Тікелей эфир

Жедел жәрдем қызметін қандай жағдайда шақыру керек?

Informburo.kz редакциясы жедел жәрдемді кімдерге шақыруға болатынын, қандай жағдайда емханаға бару керектігін зерттеп көрді.

ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың "Азаматтар қан қысымын түсірту үшін жедел жәрдем қызметін үйге шақырмау керек" деген мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Бұл ретте созылмалы дерті барларға жедел жәрдем қызметінен гөрі учаскелік емхана бөлімшесіне жүгіну керектігі туралы айтылған еді. "Қазақстан Республикасында жедел жәрдем қызметін көрсету ережесін бекіту туралы" денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен, сондай-ақ ведомстваның ресми сауалымызға берген жауабымен таныса отырып, іnformburo.kz елімізде азаматтарға қандай жағдайда жедел көмек көрсетілетінін айтып береді.

Бұйрық жаңа емес

Жедел жәрдем қызметіне жүгінетін барлық пациенттер 4 санатқа бөлінетіндігі жазылған Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы 2017 жылдың 3 шілдесінде жарық көрген. Алайда, әлеуметтік желілердегі қазақстандықтардың пікірлеріне сүйенсек, бұл туралы олар министрдің мәлімдемесінен білген. Министрліктегілердің айтуынша, бұйрық жобасы танысып, талқылану үшін ведомстваның сайтында жарияланған. Шенеуніктердің сөзінше, БАҚ-да 2016 жылдан бастап жедел жәрдем қызметін жаңғырту бойынша пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарында іске қосылғаны туралы жазылған. Бұл жеткілікті ме әлде жоқ па, бізге беймәлім.

Жедел жәрдемнің 4 санаты

Егер азаматтың жағдайы нашарлап, өзі емделе алмайтын жағдайда болса, оған "103"-ке хабарласуға әбден болады. Ал, оған қаншалықты шұғыл көмек көрсетілетінін шақыртуды қабылдайтын оператор әңгіме барысында шешеді. Егер алдын ала диагноз қойылғанда қиындық туындаса, кезекші дәрігермен кеңесуге болады. Министрліктің бұйрығымен елімізде шұғыл көмек көрсетудің 4 санаты анықталған.

Бірінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 10 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Бұйрық бойынша оған төмендегі жағдайлар жатады:

  • Есінен тану;
  • Тыныс алысы тоқтау;
  • Жүрек тоқтауы;
  • Тыныс алу жолдарында бөгде заттың болуы;
  • Есеңгіреу халі;
  • Сіңір тартылу;
  • Кеуде тұсының ауыруы;
  • Шала салдану (бұлшық еттерінің әлсіреуі, орталық нерв жүйесінің бұзылуы) сал ауруы;
  • Жындану;
  • Зақым келу садарынан қан кету;
  • Жарақат алу салдарынан қан кету;
  • Бас, мойын жарақатынан қан кету;
  • Күйік, үсік;
  • Жануарлар мен жәндіктер тістеп алу (аллергиялық реакциядан туатын талма ауруы);
  • Электржарақатын алу;
  • Қан аралас құсу;
  • Бала туу;
  • Оқыс жағдайлар (жарылыс, өрт, су басу және т.б.).

Екінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған орынға 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі керек:

  • Лаңкестік әрекет орнына шақыру;
  • Пациенттің ес-түсін жоғалтуы;
  • Тыныс алу жолдарының бұзылуы (демікпе, аллергия, жүрек ауруы, улану жағдайлары және т.б.)
  • Жүрек соғысының бұзылуы;
  • Естен тану;
  • 3 жасқа дейінгі балалардың дене қызуы 38°С жоғары болу;
  • Қызуы жоғарылаумен денені бөртпе басу;
  • Жарақат алу салдарынан қан кету (дене мүшесіне зақым келу);
  • Улану;
  • Коронарлы синдромға күдік келтіру;
  • Жүкті әйелдердің бас ауруы;
  • Құсу + іш өту

Үшінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 30 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған төмендегі жағдайлар жатады:

  • Жарақат алу;
  • Іш ауруы;
  • Дене қызуының көтерілуі;
  • Көпшілік шаралар кезіндегі кезекшілік;
  • Физиологиялық босану;
  • Жүкті әйелдердің іш ауруы (жүктіліктің тоқтатылу қаупі);
  • Балалардың күю, үсуі.

Төртінші санат бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 1 сағаттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. Оған төмендегі жағдайлар жатады:

  • Өмірге қауіп төндірмейтін созылмалы аурулардың асқынуы;
  • Терінің өткір қабынуы, ісінуі;
  • Жеңіл жарақаттар;
  • Созылмалы аурулардың қабынуы;
  • Тамақтан улану салдарынан іш өту + құсу;
  • Жүкті әйелдердің құсуы (12 аптаға дейін);
  • Зәр шығару жүйелерінің созылмалы аурулары салдарынан кіші дәреттің жүрмей қалуы;
  • Қан аралас зәр шығару;
  • Бала туу, түсік жасатудан кейінгі асқынулар;
  • Тыныс алу жолдарынан басқа жерге бөгде заттың кіруі;
  • Алғашқы медициналық көмек немесе стационарды талап ететін басқа да жағдайлар.

Қателіктің құны

Министрліктегілердің айтуынша, шұғыл көмек көрсетудің санатын анықтауда диспетчер ауруды емес, пациенттің қандай жағдайда жүгініп отырғанын басшылыққа алады. Егер созылмалы аурудың өзі адам өміріне қауіп төндіретіндей болса, пациентке талапқа сәйкес бригада жіберіледі. Бұл ретте қан қысымының көтерілуі қарастырылды.

"Мәселен, қан қысымы жоғары пациент учаскелік дәрігердің есебінде тұрып, қан қысымын түсіру үшін тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етулуі керек. Қан қысымы көтеріліп, басқа да шағымдары болмаса, ол учаскелік дәрігеріне жүгінеді. Ал, ауруы күрт асқынған жағдайда "103" қызметін шақыра алады. Мұндайда жедел жәрдем қызметі оған екінші санат бойынша 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс" делінген министрліктің ресми жауабында.

Ал, кезекші немесе диспетчер телефон арқылы алдын ала диагнозды дұрыс қоймаса және жедел жәрдемді бекітілген мерзімнен ұзақ күту секілді қателіктерге қатысты сұраққа министрлік жауапты қысқа қайырыпты. Мұндай жағдайларда Әкімшілік және қылмыстық кодекстерменжауапкершілік көзделген.

Қысқасы, дер кезінде сапалы медициналық көмек алу үшін шағымданушы да барынша кәсібилік танытып, медицина мамандарына барынша көмектесуі керек. Диспетчермен телефон арқылы тілдесу кезінде ойын жинақтап, асып-саспай, қойылған сұрақтарға нақты жауап беру маңызды:

  • Науқастың аты-жөнін, тегін және жынысы мен жасын айту;
  • Науқастың жағдайы мен аурудың немесе оқыс оқиғаның жай-жапсарын айту;
  • Жедел жәрдемді шақыртқан жердің мекен-жайын, байланыс телефондарын, кіреберіс есіктің кодын және науқас жатқан жерге келгенде бағдар алатын деректер беру.

Реформаның мәнісі неде?

Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлерінен ауыртпалықты азайту. Осылайша нағыз көмек қажет науқастарға ғана кезек күттірмейтін көмек көрсету. Сондықтанда бастапқы үш санатқа жедел жәрдем қызметі жауапты болады, қалған 4-ші санатқа қарасты науқастардың жағдайына емханалардың учаскелік дәрігерлері жауапты болады. Ведомства бұйрығына сай емханаларда арнайы бригадалар құрылады, олар 24 сағат бойы кезекшілікте болады және қажет болған жағдайда шақырту бойынша науқастарға барады. Мұндай бригадалар құрамына: дәрігер мен фельдшер немесе екі фельдшер кіреді.

Министрлік мәліметінше, бұл тәртіппен әзірге елдегі емханалардың тек 30 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Қалған алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсететін мекемелер жедел жәрдем станцияларымен шарт жасасқан. Олар 4 санаттағы шақыртулар бойынша қызмет көрсетеді. Мұндай мүмкіндік Санитарлық медициналық қызмет көрсету ережесінде көрсетілген. Шақыртулар бойынша қызмет көрсету үшін емханаларда тиісті инфрақұрылым, материалдық-техникалық база және кадрлық ресурстары сай болуы керек.

Авторы Игорь Мосунов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары