Тікелей эфир

Үйлі болуды армандаған 233 мыңға жуық адам баспана кезегінен шығарылады

Пәтер кезегінде тұрған азаматтардың кейбірінің жеке баспанасының бар екені анықталса, кейбірі құжат тапсыру кезінде қателік жіберген.

Индустрия және құрылыс министрлігі осыған сәйкес жылдар бойы жылжымайтын кезек біртіндеп қозғала бастайтынын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Тізімнен еш себепсіз алынып тасталған азаматтар құзырлы орган қызметкерлерінің бұл ісіне наразы.

Бүгінге дейін әкімдік қызметкерлері 10 мың адамды кезектен шығарып үлгерген. Олардың қатарында ата-ананың қамқорынсыз қалған Өскемен қаласының тұрғыны Шыңғыс Құмарханов та бар. Өзі тұрған балалар үйінің директоры есепшотына жиналған жәрдемақыға пәтер кезегі келгенше баспана сатып ала тұру туралы кеңес берген. Ол жатақхананың бір бөлмесін сатып алыпты. Соның салдарынан пәтер кезегінен шығып қалатынын білмеген.

"Олар мені кезектен алғанда маған ескерткен жоқ. Ал жатақхананың бір бөлмесінде ары қарай тұра беру мүмкін емес", – деді Өскемен қаласының тұрғыны Шыңғыс |Құмарханов.

Ал министрлік өкілдері талапқа сай келмейтін үміткерлер тізімнен шығарылатынын, себебі кейбірінің атына тіркелген пәтері бар немесе кезекке тұру үшін құжатын дұрыс өткізбеген. Бұл азаматтарды тізімнен алып тастаған жағдайда, басқа үміткерлер баспанаға тезірек қол жеткізетін болады.

"Енді азаматтың атында тұрғын үй табылған жағдайда немесе тұрғылықты мекенжайын басқа мекенжайға ауыстырған жағдайда, кейбір жағдайда азаматтар санаттарын жоғалтады. Осындай жағдайда азаматтар тұрғын үй кезегінен шығарылады", – деді ҚР индустрия және құрылыс министрлігі басқармасының бас маманы Самат Бекжігіт.


Оқи отырыңыз: "Кезегі 120 жылдан кейін келеді". Депутат жетім балаларға арналған баспана кезегін сынға алды.


Соңғы 10 жыл ішінде елімізде баспана кезегіне тұрғандар саны алты есеге көбейген. Қазіргі уақытта 647 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Шенеуніктер бұл мәселені «цифрландыру» арқылы шешпек.

"Міне, мамыр айынан бастап осы айға дейін 12 мың адам тағы да қосылды. Бұл сан өсе береді. Кезекті жергілікті атқарушы органдардан алып, сол «Отбасы банкқа» беру керек. Отбасы банк оның бәрін цифрландыру керек. Бұл жерде адамның қатысы болмауы керек, өйткені кезек бұзушылық көп2, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов.

 

Серіктестер жаңалықтары