Тікелей эфир

Үйін бесінші жыл қатарынан су басқан ақтөбеліктер мемлекеттен баспана сұрады

Маңдай терімен салған шаңырағының қазіргі күйін көрген тұрғын бала-шағасын әкеле алмайтынын айтып, көзіне жас алды.

Ақтөбе іргесіндегі саяжай тұрғындарының тасқыннан кейін үйлеріне қайтқысы келмейді. Себебі су басқан баспаналары көгеріп, сыз тартқан. Оны кептіру үшін кемі жарты жыл керек. Қазір аймақта арнайы комиссия мүшелері табиғи апаттан келген шығынды есептеп, халықтан өтініш қабылдап жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Маңдай терімен салған шаңырағының қазіргі күйін көрген тұрғын бала-шағасын әкеле алмайтынын айтып, көзіне жас алды.

"Мен тұра алмаймын. Отбасы, бала-шағамды әкеліп тұру мүмкін емес. Жоқ дегеннің өзінде жарты жыл кептіру керекпін. Мен қалай кептіремін?! Күш-қуатым жоқ. Жасым елуге келіп қалды. Солай болып қалды қайтеміз енді. Қайда барасың? Кімнің ағайын тумасына барасың? Мемлекеттен өтінішім тек жағдайымызды түсініп, зардап шеккендерге баспана берсе, содан артық ештеңе керек емес", – деді Қарғалы саяжайының тұрғыны Геннадий Рысмағамбетов. 

Өзен тасыған кезде Қарғалы саяжайындағы оннан астам үй суға кеткен еді. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай 2017 жылдан бері қайталанып келеді. Көктем сайын берекесі қашқан жұрт үйін апатты деп тануды сұрап отыр. 


Оқи отырыңыз: Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың несиесін 3 жылға шегеруді сұрады


"23 наурыздан бастап ұйқы жоқ. Үйлеріміздің жағдайы мынау. 2017 жылдан бері қарай бесінші рет қайталанып тұр. Мен жалғыз қара басымды ойлап тұрған жоқпын. Нақты қазір 13 үй суға кетіп тұр. Өтініш-талабымыз, арызымыз, жанайқайымыз осы тұрғындарды судың жағалауынан көшіріп, әрбіреуіне мемлекет тарапынан, мемлекеттік бағдарламамен, төмен пайызбен үй беруіңізді сұраймын", – деді Қарғалы саяжайының төрайымы Шынаргүл Ақбалиева. 

Тұрғындар өзен жағасындағы үйлерді көшірмей бұл мәселе шешілмейтінін айтады. Ал арнайы құрылған комиссия мүшелері су кірген үйлерді аралап, бүлінген дүние-мүліктің барлығын қағазға жазып жүр. Шығын толық есептелгеннен кейін ғана қаржы бөлінеді дейді.

"Біздің негізгі міндетіміз ол бүгінгі таңда қандай үйде шығын бар, қандай қиындықтар бар, солардың бәрін нақтылау. Бізден кейін заңгерлер, бағалаушылар шығады. Осы біздің көрсеткен сауалға байланысты солар баға қояды. Мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді", – деді комиссия мүшесі Жомарт Қартбаев. 


Оқи отырыңыз: Түркістан облысының 20 ауылы ішімдіктен бас тартты 


Қазір аймақтағы эвакуация орталықтарында үш мыңнан астам адам бар. Олардың дені үйіміз тұруға жарамайды деп налиды. Ал баспанасы опырылып ортасына түскен бұқараға тіптен қиын. Қазір тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға халық жан-жақтан гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. 

Серіктестер жаңалықтары