Тікелей эфир

Тоқаев: Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыру – бәрімізге ортақ міндет

"Түркі әлемінің келешегі – 2040" атты құжат бекітілген болатын.

Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті басталды. Саммит кезінде мемлекет басшысы бауырластыққа негізделген бірлікті сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау басты міндет екеніне тоқталды. 

"Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. "Түркі әлемінің келешегі – 2040" атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау", – деді мемлекет басшысы. 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі 

Сондай-ақ ол түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отырғанына тоқталды. 

"Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет", – деп қосты президент. 


Оқи отырыңыз: "Достарға сене алу өте бағалы". Макрон желідегі парақшасында қазақша жазды


Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны биылғы мерейтойымен құттықтады. 

"Ең алдымен, бауырым Реджеп Тайип Ердоған мырзаға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды. Сондай-ақ қадірлі Ильхам Гейдароғлы Әлиев мырзаны және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын! Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты", – деді президент. 

Сонымен қатар, Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті, құрметті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғыс айтты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары