Жыл сайын орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмысқа орналаса алмайды. Жұмысқа тұрған түлектердің 40,1%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мамандық таңдауда əр төртінші адамға ата-анасы əсер етеді, ал 6,4%-ы оқу гранттарының болуына, 4%-ы – достарының ұсынысына сүйенді. Жастардың үштен бірінен астамы мамандықты өздері таңдамайды. Бұл "Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа реалия жағдайындағы даму" ұлттық баяндамасындағы деректер.
Нəтижесінде жастар мамандық таңдағанда өз қалауына сүйенбейді, жұмыс істей алмай, əлеуетін толық іске асыра алмайды. Ал алған дағдылары мен білімдері уақыт өте ескіреді жəне олар еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады. Сол үшін де жастарға кәсіптік бағдар беру өте өзекті. Германияда кəсіптік бағдар беру жүйесі балабақшадан басталады. Қазақстанда жағдай қалай? Мектепте кәсіптік бағдар беріле ме? Informburo.kz тілшісі журналистік зерттеуінде осы сұраққа жауап береді.
Білім министрлігінің статистикасы
Алдымен статистикаға көз жүгіртейік. Елімізде 3,5 миллиондай оқушы бар. Олардың 645 мыңға жуығы бітіруші сыныптарда оқиды. Мектеп бітіруші сыныптарда оқитын оқушылар саны:
- 9-сынып – 302 071;
- 10-сынып – 176 373;
- 11-сынып – 167 853.
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерден басқа Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт, музыка мектептері жұмыс істейді. Республикада жалпы қосымша біліммен 2 миллионнан астам бала қамтылған.
2022 жылы қаңтар-ақпан айындағы ҰБТ-ға 103 886 өтініш қабылданған. Ең көп таңдалған бейінді пәндер комбинациясы – "Математика-Физика", "Биология-Химия" және "Ағылшын тілі мен Дүниежүзі тарихы".
Мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беріле ме?
Білім министрлігіне жолдаған журналистік сауалда мектептерде кәсіптік бағдарлау қалай ұйымдастырылатынын сұрадық. Министрлік мәліметінше, мектеп психологтары мен педагогтары оқушылардың жеке қасиеттері мен мүдделерін зерделеп, бейімділіктерді, қабілеттерді және кәсіби ерекшеліктерін анықтап, сұранысқа ие мамандықтарды таныстырып, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтауға көмек көрсетеді.
Республика бойынша оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үйлестіреді. Академия балаларды ерте жастан мамандық таңдау бағытында бірқатар зерттеулер жүргізіп жатыр.
"Мектеп жасындағы балалардың мамандықты дұрыс таңдауы көп жағдайда олардың кейінгі өмір сүруінің сапасын, табысты болуын, белгілі бір қызмет саласында өзін-өзі барынша жүзеге асыру қабілетін анықтайды. Бұл кәсіптік бағдар беру мәселесінің айрықша өзектілігін көрсетеді. Соңғы он жылда кәсіптік бағдар беруді дамыту мәселелері көптеген мүдделі тараптардың назарын аударуда", – делінген Білім министрлігінің Informburo-ға берген жауабында.
2017 жылдан бастап 10-11 сыныптар үшін аптасына екі рет "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні бекітілген. Бұл пәннің мектеп бағдарламасына қосуды әр мектеп өзі шешеді. Мұғалім Гүлзипа Төлен биылдан бастап Шымкенттегі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің 10-11 сынып оқушыларына осы пәннен сабақ береді.
"Жиырма жылдан бері еңбек пәнінен сабақ бердім. Дипломым – "Кәсіптік оқыту". Бұл пәнге деген балалардың қызығушылығы өте жақсы, өйткені оларға бизнес бастау, Instagram жүргізуді қоса үйретемін. Брендтер туралы өткенде келешек компанияларыңның логотипін салыңдар деп тапсырма беремін. Сабақты кітаппен ғана өту қызықсыз, балалар "бұл бізге қажет емес" дейді. Оқулықты түсіну қиын, онымен қоса өте аз үлестірілген. Әр сыныпта үш-төртеу ғана. Оқу жылы басталғанда мектеп таңдау пәні ретінде таңдайды. Сабаққа қатысатын балалар өте көп. Кәсіби бағдар беру пәнін 9-сыныптан бастап "Көркем еңбектің" орнына енгізу қажет. Ал "Кәсіпкерлік негіздері" пәнін өткенде кітаппен шектелмей қосымша тақырыптар қосу керек", – деді мұғалім.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы білім гранттарының саны 5 мыңға артады
Министрлік тарапынан бекітілген жауапты сарапшылар кәсіптік бағдар беру бағыты бойынша жалпы әдістемелік жұмысты жүзеге асырады, үйлестіреді, әдістемелік ұсынымдар мен талдамалық шолулар дайындайды. Түрлі мамандықтар туралы ақпараттар ұсыну бойынша зерттеулер ұйымдастырады. Өңірлерден аталған бағыт бойынша ақпарат жинақтайды және сараптама жүргізеді.
Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына мамандық таңдауға арналған қандай тесттерді тапсыруды ұсынады деген сұрақ министрлік құзыретіне жатпайды деп жауап берді.
Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі кешенді кәсіптік бағдар беру бағдарламасы
Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары ұйымдастырады. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептерінде арнайы маман – кәсіби бағдар беру кеңесшілері жұмыс істейді. Сол үшін де осы мектептің үлгісін мысалға алдық.
Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірушілер Кембридж университетінің Бағалау Кеңсесімен (Cambridge Assessment) әзірленген жалпы күрделі сыртқы жиынтық бағалау емтихандарын, ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханын тапсырады. Қорытынды емтихандар функционалдық сауаттылыққа, білімді шығармашылықпен қолдануға, әртүрлі дереккөздердегі ақпаратты іздеуге және өңдеуге, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларына, зерттеушілік және эксперименттік дағдыларға, инфокоммуникациялық және тілдік дағыларды бағалауға бағытталған. Мазмұны, әзірлеу және өткізу технологиялары халықаралық деңгейдегі емтихандарға (A-level, SAT жане т.б.) сәйкес келеді.
"Емтихан натижелері бойынша түлектер еліміздегі және әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мойындайтын 12-сыныптың NIS Grade 12 Certificate сертификатын алады. Сыртқы бағалау емтихандарының жоғары нәтижелері Зияткерлік мектептердің түлектеріне Назарбаев Университеті мен әлемнің үздік ЖОО-ларына университет алдындағы дайындық бағдаралмасынсыз түсуге, сондай-ақ Қазақстандағы 19 университетке бірден 2-курсқа түсуге мүмкіндік береді", – дейді Назарбаев Зияткерлік мектептері басқарма басшысының орынбасары Ольга Можаева.
2020-2021 оқу жылында Зияткерлік мектептерді 2 305 оқушы бітірген, оның 2 175-і (94,4%) мемлекеттік және шетелдік ЖОО-лардың және басқа да гранттардың иегері атанған. Қазақстандық ЖОО-ға 1 745 (75,7%) түлек түскен, соның ішінде Назарбаев университетіне – 677 (29,4%) түлек. 560-ы (24,3%) шетелдік ЖОО-ға түскен. Биыл Зияткерлік мектептерді 2 469 түлек бітіреді. Олардың басым бөлігі жаратылыстану пәндерін таңдаған.
Оқи отырыңыз: Биылдан бастап колледж студенттері бір оқу бағдарламасы шеңберінде бірнеше біліктілікті игереді
2010-2021 жылдар аралығында Зияткерлік мектептерді 14 576 оқушы бітірген. Түлектердің көбі бакалавриат бағдарламасын аяқтаған соң магистратура мен PhD докторы дарежелерін алу үшін оқуын жалғастырады.
