
Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді, деп хабарлады Ақорда.
– Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңартылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды. Былтыр қабылданған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң осы үрдістерге тың серпін берді. Құжатта ғылымды басқару тәсілдері нақтыланды. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау шаралары айқындалды. Бір сөзбен айтсақ, заңда ғылым жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесі барынша ескерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, университеттер тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруға тиіс. Ал еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.
– Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындармен тығыз байланыс орната бастады. Мысал ретінде Satbayev University зерттеушілерінің жұмысын атап өтуге болады. Университет ғалымдары селен элементін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәтижесінде бір келі селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін компанияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ғылым саласындағы табыстар – мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің айқын көрінісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол болашақта еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру үшін білім мен ғылым интеграциясын күшейту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту сияқты бағыттарға басымдық берілетінін айтты.
Шара соңында Мемлекет басшысы бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттап, олардың еңбегі жас ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.
Сонымен қатар жиында жас ғалымдарға баспана кілті табысталды.