Тікелей эфир

Аймағамбетов: 1200 оқушыға арнап салынған мектепте 5 мың бала оқиды

Білім және ғылым министрінің айтуынша, Қазақстанда жаңадан салынып жатқан мектептердің көпшілігі талапқа сай келмейді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мектептердегі орын тапшылық мәселесі өте үлкен проблеманың бірі екенін атап өтті. Айтуынша, алдыңғы жылы 200 мектеп салу жоспарланғанымен 277 мектеп салынған. Межеге жетуге жекеменшік мектептердің салынуы көмектескен. 

"163 мемлекеттік мектептің біразы уақытылы ашылған жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Әрине бұл бірінші кезекте әкімдіктің құзырындағы мәселе екені белгілі. Білім басқармалары жергілікті құрылыс басқармалары салады деп, бұл жұмыстан тыс қалмауы керек. Жобалық сметалық құжаттаманы құрылыс басқармалары өздері дайындайды, өздері тиісті конкурсты өткізіп, мердігерді анықтайды, салады. Салып біткеннен кейін білім басқармасына береді.Тек сол кезде ғана бұл мәселеге кірісу, әрине, дұрыс емес. Білім басқармасы жобаны дайындағаннан бастап, жұмысқа тікелей қатысуы керек", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектеп салуда емес, салынатын мың мектепке 150 мың педагог дайындауда мәселе бар


Осы ретте Асхат Аймағамбетов жаңадан салынып, пайдалануға берілген мектептердің талапқа сай келмейтінін де атап өтті. 

"Елордамыздағы бірнеше жаңа мектепке барып көрдім. Екі жыл бұрын салынған. 1 200 балаға арналған. Тек  бір спортзалы ғана бар. Біздің типтік оқу жоспарында берілген сағаттар бойынша бір сабақтың үстінде үш-төрт сынып спорт залында бір уақытта сабақ өтіп жатыр. Дене шынықтыруды дамытамыз десек, балаларға қолайлы орта жасаймыз десек, жаңа типтік бағдарламалар керек. Тиісті министрлік оны жасап жатыр. Онда бір емес, бірнеше спорт залы болуы керек. Арнайы материалдық техникалық базасы, лабораториясы болуы шарт. Балаларды еңбекке баулу керек дейміз, бірақ тиісті құрылғылар жаңадан салынған мектептерде де жеткіліксіз. Оны да көріп отырмыз. Егер ол болмаса, сапа да болмайды. Осы мәселерге тиісті зейін қойып, жұмыс жүргізуді талап етемін", – деді министр.

Министр тиісті лабораториялары, компьютерлері, физика, химия, биология кабинетінің құрылғылары, зертханалары жоқ мектептерді мектеп емес, жай ғимарат деп атады.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


"Ақшаны үнемдеу үшін сондай мектептер салынады. Кейін тиісті жұмысты бастау үшін лицензияны да ала алмай отырады. Нақтылау жұмыстарын жасап, бюджеттен қосымша қаражат бөліп, лабораторияларды сатып алып жатады. Бұл толықтай дұрыс емес. Жергілікті әкімдіктердің құзіреті екенін түсінемін. Бірақ, оған бей-жай қарап отыруға болмайды", – деп толықтырды Асхат Аймағамбетов. 

Білім және ғылым министрі мектеп салуға бөлінетін жердің мақсатты түрде игерілуін тапсырды. 

"Салынатын мың мектепке жер керек болады. Соның жерін алдын ала бөлу туралы тапсырма болған. Менің ақпаратым бойынша, осы тапсырманы орындауға бір ай қалды. Болашақта 2023, 2024 жылдары салынатын мектептердің жері қазірден беріліп қойылуы крек. Кейбір өңірлерде жерді мектепке бөліп қойып, кейін ол басқа нысандарға кетіп қалып жатқаны бар. Бұған жол беруге болмайды. Мектептің жері тек мектепті дамыту үшін қолданылуы керек. Оны басқа біреуге сатып жіберу немесе басқа нысанға беруге болмайды", – деп түйіндеді министр.

Серіктестер жаңалықтары