Талапкерлер мемлекеттік білім беру грантына тапсыруға арналған ҰБТ тапсыру кезінде таңдау пәндерін ауыстыра алмайды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
"Негізі, яғни білім беру грантына арналған ҰБТ-ның екеуінде де талапкердің таңдаған пәндер комбинациясы бірдей болуы керек. Оны ауыстыра алмайды", – деді орталық директоры.
Руслан Емелбаевтың айтуынша, бейінді пәндерді ауыстыру мүмкіндігі тек ақылы ҰБТ тапсыру кезінде ғана қолжетімді.
Оқи отырыңыз:
- 14 – 18 ақпандағы ҰБТ-ға тегін дайындық сабақтар кестесі
- Қаңтарда ҰБТ тапсырған 21 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмады
"Қаңтар, наурыз және тамыз айындағы ҰБТ-ларда, яғни ақылы негізде өтетін ҰБТ тапсыру кезінде талапкерлер бейінді пәндердің комбинациясын ауыстыра алады. Мысалы, қаңтар айында "математика-физиканы" тапсырып, наурыз айында қаласа "ағылшын тілі-дүние жүзі тарихын" тапсыра алады", – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін қаңтар айындағы ҰБТ-дан 21 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмағаны туралы жазған едік.