Түркістанда арақ-шарап сатпауды Ардақ Назаров ұсынды. Қала басшылығының жауабы қандай

Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" арнайы жобасы жүзеге асып жатыр.

Мәжілісте "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын қарау барысында депутат Ардақ Назаров қасиетті қалада арақ-шарап сатылуына тыйым салу бастамасын көтерді. Оның айтуынша, Түркістан – рухани Астана және бүкіл қазақтар бұл қаладан рух алуы керек. Оның үстіне мұнда қазақ бабалары, әулие, батыр-билері жатыр. 

"Қалаға шетелден көп қонақтар келеді, сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шығатын болса, ұят емес пе? Сондықтан осы заңның аясында Түркістанды "арақсыз қала –  рухани қала" деп танып, арақ-шарапқа тыйым салуға бола ма", – деп сұрады мәжіліс депутаты. 

Ардақ Назаровтың сұрағына жауап берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бұл ұсынысты қарастыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" арнайы жобасы жүзеге асып жатыр. Қазір бұл жобаға 30-дан астам ауыл қосылған. 

"Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдарымен, қоғам белсенділерімен түрлі форматта арнайы талқылаулар өткізілген. Дегенмен Түркістан қаласының басым бағыттарында рухани-мәдени бағытпен қатар, туристік бағыттағы қала деп бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан ол мәселеге түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін, бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыру керек деп санаймыз", – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары. 


Оқи отырыңыз: 


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары