Тікелей эфир

Тоқаев: Мемлекеттердің мәселені зорлық-зомбылық, лаңкестік арқылы шешуі мүлдем дұрыс емес

Президент Түркі мемлекеттерінің стандарттары мен терминологиясын жүйелеу керектігін айтты.

Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде мемлекет басшысы түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды екенін айтты.

"Екінші басымдық – біріздендіру жұмысы (Unification). Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Біз мемлекеттеріміздің стандарттары және терминологиясын жүйелеген жөн деп санаймыз. Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елдердің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтайтынын айтты. 

"Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құрған жөн деп санаймын. Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыру – бәрімізге ортақ міндет


Мұнымен қатар, президент медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе екеніне тоқталды. Қазір айналада күрделі ахуал қалыптасып отыр.

"Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым.

Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды", – деді мемлекет басшысы. 

Серіктестер жаңалықтары