Тікелей эфир

"Жайлы мектеп": Жаңа үлгідегі білім ошақтары ұлттық нақышта салынады

Мектеп құрылысын жобалауға үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлер тартылады.

Биыл "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы басталады. 2025 жылдың соңына дейін 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. 

Жоба мақсаты – үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешу. Қазірдің өзінде 225 мыңға жуық оқушыға орын жетпейді. Жаңа үлгідегі мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады. Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалары мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді.

Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда бой көтереді. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі салынатын өңірлер:

  • Алматы облысында – 63;
  • Түркістан облысында – 63;
  • Шымкентте – 25;
  • Маңғыстау облысында – 24;
  • Астанада – 24;
  • Алматыда – 22.

Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді. Мектептер құрылысының нақты мерзімі мен оқушы орны саны белгіленді. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқыса, елордадағы 25 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдайды.

Жаңа мектептер ұлттық нақышта салынады. Отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлер тартылады. Құрылысқа заманауи технологиялар қолданылады. Жобаның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы жобалық-сметалық құжаттамаға ашық конкурс кезінде интерьер дизайны мен сәулеттік шешімдерді әзірлеу кезінде бірқатар элементтің ұлттық нақышта болуын талап етеді.


Оқи отырыңыз: Жеке спорт залдары мен пән кабинеттері. Жайлы мектептің қазіргі мектептен айырмасы қандай болады?


Салынатын мектептер 7 типке бөлінген: 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орынды. Әр мектепте болуы керек:

  • робототехника кабинеті;
  • бірнеше зертхана;
  • 88 шаршы метрлік хореография залы;
  • үш коворкинг алаңы (бастауыш сыныптарға, орта сыныптарға және мұғалімдерге арналған);
  • бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары;
  • әр сыныпта интерактив тақта мен мұғалімге арналған компьютер;
  • көпфункционалды акт залы;
  • кітап қоймасы мен оқу залы бар кітапхана;
  • әмбебап шеберханалар мен шығармашылық студиялар;
  • кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер;
  • инклюзив білім беру кабинеті;
  • арнайы пандустар;
  • лифтілер;
  • дәретхана бөлмелері.

Жақын арада мектептерді жобалау, салу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізіледі. Байқау туралы хабарландыру 20 ақпанға дейін ашық ресурстарда жарияланады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары