Тікелей эфир

Алматыда тұмау маусымына дайындық: 130 мың екпе сатып алып, тағы 50 мың дозаға сұратым жібермек

Жандарбек Бекшин тұрғындардың тұмауға қарсы екпені жекеменшік вакцина салу кабинеттерінде ақылы салдыра алатынын айтты.

Алматы қаласында жаңа тұмау маусымының алдында қосымша 50 мың екпе дозасын сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. 

"Тұмаудың жаңа маусымы алдында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 130 мың дозаға сұратым жіберді. Сондай-ақ, қосымша 50 мың дозаға сұратым жіберу мәселесі қарастырылып жатыр", – деді ведомство басшысы. 

Жандарбек Бекшин елде бар тұмауға қарсы вакцина түрлеріне тоқталды. Ол қандай да бір екпені жарнамалағысы келмейтінін айтып өтті. 

"Дәл қазір қандай екпе жеткізілетінін айта алмаймыз. Өйткені, конкурстық процедураларды Денсаулық сақтау министрлігі өткізеді. Голландияның "Инфлювак" вакцинасы туралы білеміз. Бізде Ресейдің "Гриппол" және тағы Франция екпесі бар. Олардың әсерлілігі дәлелденген. Сол себепті жеке бір вакцинаны алып жарнамалағым келмейді", – деді Жандарбек Бекшин. 

Мұнымен қатар, ведомство өкілі аталған екпелерді ақылы негізде алу мәселесіне тоқталды. 

"Тұмауға қарсы екпелер коронавирусқа қарағанда ақылы негізде салынып жатыр. "Инфлювак" вакцинасы өткен жылы да жекеменшік екпе егетін кабинеттерге жеткізілді, бірақ аз мөлшерде. Тұмауға қарсы екпені елге жеткізу мәселесі біздің кәсіпкерлерімізге байланысты болып отыр. Бұл не Франция, не Голландия вакцинасы болады. Біз әдетте тек бюджеттік дәрі-дәрмектерге жоспарлы көрсеткіш өткіземіз. Ал жекеменшік ұйымдар қанша екпе сатып алатынын ақшасына және жұмыс тәжірибесіне қарай өзі анықтайды. Көптеген жекеменшік екпе кабинеті жыл сайын өзіне қанша адамның келіп екпе алатынын белгілеп қойған. Оларды міндеттей алмаймыз", – деді қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Еске салсақ, Ақтөбе ауруханаларында оттегі баллоны жетіспей жатқаны туралы хабарлаған едік. Күніне 800-ден астам данасы жеткізіледі. Маңғыстау облысында да оттегіге сұраныс артқан. 

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары