Заң бұзған көлікті техникалық тексеру операторлары 400 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды

Бұл тәртіп 5 сәуірден бастап күшіне енеді.

Қазақстанда "Жол қозғалысы туралы" заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар 5 сәуірден бастап қолданылады. Соның аясында көліктерді техникалық тексеруге қатысты талаптар қатаңдайды. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарына берген жауабында еске салды. 

Премьер-министрдің түсіндіруінше, енді автотранспорт құралдарын міндетті техникалық тексеру талаптарын бұзған, жалған, техтексеру анықтамаларын берген операторларға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (2025 жылы – 393 200 теңге) салынады. 

Еске салайық, қазіргі таңда айыппұл мөлшері 30 АЕК-пен шектелген. 

Бұған дейін Көлік министрлігі көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақаулары бар көлік құралдарының жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғатынын хабарлаған болатын. Ведомство жаңа талаптар автокөлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу сапасын жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап тексеру операторларының санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп болжап отыр. 


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары