша аударымын алатын болса, ол үшін көтеріңкі салық төлемейді. Заң жобасында мұндай жаңа салықтың пайда болатыны көзделмеген. Кәсіпкерлік мақсатта мобильді ақша аударымын пайдалану қазірдің өзінде сатушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сай салық төлеу және фискалдық чек беру міндетінен босатпайды.
№4. Қай уақытқа дейін салық төлемеуге болады?
Салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер – жаңа салық түрі емес. Бұрынғыдай кәсіпкерлер өз салық режимін қандай негізде жүзеге асырды, дәл солай жүзеге асырып, салық есептерін дәл солай жүргізіп отырады. Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлік кіріс салығынан 2023 жылға дейін босатылған.
Оқи отырыңыз: Қарыз алушының құқығын қорғау күшейтілді. Банктер мен коллекторлар қызметінде не өзгеріс бар?
№5. Жаңа заң жобасының ерекшелігі не?
Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе – жеке тұлғаларға қатысты сұрақ. Егер де жеке тұлға өзі мобильді аударымдар жасайтын болса, ол туралы ақпарат кірістер органдарына беріле ме деген сұраққа келетін болсақ, банктік құпияны сақтау талаптары бойынша аударымдар туралы ақпарат кірістер органдарына жіберілмейді. Сондықтан қазақстандықтар бұрынғыдай мобильді аударымдарды жүзеге асыра берсе болады.