Тікелей эфир

Жамбыл облысының электр желілері инвестициялық бағдарлама аясында жаңғыртылып жатыр

2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама сомасы 5,7 млрд теңгеге тең.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Таразда "Жамбыл электр желілері" ЖШС нысандарына баспасөз турын өткізді.

Шараға журналистерден бөлек, басқарма басшысының орынбасары Мүсілім Қалдыбай, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары, Amanat партиясының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

"Біздің компания 1999 жылдан бері жұмыс істейді және 1687 адамнан тұратын және қызмет көрсету аумағы 146,445 мың шаршы шақырымды құрайтын ірі ұйым болып табылады. Орташа жалақы – 250 382 теңге. "Жамбыл электр желілері" ЖШС электр энергиясын беру және тарату, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдалану жұмыстарымен айналысады", – деп түсіндірді "Жамбыл электр желілері" ЖШС бас инженерінің орынбасары Денис Фоменко.

Кәсіпорын құрамына Тараз қалалық электр желілері және 11 аудандық электр желілері кіреді. "Жамбыл электр желілері" ЖШС балансында кернеуі 220-110-35-6-10-0,4 киловольт 14 мың шақырымға жуық электр желілері, жалпы қуаттылығы 220-110-35-10/04 киловольт 2756 трансформаторлық қосалқы стансалар бар.

Компанияның 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы жалпы сомасы 5,7 млрд теңгеге бекітілген. Оның 2024 жылға арналған шығыстары шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды. Ол кернеуі 35-110 киловольт қосалқы станцияларға қажет жабдықтарды сатып алуға, кернеуі 6-10 киловольт қосалқы станцияларға жабдықтарды сатып алуға, коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне (АСҚЕ) бақылау-өлшеу аспаптары мен жабдықтарын және байланыс құралдарын сатып алуға, көліктер мен арнайы техникалар паркін жаңартуға, компьютерлік техниканы сатып алуға жұмсалған.

Тұтастай алғанда, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру электр энергиясын тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, бұл тұтынушыларды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Серіктестер жаңалықтары