Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізгені үшін айыппұл 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің хабарлауынша, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер көзделген.
Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақаулары бар көлік құралдарының жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көліктерді техникалық тексеру тоқтай ма? Үкімет басшысы жауап берді
Құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалса, техникалық тексеруден өткізетін оператор қызмет көрсету құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады.
"Заң жобасы шеңберінде автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Жоғарыда аталған өзгертулер мен толықтыруларды енгізу автокөлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу сапасын жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап тексеру операторларының санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде", – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Бүгінгі таңда нарықта 950-ге жуық оператор көлікті техникалық тексеруден өткізу бойынша қызмет көрсетеді.