Түркістан қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталады. Конкурсқа өтінім беру уақыты – 25 сәуір мен 2 мамыр аралығы, деп хабарлады "Отбасы банк" АҚ.
Конкурсқа барлығы 13 көппәтерлі үйден 33 пәтер қатысады. Шаршы метрінің бағасы – 180 мың теңге. Оған Түркістан облысы бойынша әкімдікте үй кезегінде тұрған банк салымшылары қатыса алады.
Конкурсқа қатысу үшін өтініш берушінің жинақ шотында таңдалған тұрғын үй құнының кемінде 10 пайызы болуы керек. Ал қарыз алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында таңдалған тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы болуы шарт.
Өтініштер Отбасы банкінің сайты арқылы қабылданады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысқан жетпіске жуық тұрғын 2 жылдан бері пәтер кілтін ала алмай жүр
"Нұрлы жер" бағдарламасының шарттары:
- Несие пайызы – 5% (ЖТСМ 5,2% бастап);
- Алғашқы жарна – 20%;
- Несие мерзімі – 20 жылға дейін;
- Отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда Қазақстан бойынша жылжымайтын мүлік болмауы керек;
- Табыс отбасы мүшелеріне шаққанда 3,7 күнкөріс минимумынан, яғни, 150 097 теңгеден аспауы қажет.
Мысалы: ерлі-зайыптылардың екеуінің табысының қосындысы 320 мың теңге болса және олардың екі баласы болса, отбасының жан басына шаққандағы табысы 320 мың:4=80 000 теңге болады. Бұл отбасы бағдарламаға қатыса алады.