Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасы 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл туралы үкімет кулуарында министр Юрий Ильин айтты. Министрдің мәлімдеуінше, биыл алты МИ-8 тікұшағы, үш еврокоптер сатып алынған.
"2023 жылы 3 тікұшақ, 2024 жылы тағы 5 тікұшақ аламыз. Олардың төлемі келісімшарт бойынша кезең-кезеңімен жүргізіледі", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Өрт сөндірушілердің жалақысы қанша?
Министр биыл қажетті техникалардың бағасы қымбаттап кеткенін жасырмады.
"Биыл бізде барлық өнімдердің бағасы қымбаттап кетті. Мысалы, 60 млн теңге тұрған техника қазір отандық өндірушілерде 100 млн теңге көлемінде болып кетті. Соған сәйкес сатып алынатын техника саны азайып жатыр. Сондықтан қосымша техника, қосымша қаражат қажет", – деді ол.
Оқи отырыңыз: ТЖМ: Құрылыста түрлі жаңа материалдарды қолдану өрт қаупін күшейтіп отыр
Юрий Ильин министрлік құрылған кезде ондағы жаңа техниканың үлесі 40 пайыз ғана болғанын, қолда бар техниканың көбі жарамсыз болғанын жеткізді. Қазір жаңа техниканың үлесі кей өңірлерде 75 пайызға дейін өскен.
"Жұмыс жалғасып жатыр. Бұл бюджетте қарастырылады. Сонымен қатар президенттің ТЖМ бөлімшелерін жаңғыртуды жеделдету туралы тапсырмасы бар. Алдағы 3-5 жылда бәрі жаңартылады деп ойлаймын. Алайда кез келген техниканың, тұрмыстық техника сияқты, қолданылу мерзімі бар екенін ескеру керек. Сондықтан белгілі бір уақыттан кейін оларды жаңартып тұру керек болады", – деді министр.