Атырау облысында балалар үйінің түлектері бас көтерді. Олар жетімдерге мемлекеттен берілуі тиіс пәтер кезегі 10-15 жылдан бері жылжымай тұрғанын айттып отыр. Соның кесірінен көбі пәтер жалдап, елдің босағасын жағалаудан шаршаған. Үй кезегінің дұрыс жылжып жатқанына да күмәнмен қарайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Балалар үйінің түлектерінің айтуынша, соңғы үш жылдың көлемінде пәтер кезегі мүлдем жылжымаған. Талай мәрте әкімдікке жүгінгенімен, "күтіңдер" деп шығарып салған.
"Төрт күн болды, далада жүрмін. Не істейтінімді білмеймін. Бәріне бардым, бәрі "кезегіңді күт" дейді. Сонда біз қайтеміз? Бәрімізде кредит бар. Бар талабымыз – үйімізді берсін. Оның 20 пайызы ғана жетімдерге беріледі екен, ол тым аз. Неге соны көбейтпейді?", – деді Атырау қаласының тұрғыны Александр Кан.
Жиынға бір айлық баласымен келген Гүлжанат Өтеғалиева 2017 жылдан бері үй кезегінде тұр. Оның айтуынша, қазір төрт баласымен бір бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр.
"Кезек қозғалмаған, жетімдер санатына көңіл бөлінбеген. Әкімдік пен депутаттардан көмек сұраймыз", – деді Атырау қаласының тұрғыны Гүлжанат Өтеғалиева.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда қанша адам баспана кезегінде тұр?
- Тұрғын үй кезегіне тұру үшін жаңа платформаға тіркелу керек
Жиналғандардың базынасын тыңдауға шыққан жауаптылардың сөзіне сенсек, әкімдік беретін тұрғын үйдің тек 20 пайызы ғана ата -анасыз өскендерге тиесілі. Былтыр сол санаттағы үш азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер берілген. Жергілікті билік кезекті жылжыту үшін министрлікке жалға берілетін үйлердің санын көбейтуді сұрап, ұсыныс жолдаған.
"Министрлікке ұсыныс жолдадық. Мәселе қаралып жатыр. Сонымен қатар, жергілікті әкімдікпен жалға берілетін үйлердің құрылысын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен қаражат бөліп жоспарлаймыз. Ол 1-2 жылда бітетін мәселе", – деді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Қазір тұрғын үй кезегінде облыс бойынша 20 мыңнан аса азамат тұр. Оның 1174-і жетім ретінде тіркелген. Жауаптылар баспана беру мәселесі заңды түрде жүргізілетінін әрі кезекпен берілетінін айтты.