Тікелей эфир

"Кезегі 120 жылдан кейін келеді". Депутат жетім балаларға арналған баспана кезегін сынға алды

Тәуелсіздік алғалы бері оларға тек 8 444 тұрғын үй берілген.

Қазақстанда жетім өскен және кәмелет жасына толған 62 351 адам баспана кезегінде тұр. Олар тек 120 жылдан кейін ғана түрлі бағдарламалар бойынша баспаналы болу немесе оны сатып алу құқығына ие болады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ирина Смирнова премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Бүгінгі таңда жетім өскен және кәмелет жасына толған 62 351 адам баспана кезегінде тұр. Тәуелсіздік алғалы бері тек 8 444 тұрғын үй берілген. Оның ішінде тек тегін баспана ғана емес, сатып алынатын баспана да бар. Яғни, мұндай жағдайда кезекте тұрғандар тек 120 жылдан кейін ғана түрлі бағдарламалар бойынша баспаналы болу немесе оны сатып алу құқығына ие болады", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: "15 жылдан бері үйсіз жүрміз". Атырауда жетімдерге арналған үй кезегі неге жылжымай тұр?


Ирина Смирнова Петропавлда 1,5 мың пәтердің табылғаны, Қарағандыда азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына арналған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкерлерге заңсыз бөлу фактілері және басқа да мәліметтер жетім балаларға арналған баспана бар екенін көрсететінін айтты. Алайда депутаттың айтуынша, шенеуніктер пәтерлерді қолдан шығарғысы келмей отыр.

"Қазақстан халық партиясы ел азаматтарының осы санатын тұрғын үй жолдамасы, тікелей баспана, жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй және басқа да әдістер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігін жедел қарастыруды ұсынады. Мемлекет өз балаларының алдындағы қарызды өтеуі керек", – деді депутат.

Сондай-ақ, ол елден заңсыз шығарылған 670 миллиард теңгенің есебінен қысқа мерзімде жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылатынына сенім білдірді.

Серіктестер жаңалықтары