Тікелей эфир

Ақтөбе ауруханаларында оттегі баллоны жетіспей жатыр. Күніне 800-ден астам данасы жеткізіледі

Маңғыстау облысында да оттегіге сұраныс артқан. 

Ақтөбеде пневмония мен Covid-19 жұқтырған науқастардың саны артып, ауруханаларға жеткізіліп жатқан оттегі баллондарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бір ғана ферроқорытпа зауыты күніне қаладағы ауруханаларға 800-ден астам оттегі баллондарын тасымалдап жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Металлургтер мұндай көрсеткіш елде пандемия басталғалы болмағанын айтады. Мұнымен қатар, Маңғыстау облысында да оттегіге сұраныс артқан. 

Ақтөбеде коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны артқанына байланысты өңірде жағдай күрделене түскен. Қаладағы ауруханаларды оттегі баллондарымен күндіз-түні тоқтаусыз қамтамасыз етіп отырған жалғыз ферроқорытпа зауыты баллондарды жеткізуден рекорд орнатқанын айтады. Олар бұған дейін тәулігіне ең көп дегенде үш жүздей оттегі баллонын жіберсе, қазір бір күнде сегіз жүзін бірақ тиейді екен. 

"Жағдай өте нашар. Өйткені алдыңғы жетіде рекорд жасадық. Бір күннің ішінде 865 баллон тиедік. Мұндай екі жылда болған жоқ. Қазір күніне 700 -ден 800-ге дейін, әртүрлі болады. Үш аурухананы қамтамасыз етіп отырмыз", – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков. 

Ал облыстық денсаулық басқармасындағылар індет жұқтырған науқастар емделіп жатқан қаладағы үш аурухана күніне мыңнан аса оттегі баллонын қолданатынын және оны тек ферроқорытпа зауытынан алатынын айтады. 

"Қазіргі таңда теміржол ауруханасы күніне – 150 баллон, облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханасы  200 баллон, Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы күніне мыңнан астам баллон қолданады. Еріктілер қазір оттегі тасымайды. Тек өзіміздің қызметкерлер", – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әсия Тржанова. 

Маңғыстау облысында да қажеттілік маусым айына қарағанда екі есеге ұлғайған. Өңірде науқастардың көбеюіне байланысты оттегі жетіспей жатыр. Сондықтан, КВИ мен пневмонияға шалдыққандарды емдеп жатқан ауруханадағылар қосымша оттегі баллондарын сатып алып отыр. Ал Ақтаудағы модульдік аурухана инженерінің айтуынша, науқастарға бір минутта 2500 литр оттегі қолданылады. 

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары