Тікелей эфир

Жандарбек Бекшин: Жалған вакцина паспортын жасатқандардың екпені тек ақылы алуын қолдаймын

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері той туралы хабар бергендерге сыйақы тағайындау мәселесі әзірге қарастырылмағанын айтты.

Жалған вакцина паспортын жасатқандар екпені тек ақылы негізде алуы мүмкін. Әзірге бұл мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. 

"Аталған мәселе Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің құзіретінде. Қазіргі таңда осылай вакцина алмағандар бар. Менің ойымша, олардың екпені өз қалтасынан ақша төлеп алғаны дұрыс. Неге десеңіз, олар кезінде екпені пайдаланбады, ол вакциналар төгілді. Бұл үкіметке де, қоғамға да зиян болып отырғандықтан, оларды вакцинациядан өз қалтасына өтуге мәжбүрлеу керек", – деді департамент басшысы. 

Сондай-ақ, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев жалған вакцина құжатын жасатып алған азаматтардың әзірге екпе алу мүмкіндігі жоғын айтты. 

"Денсаулық сақтау министрлігінде жалған паспорт жасағандарға амнистия мәселесі қарастырылып жатқан сияқты. Жалпы бұл азаматтардың біздің, мемлекет қаржысына екі есе зиян келтіріп отырғанын өзіміз де түсінеміз. Сол себепті оған жеңіл қарауға болмайды. Дәл қазір оларға екпе салынып жатқан жоқ. Өйткені, базада олар вакцина салдырды деп жазылып тұр. Қазір бұл мәселе әлі қаралуда", – деді Нариман Табынбаев. 

Әрі қарай қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері тойдың өтіп жатқаны туралы хабар бергендерге сыйақы тағайындау мәселесіне тоқталды. 

"Бұл мәселе ешуақытта ресми түрде қарастырылмаған. Қазір эфирде Нариман Балтайұлы Табынбаев отыр, ол да менің айтқаныма қосылады. Мәселе әлі қарастырылмағандықтан, қазір немесе алда не болатынын айта алмаймыз", – деді Жандарбек Бекшин. 

Еске салсақ, Алматыда тұмау маусымына дайындық басталды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 130 мың екпе сатып алып, тағы 50 мың дозаға сұратым жібермек.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары