Демографиялық өсім Қазақстандағы білім беру жүйесіне қатты әсер етіп жатыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияда айтты.
"Соңғы үш жылда елде 1,5 миллионға жуық бала дүниеге келді. Биыл дүниеге келген балалар саны жыл соңына дейін 500 мыңға жететіні туралы болжам бар. Былтыр – 456 мың бала, алдыңғы жылы 426 мың бала өмірге келді. Үш жыл қатарынан демографиялық рекорд тіркелді. Соңғы рет мұндай рекорд 1987 жылы болған. Ол жылы 417 мың бала туған еді", – деді министр.
Оқи отырыңыз:
- Атырау облысында ата-аналар балаларын үш ауысымды мектепке жіберуге қарсы
- Алматыда "Ю" сыныбының мәселесі қалай шешілді?
- Аймағамбетов: 1200 оқушыға арнап салынған мектепте 5 мың бала оқиды
Министр табиғи өсімнің артуы білім беру жүйесіне қалай әсер етіп жатқанын айтты.
"Білім беру жүйесі үшін бұл өте маңызды. Қазір "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында мың мектеп салынады. Осы мектептерді педагогтармен қамтамасыз ету үшін ғылыми-педагогикалық кадрларды әзірлеуді жеделдетуіміз керек. Жалпы, 2026 жылға дейін жедел түрде 120 мың педагог дайындауымыз керек", – деді министр.