Тікелей эфир

"Түлектердің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді". Депутат бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құруды ұсынды

Respublica партиясының депутаттары оқушыларды кәсіптік бағдарлау мәселесін сынға алды.

Қазақстанда жоғары білім алған жас мамандардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы депутат Динара Наумова үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Бұл ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Мемлекет бір студенттің білім алуына қыруар қаржы жұмсайды, ақша игеріледі, бірақ соңында түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа салаға кетеді де, елде маманға деген сұраныс қала береді. Түлектің өзі үшін бұл жақсы болуы мүмкін. Басқа салада өз орнын тапты. Бірақ бұл ел бюджетіне кері әсер етеді", – деді депутат.

Динара Наумованың айтуынша, 2022 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен бірдей. Ал "Атамекен" ҰКП сауалнамасына сәйкес, Қазақстанда кадрларды аса қажет ететін салалардың қатарында сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығы бар. Белгіленген 134 мыңнан астам тапшы кадрлардың жартысына жуығында жұмыс істеу үшін кәсіптік білімі жеткілікті. Ал төрттен бірінен астамына білімсіз де жұмысқа орналасуға болады. Тек әрбір бесінші бос орын міндетті жоғары білімді талап етеді.


Оқи отырыңыз: "Дипломмен – басқа салаға!". Мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарлау не үшін қажет?


"Көптеген елдің тәжірибесі білім беру жүйесінің барлық деңгейінде сапалы кәсіптік бағдар беру қызметін көрсету мемлекеттің ажырамас функцияларының бірі екенін көрсетті. Өкінішке қарай, елімізде кәсіптік бағдар беру қызметін реттейтін бірыңғай ереженің болмауы бірқатар келеңсіз фактордың туындауына әкеліп соқты. Бүгінгі таңда бұл бағытта мүдделі басқармалар, құрылымдық бөлімшелер, компаниялар ғана өз көзқарасына сүйене отырып жұмыс жасап жатыр. Бірыңғай келісілген стратегия жоқ", – деді Динара Наумова.

Осы ретте депутат Қазақстандағы білім беру, жұмыспен қамту және экономика салаларындағы жағдай мен қажеттіліктерді ескере отырып, кәсіптік бағдар беру жүйесін неғұрлым тиімді және іске асыруға қолайлы ретінде реформалауды ұсынды. Атап айтқанда:

  • Мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру саласындағы жұмысты реттейтін заңнамалық қамтамасыз етуді енгізу бойынша жұмыстарды жүргізу;
  • Бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құру;
  • Кәсіптік бағдар беру шараларына еңбек нарығының барлық өкілдерін тарту мүмкіндігін қарастыру;
  • Экономикалық талдау мен болжауды, сонымен қатар жүйелік бақылауды толық қамтамасыз ету.
Серіктестер жаңалықтары