![Фото: Depositphotos.com](/storage/photos/84/main/01JM90304PH74970VXNMGFSSRJ.jpg)
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің түрмедеге жазасы жеңіл әйелдерді босату туралы ұсынысына орай жауап беріп, ІІМ мұндай ұсынысты құптайтынын айтты.
Дегенмен, оның өз тәртібі бар және Конституцияның 14-бабына сәйкес, заң мен сот алдында барлығы тең. Соған сай, ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды.
Ержан Сәденов ұсынған мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде:
- 2692 әйел бас бостандығынан айыру орындарында;
- 3707 әйел пробациялық бақылауда.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, Ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы алғаш рет, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған. Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкін", – деді ішкі істер министрі.
Ержан Сәденов рақымшылық жасауда әйелдердің әлеуметтік жағдайы ескерілетінін де алға тартты. Мысалы қазіргі таңда:
- 29 мүгедек әйел (I топ – 3, II топ-3, III топ – 15);
- 60 жастан асқан 243 әйел;
- 13 жүкті әйел;
- 3 жасқа дейінгі сәбиі бар 58 әйел;
- 226 көп балалы ана бар.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты сотталған әйелдерге амнистия жариялауды сұрады
Еске салайық, мәжіліс депутаты Қарақат Әбден "Ауыл" партиясының атынан Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдап, Конституцияның 30 жылдығына орай Қазақстандағы сотталған әйелдердің бір бөлігіне рақымшылық жариялау мәселесін қарастыруды сұрады.
Депутат ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы – аналар, оның ішінде 250-і – көп балалы аналар. Осыған байланысты 1500-ден астам бала анасыз қалып отыр, ал 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
"Конституцияда отбасы және ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген. Яғни, әйелдердің ана ретіндегі құқығын қорғауға мемлекет ерекше көңіл бөледі. Біздің еліміз қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады. Сондықтан "Ауыл" партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады", – деді Қарақат Әбден.