"Оқушылар жоғары мектепте негізгі пәндерді оқумен қатар қабілеттері мен қызығушылықтарына қарай элективті пәндерді таңдайды. "Робототехника", "Веб жане 3D модельдеу", "БҰҰ модельдеу клубы", "Шахмат клубы" секілді үйірмелерге, республикалық жане халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына, пәндік олимпиадаларға, конференциялар мен форумдарға, сондай-ақ "Туған елге тағзым", "10 күн ата-ананың кәсіпорнында" жане "Ата-анамен 1 күн жұмыста" сияқты әлеуметтік жобалар мен практикаларға қатысады. Оқушыларға мамандық таңдауға көмек ретінде жүйелі түрде еліміздегі және шетелдік ЖОО-ларымен кәсіптік бағдар беру кездесулері өткізіледі. Оқушылар oқy көрмелері мен университет жәрмеңкелеріне қатысады, ЖОО мен өңірлердегі кәсіпорындарды аралайды", – деді Ольга Можаева.
Оның сөзінше, "Ақылды бейсенбі" жобасы аясында түрлі мамандық өкілдерімен, соның ішінде "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарымен, Назарбаев Университетінің студенттерімен және NIS Alumni – H3M түлектері қауымдастығы мүшелерімен кездесулер еткізіледі.
Сонымен қaтap, психологиялық қызметтер оқушыларға кәсіптік бағдар беру аясында келесі іс-шараларды жүзеге асырады.
Элективті курстар:
- "Табыстың психотехнологиясы: менің 5 жылға жоспарым" – 11-сынып оқушыларына арналған алты сабақтан тұратын табыс, мақсат қою, жоспарлау, мінез-құлық икемділігі, ақпараттық құзыреттілік тақырыптары бойынша курс;
- "Болашақты басқару: өзгертуге қалай оңай және тез бейімделу керек" – 12-сынып оқушыларына арналған 8 сабақтан тұратын басқалармен қарым-қатынас, қабылдау ұстанымдары, таңдаулар, мүмкіндіктер, эмоцияларды басқару, 21-ші ғасырдың дағдылары, ЖОО бірінші жылына бейімделу туралы курс.
Психологиялық ойындар:
- 9-11-сынып оқушыларына арналған "Перспектива" атты саналы таңдау жасауды дамыту ойыны;
- Емтихан кезіндегі эмоционалдық күйзелісті түсіру, емтиханға жақсы көзқараспен қарау мақсатында 10, 12-сынып оқушыларына арналған "№13 билет" ойыны.
Ата-анаға арналған семниарлар мен вебинарлар:
- Заманауи түлек. Сұрақ-жауап;
- Емтиханға дайындалу және тапсыру кезінде ата-аналар нені білуі керек және баласымен қалай сөйлесуі керек? (10-12 сыныптар).
Оқи отырыңыз: Миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қай мамандықтарды меңгерген жөн?
Кәсіби бағдар беру кеңесшісі
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кәсіби бағдар беру кеңесшісі оқушылармен 7-сыныптан бастап жұмыс істейді. Олар кәсіптік бағдар беру шеңберінде жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін педагог-психологтармен, пән мұғалімдерімен және кураторлармен бірлесіп жұмыс істейді. Олар:
- оқушылармен және олардың ата-анасымен мамандық және ЖОО таңдау бойынша жеке әңгіме жүргізеді;
- оқушылармен бірге қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін жеке маршрут жасайды және ДББҰ ақпараттық жүйесіне мәліметтер енгізеді;
- мотивациядық хаттарды жазуға, сұхбаттасудан өтуге көмектеседі;
- ұсыныс хаттар құрастырады;
- бітіруші сынып оқушыларына университеттерге түсуге көмектеседі (egov, UCAS, Common App, Anabin және т.б. жүйелерінде үлгілерді толтыру).
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кәсіби бағдар кеңесшісі Әсел Исмаханбетова кәсіптік бағдар беру бойынша 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Оның сөзінше, мектепте кәсіби бағдарлау жұмысы бір адамның ғана қолында емес, мұғалімдер, кураторлар да атсалысады.
"Балалар мамандыққа қатысты эссе жазады, көрмелерге қатысады, өзекті мамандықтар туралы ақпарат алады. 10-сыныпты аяқтаған соң оқушылар болашақ мамандығымен байланысты белгілі бір пәндерді таңдайды. Медицинаға барғысы келсе – химия-биология, инженер болғысы келсе математика мен физиканы таңдайды. 11-12-сыныпта жоғары мектепте бала таңдаған пәндерді оқиды. Бұл қазақстандық ЖОО-ларға бірден екінші курсқа қабылдануға, ал шетелдік университеттерге даярлау бағдарламасынсыз 1-курсқа түсуіне мүмкіндік береді. "Ақылды бейсенбі" аясында әртүрлі саладағы табысқа жеткен адамдармен кездесулер өткізіледі. "Кәсіпорындарға экскурссия" деген жоба бар. Оқушылар жақында әуежайға, қан орталығына" барып, сондағы қызметкерлердің жұмысымен танысты. Жыл сайын түлектердің 70-80 пайызы Қазақстанда қалады", – деді Әсел Исмаханбетова.
Оқушы 12-сыныпта университеттерге құжат тапсыру кезінде кәсіби бағдар берушімен тығыз жұмыс істейді. Кеңесші шетелдік ЖОО талаптары туралы ақпарат беріп, мотивациялық хат жазуда көмектеседі. Мұғалімдер шетелге түсу үшін ұсыныс хат жазып береді.
"Профориентатор маманның педагогикалық білімі болуы керек, одан кейін отандық, ресейлік, шетелдік университеттермен жұмыс істеу үшін үш тілді білуі керек. Елордадағы бас кеңсе екі жылдан бері вебинарлар ұйымдастырады. Оған дейін жыл сайын бас қалаға барып курстан өтіп жүрдік. Әртүрлі елдің елшіліктері бағдарламаларын түсіндіріп, университеттерін таныстырады. Психологиялық тренингтерден өтеміз. Кәсіби бағдар беруге аранйы сағат бөлінбесе де оқу бағдарламамызда бар. Мысалы, қазақ тілі пәнінде мамандыққа қатысты бөлім басталса мұғаліммен бірге интеграциялық сабақ өтеміз. Арнайы сағат бөлу мәселесін Акционерлік қоғам деңгейінде көтердік. "Сағат онсыз да жетпей жатыр, балалардың жүктемесі көп" деп бөле алмайтындарын айтты. Ал қарапайым мектептердің бағдарламалары бізге қарағанда оңайлау, күрделі емес. Сондықтан ол жаққа енгізуге болады деп ойлаймын", – деді Әсел Исмаханбетова.
Оның сөзінше, оқушылар мамандық таңдау мәселесімен жиі жүгінеді. Өзін шығармашылық бағытта да, инженерлік бағытта да көретін, екі ортада қайсысына барарын білмейтін жан-жақты балалар көп. Олар психологқа барып тест тапсырады. Тест баланың қай жақ бағыты басымырақ екенін көрсетіп береді.
"Екінші мәселе, көп бала мотивациялық хатты тексертуге келеді. Әр университеттің ережесі әртүрлі, бірі академиялық жағына, бірі көшбасшылық жағына қарайды. Соның бәрі қағаз бетіне түскен кезде балаларға қиындық туып жатады. Дұрыс таңдалмаған мамандық жұмыссыздыққа әкеледі. Бұл адами ресурстың дамуына кері әсер етеді. Жаңа пән енгізбей-ақ "Өзін-өзі танудың" екі тоқсандық бағдарламасына кәсіби бағдар беруді енгізсе жеткілікті деп ойлаймын. Басқа мектептегі балалардың көзінен үрей көрем. Бала қайда барарын, болашақта не істейтінін білмейді. Мамандықты әдемі киінген формаларды ұнату арқылы таңдайды. Бұл мүлде дұрыс емес. Өзім кезінде бір мамандықты бітіріп, қазір мүлдем басқа салада жүрген адаммын. Сондықтан мен жастарды жақсы түсінемін", – деді кәсіби бағдар беру кеңесшісі.
Кәсіби диагностика
Оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылардың жеке психологиялық ерекшеліктеріне, қызығушылықтары мен мотивациясына бағалау жүргізіп, оқушы профилін жасайды. 10-сынып оқушыларының психологиялық диагностикасына ерекше көңіл бөлінеді. Анықталған қызығушылықтары, кәсіптік бағдары, жеке психологиялық ерекшеліктері оқушының кәсіби жоспарымен сәйкес келсе диагностика нәтижелері кураторға, кәсіби бағдар беру кеңесшісіне беріледі. Сәйкес келмесе оқушы қызығушылықтары мен мотивтерді зерттеу, мүмкін болатын ішкі жанжалмен жұмыс істеу үшін кеңес алуға шақырылады. Қосымша үйірмелepre, элективті курстарға, конкурстарға қатысу ұсынылады, кәсіп өкілдерімен қосымша кездесулер ұйымдастырылады. Оқушының кәсіби жоспарымен сәйкес келгенімен, ата-ана қалауымен сәйкес келмесе оқушы мен ата-ана психологқа кеңес алуға шақырылады.
Кәсіби бағдар беру маманын даярлау
Қазақстанда кәсіби бағдар беру бойынша бірнеше жобаны атқаратын BTS Education компаниясының басшысы Дастан Аспанмен сұхбаттастық. Компания өз қаржысына Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірге 72 сағаттық профориентаторларды даярлау курстарын жүргізіп, 200 астам кәсіби бағдар беру маманын даярлауды көздеп отыр. Сондай-ақ EduNavigator онлайн платформасында кез келген адам тест тапсырып, мықты қабілеттерін анықтап, қандай мамандық сай келетінін біле алады. Оларға ЖОО-лар туралы, қандай мамандықтар бар екені жайында ақпарат беріледі. Диагностикалық сұрақтарды әлеуметанушылар мен психологтар ойлап тапқан. Әр архетипті анықтайтын алгоритм бар.
"Елімізде кәсіби бағдар беруге көп көңіл бөлінбеген, ол рас. Министрлік заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп, кәсіби бағдар беруді міндетті пәндер қатарына кіргізбекші. Одан бөлек маман тапшылығы мәселесі бар. Өкінішке қарай, психолог, социолог немесе арнайы даярланған маман болмаса кәсіби бағдар берумен кез келген адам айналыса алмайды. Шетелде мұнымен айналысатын комитеттер мен ассоциациялар бар. Солардан аккредитация өткендер ғана бұл іспен шұғылдана алады. Негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан балаларды еңбекке баулу, мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру, баланың біліктілігіне, ойлау қабілетіне қарай бір мамандыққа қарай бағыттау. Бұрын біз аға, әке, ата-әжеміздің жолын қудық. Ұстаздың баласы – ұстаз, инженердің баласы инженер болады дегенді жиі естідік. Бұл кәсіби бағдарлау емес", – деді Дастан Аспан.
Оның сөзінше, мектептерде әзірше кәсіби бағдар беретін жекеленген ұстаз жоқ. Мамандар осы іспен айналысып, жалақы алу үшін Білім министрлігі профориентатор даярлау курсын заңды түрде қабылдауы керек. Компания наурыз айында курсты министрлікке жолдап, қолдау тапса сәуірде маман даярлауға кіріседі.
"Кәсіби бағдар беру жеке пән ретінде енгізілуін қолдаймын. Бір-екі жылдың ішінде алдыңғы қатарлы мектептерде жеке пән ретінде енгізілетініне сенемін. Әлемдік практикада профориентация балабақшадан басталады. Біз олай жасай алмаймыз, 9-сыныптан басталса оның өзі жақсы. Кәсіби бағдар беру мәселені түгелімен шешпейді, бірақ болашақта болатын көптеген проблеманың алдын алады. Сол үшін де ең бірінші сүзгі ретінде EduNavigator платформасы жақсы көмектеседі", – деді ол.
Дастан Аспанның сөзінше, нарық талабы мен өсіп келе жатқан балалардың талабы сәйкес келмейді.
"Әр бала өзінің мықты жағын анықтаса, басқаны тыңдамай өзіне ұнайтын істі таңдаса міндетті түрде жетістікке жетеді. АҚШ-та әр қалада зауыт болса сол зауыт қызметкерлері кем дегенде әр мектепке жылына бір-екі рет келіп, мамандықтары жайлы, зауыт өндіретін өнімдер мен одан өңірге қандай пайда келетіні жайлы мәлімет береді. "Біздің өңірде өскен бала басқа жаққа кетер болса еңбек күші тапшы болады" деген оймен өздерін жарнамалайды. Біздің мемлекетте, өкінішке қарай, еңбек нарығы мен білім беру саласындағы ақпарат арасындағы сәйкестік үзіліп кеткен. Еңбек және білім министрліктерінің мәліметтері сәйкес келмейді. Нарық болса – мүлдем үшінші ақпарат. Еңбек, білім, бизнес салалары бірге жұмыс істесе мектеп бітірген бала болашағын кем дегенде 5-7 жыл ерте анықтай алады", – деді BTS Education басшысы.
Білім беру гранты қалай бөлінеді?
Білім министрлігінің мәліметінше, кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ел экономикасының салалары үшін кадрларға қажеттілікке орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады.
"Министрлік неғұрлым сұранысқа ие кадрлар мен олар бойынша артықтығы байқалатын кадрларды анықтау бойынша талдау жүргізеді, өңірлердің және тұтастай республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, білікті кадрларға қажеттілікті болжау есептері, салалар бөлінісінде, оның ішінде өңірлер мен даярлау бағыттары бойынша еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін бағалау жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде мемлекеттік бағдарламаларының негізгі көрсеткіштері, экономика салаларының үрдістері, сондай-ақ "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған қажеттілік ескеріледі.
Қазақстанда 120 жоғары оқу орны бар. Студенттер контингенті – 575 511 адам, оның ішінде 200 251 студент грантта оқиды.
Ал білім беру гранттары игерілмей қалған жағдайда, олар жалпы конкурс бойынша ҰБТ нәтижесі негізінде дайындық бағыттарына сәйкес қайта үйлестіріледі.
2021 жылы 127 124 оқушы ҰБТ тапсырды. 50 мыңнан астам талапкерге білім беру гранты тағайындалды, оның ішінде ауыл мектебін бітірушілерге 22 мыңнан астам грант бөлінді. Мектеп түлектерінің 343-і үкіметаралық грантпен шетелге оқуға түсті.
Оқи отырыңыз: 239 жаңа мамандық. Болашақ кәсіпті қалай таңдауға болады?
Білім министрлігі ЖОО-да оқып жүріп басқа мамандыққа ауысатын, оқудан шығып кететін студенттер статистикасын ұсынбады. Десе де 2021 жылы желтоқсан айындағы жағдай бойынша 168 033 адам оқуын аяқтаған.
Қазақстанда 770 ТжКБ ұйымы бар. Онда 488 949 адам білім алады. 2020-2021 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ТжКБ) 9-сыныпты аяқтаған 94 919 оқушы қабылданды, оның ішінде 65 653 студент грантта оқиды. Ал 2021-2022 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 11-сыныпты аяқтаған 66 689 оқушы адам қабылданды, оның ішінде 27 751 талапкер грантта оқиды.
Грант ақысын кімдер қайтарады?
Бүгінде диплом бойынша жұмыс істемейтін жастар қатары көп. Егер мемлекекеттік білім грантында оқыса үш жыл жұмыспен өтеу керек. Алайда бұл талапты көп түлек сақтай бермейді.
Жас мамандарды жұмысқа жіберуді ЖОО құратын дербес бөлу жөніндегі комиссиялар, сондай-ақ медициналық мамандықтар түлектері үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Комиссия өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмысты өтеу міндетінен босатады.
- жұбайы тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаса;
- I және II топтағы мүгедектер;
- магистратураға, резидентураға, докторантураға оқуға түсе;
- жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар, сондай-ақ оны жалғыз тәрбиелеп отырған адамдар.
Азаматтар жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындамаса оларды оқытуға арналған шығыстар білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – Қаржы орталығы арқылы бюджетке өтеледі.
"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейін объективті бағалау мақсатында 2015 жылдан бастап Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы түлектерге міндетті зейнетақы аударымдарының түсуі арқылы деректерді салыстырып тексеру жолымен тиісті мониторинг жүргізіледі", – дейді Білім министрлігі.
Оқи отырыңыз: Жастар мамандық таңдауда психолог көмегіне жүгінеді
2021 жылы GorodRabot.kz. бос жұмыс орындарын іздеу жүйесі сауалнама жүргізген. Ата-аналардың көпшілігі балаларының бизнес бастағанын, қаржылық жағынан тəуелсіз болғанын немесе IT, медицина, мемлекеттік қызмет, білім беру жəне қаржы саласында жұмыс істегенін
қалайды. Оқушылар мамандық таңдау кезінде көп жағдайда ата-анасының кеңесіне құлақ түреді. Адамдардың көпшілігі мамандық бойынша жұмыс істемейді, өз əлеуетін толық іске асыра алмайды, соңында олар моральдық жағынан зардап шегеді жəне бұл жағдайда қоғамға зиян келеді.
"Мектепте, әсіресе жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағыттау жұмысын күшейтуіміз керек. Қанша жамандасақ та, Кеңес одағында кәсіптік бағыт беру мықты жүйелі түрде ұйымдастырылды. Үйірмелер, кинематограф, жазушылар, ақындар – бәрі балаларды, жоғары сынып оқушыларын техникалық салада жұмыс істеп, еңбек адамы болуға баулыды. Қазір, өкінішке қарай, кәсіптік бағыттау жүйесіз болып отыр. Балаларымыз көбінесе гуманитарлық бағытқа, өздері білмеген немесе ата-анасының кеңесімен басқа мамандықтарға кетіп қалады. Қазіргі таңда орта мектеп деңгейінде балаларға, жоғары сынып оқушыларына толыққанды ақпарат жеткіліксіз. Оларға толыққанды ақпарат бере алмай жатырмыз, кәсіптік бағыттау жұмыстары жүйесіз, кешенді емес. Осыны қолға алу керек", – деді Парламент Мәжілісінің депутаты, BTS Education компаниясының бұрынғы жетекшісі Саясат Нұрбек.
Оқушылар нені қалайды?
Informburo тілшісі орта мектеп, гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейінде білім алатын оқушылар арасында кәсіптік бағдар беруге қатысты сауалнама жүргізді. Оқушылардың 63,7% мектепте кәсіптік бағдарлауға қатысты, яғни мамандық таңдауға көмектесетін іс-шаралар өткізілмейді деп көрсеткен. Респонденттердің тең жартысы мектеп қабырғасында кәсіптік бағдар беру пәні енгізілуі керек деп есептейді.
Сонымен бірге, таланттарын дамытатын шаралар, профориентатормен жеке кездесу, әртүрлі мамандық иесімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, қосымша сабақтар, оқушының қызығушылы бойынша пәндерді оқыту, кәсіпорындарға барып олардың жұмысымен танысу секілді іс-шаралар жасалуы керек деп есептейді. Мамандық таңдауға не көмектеседі деген сауалға оқушылар хобби, ата-анаңның қолдауы, қоршаған орта, арман, өз таңдауың, ішкі жан дүниең, кәсіби мамандардың кеңесі мен тәжірибелері, жалақы, қабілет, оқушының профориентатормен ұзақ жұмыс істеуі деп жауап берген.
Материал "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ қолдауымен және "Медиа дамыту қоры" Корпоративтік қорының тапсырысымен "Алматы номад" саяхатшылар клубы жобасының аясында әзірленді.