Тікелей эфир

Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың несиесін 3 жылға шегеруді сұрады

Сондай-ақ, олар өзен жағасындағы су қорғау аймағын 4 шақырымға дейін ұзартуды ұсынды.

Мәжіліс депутаттары Қазақстан өңірлерінде болған су тасқынының зардаптарының қайталанбауы үшін бірқатар ұсынысын жеткізді. 

Олардың айтуынша, қауіптің беті қайтты деуге әлі ерте. Алтайда қар енді ери бастады. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында әлі қауіп бар. 

"Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар! Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан, осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек", – деді мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай. 


Оқи отырыңыз: Абай облысында су тасқыны кезінде жоғалған ер адамдарды іздестіру жалғасуда


Бұл ретте депутаттар бірқатар ұсыныс берді: 

  • Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
  • ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
  • өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
  • гидротехник-инженер мамандарды дайындауға көңіл бөлу;
  • биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру. 

"Мемлекет басшысының: "Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі", – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ, комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек", – деді Мақсат Толықбай.

Серіктестер жаңалықтары