Ақтөбеде мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдармасымен пәтер алмақ болған тұрғындар екі жылдан бері баспанасына кіре алмай жүр. Соған орай, олар құрылысы орта жолда тоқтап қалған үй алдына келіп, наразылық білдірді. Жиналғандар әкімдік пен құрылыс компаниясы мәселені бір-біріне сілтеп, сенделтіп қойғанын айтады. Тұрғындар биліктен үйді бір айдың ішінде тапсыруды талап етті, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жетпіске жуық пәтері бар үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Алғашқы кесте бойынша үй 2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс болған. Кейін қала басшылығы тұрғындарға үй 2020 жылдың шілдесінде дайын болады деп уәде етіпті.
Тұрғындардың айтуынша, үйді салған компания құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бюджеттен бөлінген ақшаны жеткізе алмай, құрылысты тоқтатқан.
"Қазір мәселені шештік. Мердігер электр жабдықтарына тапсырыс беріп қойды. Ресейден әкелгеннен кейін монтаждау жұмыстары басталады. Тұрғын үй қазан айының 15-і тапсырылуы тиіс", – деді Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Жантөрин.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: