Жетісу облысының әкімдігі қызметтік көліктерін жаңалау мақсатында биыл 28 көлік алуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы құны 500 миллион теңгеге жуықтайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, жаңадан құрылған облыс әкімдігінің үш басқармасында қызметтік көлік жоқ. Ал қалғандарында қолданыстағы көліктер ескірген. Сондықтан, олар жаңа көліктер сатып алынған соң, әкімдік балансынан шығарылмақ.
"Облыстық басқармаларда көліктер бар, бірақ олар ескі. Сонымен қатар, кейбір басқармаларда көлік мүлде жоқ. Мысалы, туризм, жер басқармаларында қызметтік көлік болмағандықтан, оларға уақытша әкімдік аппаратының көлігін бердік", – деп түсіндірді Жетісу облысы әкімдігі аппараты қаржы шаруашылық бөлімінің басшысы Талап Шаухаров.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік реестр сайтынан арзан бағамен қалай жер, көлік не өзге мүлік сатып алуға болады?
Жетісу облысының әкімдігінде 23 басқарма бар. Сәйкесінше, сатып алынатын 28 көліктің 23-і бір-бірден осы басқармаларға беріледі. Қалғандары облыстық мәслихат пен әкімдік аппаратына тиесілі болады.
Соған орай, 28 көлікті сатып алу үшін 469 миллион теңгеге тендер жарияланған. Әр көліктің бағасы 16 миллион 750 мың теңгеге белгіленген.
Бұған орай, арна тілшілері Парламент мәжілісінің депутаты Қарақат Әбденнің қызметтік көлік сатып алу жайлы пікірін білді. Ол өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер қызметтік көліктерінен түсіп, таксимен жүру керек деген ұсыныс айтты. Сонда бюджет шығыны бес есеге дейін азаяды екен.
Оқи отырыңыз: ЕЭК кеңесі Қазақстанға экокласы Еуро-4-тен төмен көліктерді заңдастыруға рұқсат берді
"Астана шенеуніктер таксиге көшті. Бұдан қаншама қаражат үнемделеді. Тұрақ, бензин, жүргізушілердің жалақысы – өзге де шығындар болмайды", – деді мәжіліс депутаты.