
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден "Ауыл" партиясының атынан Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдап, Конституцияның 30 жылдығына орай Қазақстандағы сотталған әйелдердің бір бөлігіне рақымшылық жариялау мәселесін қарастыруды сұрады.
Депутат ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы – аналар, оның ішінде 250-і – көп балалы аналар. Осыған байланысты 1500-ден астам бала анасыз қалып отыр, ал 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
"Конституцияда отбасы және ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген. Яғни, әйелдердің ана ретіндегі құқығын қорғауға мемлекет ерекше көңіл бөледі. Біздің еліміз қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады. Сондықтан "Ауыл" партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады", – деді Қарақат Әбден.
Депутаттың айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистияны қолдануға қажет критерийлер жобасын да ұсынды:
- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
- көп балалы әйелдер;
- алғаш сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды.
"Әйелдерге амнистия жасалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды, балалар үйлеріне түсетін жүк төмендейді, әлеуметтік шиеленіс азаяды, мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туады. Аталған шара отбасылардың қауышуына, анасынан ажыраудың балаларға тигізетін салдарын азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, қылмыстық саясатты ізгілендіру жолындағы маңызды қадамға айналады", – деді Қарақат Әбден.