Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жедел қызмет номерлерін біріктіруі тиіс "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі қосылуы тиіс болған. Пилоттық жоба Қызылорда, Атырау, Өскемен, Орал, Көкшетау қалаларында 2019 жылдан бері жүзеге асырылды. Алайда қазір Үкімет бұл бастамадан мүлде бас тарту жөнінде шешімге келіп отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депуттатарының сауалына берген жауабынан белгілі болды.
Үкімет басшысының айтуынша, пилоттық жоба бұл бастаманың тиімсіз екенін көрсеткен. Өңірлерде "112" қызметі "101", "102", "103" сынды жедел қызметтердің орнын ауыстыра алмаған. Керісінше, "112" қоңырау бағытын одан әрі салалық желілерге қосу қызмет көрсету процесін екі есе қиындатқан.
Оқи отырыңыз: Халық мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қалай бағалайды?
Үкімет басшысы "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметін құру жобасынан бас тартқаннан кейін күш-жігер мен қаражат жедел қызметтердің кезекші-диспетчерлік бөлімшелерінің қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталатынын айтты.
"Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарда "112" БКДҚ-ны құруға қатысты Заң нормаларын алып тастау ұсынылады. Қазіргі таңда Үкімет Заңға тиісті түзетулерді әзірледі, олар ҚР Президенті әкімшілігімен келісілгеннен кейін Мәжіліске енгізіледі" делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем қызметін қандай жағдайда шақыру керек?
Еске салайық, Мәжілістің бірқатар депутаты "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметін құру жобасындағы кемшіліктерді сынға алып, орталық қызметтің бірыңғай нормативтік құқықтық базасы әі жасалмағанын айтқан болатын.